Әйгілі Гэтсби vs Мартин Иден


-  Менің сүйікті кітабым – “Әйгілі Гэтсби”

-  Неге?

-  Ол сүйген жары үшін ақылға сыймайтын биіктіктерге қол жеткізген нағыз ер...

Бір апта бойы түрлі емтихандар мен үй жұмысы тапсырмаларынан жалыққан мен досымды өзіммен бірге ерітіп қыдыруға шықтым. Сол кеш менің сөйлесуге жағымды бірнеше адаммен танысуымен ерекшеленді. Бірі менің Отанымда бүкіліне танымал үлкен компанияларда жұмыс істейді, бірі мен сияқты сабақ оқудан жалыққан студент. Қайткенмен де, менің бұл жаңа таныстарымның бәрі кез келген тақырыпқа қызық сұхбат жүргізе біледі екен. Спорт, саясат, өнер, кино, тіпті ойын саласы. Бірақ, менің жасымдағы студент қызбен кітаптар жайлы жүргізген әңгімем есімнен шыға коймады. Иә, жоғарыда келтірілген кішкентай диалог үлгісі сол қызбен өткізілді. Сұхбатымыздың ортасында, бұл қыздың әйгілі Джей Гэтсбиді өзінің кумиры ретінде жақсы көретіні екендігі белгілі болды. Айтқан сөздерін тыңдасаңыз, құрметті оқырман, өзіңіз де Фрэнсис Скотт Фицджеральдтың “нағыз ер” ретінде қарастырған кейіпкеріне сұхбаттың соңына қарай ғашық болып қалар едіңіз, шын айтамын. Мен өзімнің оқыған кітап санымен мақтана алмаспын, дегенмен бұл романмен бірнеше жыл бұрын танысқанмын. Бұл кейіпкерді бірнеше минут бойы мақтауынан кейін, менің: “ал мен Гэтсбиді нағыз ер ретінде танымаймын” деген сөздерімнен кейін аузын ашып, таң қалды. Бір бірімізге өз аргументтерімізді қайта-қайта айтып, екеуміз дауласа бастадық.

Жоқ, мен Гэтсбиді, әрине, құрметтеймін, бірақ одан да асқан басқа кейіпкерлер бар ғой. Мысалға, Джек Лондонның “Мартин Иден” атты романымен кім таныс? Менің ойымша, Иден Гэтсбиге қарағанда ұлы мақтауға лайық. Неге? Мартин Иден жылдар бойы су бетінде жүзетін жай ғана білімсіз теңізші. Оның жақсы көретін ісінің бірі – кітап оқу. Бірақ, теңізшіге кітап оқу қайда – колында тек қана қайта-қайта оқылатын бір-екі кітап. Тағдыр арқасында жоғарғы қоғам өкілінің бірін өлімнен сақтап, оның қарындасы Руфь Морзға ғашық болып қалады. Иден өзінің жүрегі тандаған жарына лайық емес екендігін, яғни олардың екі түрлі қоғам өкілдері екендігін жақсы біледі. Соңдықтан, өзінің алдына Руфтің деңгейіне жетемін деген мақсат қояды, және өзінің мақсатына қол жеткізетіні жайлы күнде ойлайды. Мартин газет-журнал баспалары жазушылардың материалдары үшін үлкен ақша төлейтіні жайлы естіп, жазушы мансабын жасауға тырыса бастайды. Күніне тек қана 4-5 сағаттан ұйықтап, барлық бос уақытын өзінің мақсатын жүзеге асыруына жұмсайды. Көптеген кітаптардың арқасында, Мартин Иденнің өмірге деген көз-қарасы бірте-бірте өзгере бастайды.

Кейіпкер сыйпатында ең қызығы : оның жасы тек қана жиырма бірде; денесі алып, қара жұмысқа шыныққан; жүрісі бала кезінен теңіз толқынына үйренген, яғни қадам басқан сайын жан-жаққа шайқалады.

Мартин Иден романына қатысты менің ойымда жатталып қалған үзінді: “Была одна строчка, на которую неделю назад он бы и внимания не обратил: «Без памяти влюбленный, он умереть готов за поцелуй», а теперь она не шла у него из головы.”

Айтайын дегенім, бұл екі роман, менің ойымша, қандай да бір дәрежеде “үздік туындылар”. Мартин Иден жайлы жазғаным аз, себебі келешекте бұл романды оқимын деген адамның көңіл-күйін түсірмейін деген ойда болдым. 



Бөлісу: