Бренд пен трендтен айрылғың келмесе, келесі буынға ауыс
Адамдар дүниедегі, технологиядағы өзгерістерге ілесе алмай қалып жатыр. Осыдан 5 жыл ғана бұрын шыққан iPhone-ның алғашқысы қазір «қол сүртуге» де жарамайды.
Ол ол ма, кеше ғана ең креатив, озық, хай-тек, инноватор, бренд, тағы қай сөзіңіз бар, сондай бір сәнге ілескендердің қатарынан табылған iPhone 4-тің иелері енді қатардағылардың бірі болып қалды. Қазіргі сән, тренд – iPhone 5.
Ендігі бұрынғысы өзінің қызметін өтеп болмаса да, ешбір жеріне зақым келмесе де, ең бастысы, байланыс орнатушы қабілеті болса да, «төртіншінің» иелерінің басымы өздерінің ұялыларын «бесіншіге» ауыстыруға асық/
Ал iPhone 4 алсам деп жүргендер тағы үстінен қаржы қосып, жаңа инновацияға ілеспек болып әлек.
Сөз еткіміз келіп отырғаны, телефония, жалпы өндіруші саладағы күрт ауысатын технологиялық мүмкіндіктер туралы ғана емес. Сөз – өзгерістердің едел-жедел, бірін-бірі басып озарлықтай болып ауысып жатқандынында және оның себебі мен салдарларында.
Асылында, бұл процестің тоқтауы жоқ. «Бесіншілер» «алтыншы» шықса, соны алуға, «алтыншылар», «жетінші» пайда болғанда, соған ие болуға тырысатын субмәдениет пайда болды.
Мұндай асығыстық не үшін керек болды?
Кредиттік процентке құрылған, іскерлік қарым-қатынастардың проценттік өсімдермен қабысқан әлемдік экономика жағдайында, мемлекеттердің, топтардың, корпорациялардың, әулеттер, отбасылар, ең ақыры жекелеген адамдардың қарыздары артып барады.
Бұл қарыздардың табиғаты сол, бұлар қазіргідей жүйеде әсте төмендемейді, керісінше, өсіп барады. Қазақстанның соңғы жиырма жылдықтағы экономикалық жетістіктерін сөз етеміз, алайда, сыртқы қарызымыз 2011 жылдың есебі бойынша, 124 185 900 000 доллар болғанына, осылайша, бай Қазақстан әлемде қарызы бойынша 36-шы елге айналғанына Марченко жауап беруге құлықты емес.
Ұлттық банк «бұл қарыздың 6%-ы ғана мемлекеттікі, 15%-ы банктердікі, қалған негізгі бөлігі фирмааралық қарыздар» деп жұбатқысы келсе де, одан сыртқы қарызымыз азайып кетпейді.
Және енді бұл қарыз артпаса, кемуі өте-мөте қиын. Оған да көнбістік танытып қоя салғанның өзінде мемлекеттің өзіне тиесілі деп көрсетілген 6 пайыздың өзі аз ақша емес. Мол мұнайы, Мәсімовтей мықты менеджері болған, қаптаған қазба байлығы бар мемлекет өзінің 20 жылдығында неге 7 451 154 000 доллар қарызынан құтылып тастамады?
Экономикалық ішкі жалпы өнімі жан басына шаққанда 2002 жылмен салыстырғанда 650 %-ға артып, 2011 жылы 1 650 741 теңгені құраған Қазақстан 2012 жылдың күнтізбесі ілініп тұрған қазірдің өзінде Парламент депутаттарының ратификацияларға дауыс беруімен кейбіреуі бізге бір тиынға да қажеті жоқ шетелдік техникалық, әлеуметтік т.б. «көмектерді» неге алып жатыр?
Өйткені, бір қарыз құрдымына кірдің екен, одан шығуың қиын, екіншіден, сыртқы күштерге біздің қарызға батқанымыз тиімді. Әңгіменің ауаны қарызға барып тіреліп жатқаны жай емес.
iPhone 5 – көптің бірі ғана
Әлемде күн сайын тауарлардың 13 000-ға жуық, 13 000-нан аса ассортименті шығады. 21 қыркүйектен сатылымға шыққан iPhone 5 сол 13000-ға жуықтың бірі ғана. Бұл дегеніңіз – қазіргі нарықта тауарлардың эквивалентті саны өте молайып барады деген сөз. Бір реттік қолданыстағы тауарлардың да көбейгені сол.
Әлемнің қарызға белшеден батқаны, әрбір тындырылған тірліктің алдында процентке алынған қарыздардың бары айтылды. Яғни, енді инноваторлар мен маркетологтарға, қаржыгерлер мен менеджерлерге өздерінің қарыздарынан құтылу үшін өз тауарларын өте жылдам өзгертуіне тура келеді, осыған күш салады. Және мұнда айтулы қулықтар, маркетингтік қақпандар бар. Әйтпесе, қарыздан құтылу қиын, тауардың өтуі ауыр.
Айталық, біз мысал еткен iPhone соңғы нұсқасына енгізілген ерекшеліктерді, айталық, салмағын 140 грамнан 112 грамға түсіру мүмкіндігі төрт эстің өзінде мүмкін еді. Бірақ бірден олай етуге болмайды! Немесе жады жетіспеушілік синдромы басталған қазір ең үлкені 64GB емес, 128 Gb немесе одан да жоғары етудің жағдайы жоқ емес, бар ғой...
Мұндай жаңалықтардың бәрін қазірден енгізіп қойса, келесі буынға не қалады? Болмаса iPhone4S-тің өзінде екі ядролық оперативті жадыны орнатуға не кедергі болды? Бір 512 МВ орнатуға ашылған жаңалық қос-қостан орнатуға келгенде тосылып қалып па?
Тағы бір деталі - телефон камерасындағы пиксельдердің саны 8 МП деңгейінде қалды. Бұл брендтің стихиясына ұқсай ма осы өлшем? Жоқ, өйткені ол келесі буын үшін, келесі буынның тауарын өткізу үшін керек детальдар.
Енгізілген жаңалықтың бірі – Lightning атауын алған док-станция (разъем). Алайда, ол көптеген бейне және аудиокодектерді оқымайды. Қара да тұрыңыз, келесі буында бұл «проблема» шешілген болып шыға келеді. Сосын, кейбір кодектермен жұмыс істей алмайтын құрылғы иелері келесіге ауысуға тиісті болады.
Салыстыру
iPhone5
iPhone4S
Өлшемі
123.8 x 58.6 x 7.6 мм
115.2 x 58.6 x 9.3 мм
Салмағы
112 г
140 г
Операциялық жүйе
Apple iOS 6
iOS 5
Орталық процессор
Apple A6 екі ядро, 1,3 ГГц
Apple A5, 800МгЦ
Оперативті жады
2x 512 MB 533 MHz LP-DDR2 SDRAM
512MB
Енгізу құрылғысы
микрофон, сенсорлы экран, 5 перне, ориентация датчигі, компас
4 перне, қосып-өшіруші,
микрофон, сенсорлы экран, ориентация датчигі,
Экран
4" дюйм, IPS Retina display 1136x640 пиксель, 326 ppi контраст 800:1, ашықтығы 500 кд/м2
3,5 дюйма (89 мм), 1,5:1 LED backlit, IPS TFT LCD
Retina Display
640×960 с 326 ppi (0,61 мегапиксель), контраст 800:1
ашықтығы 500 нт
Алдыңғы камера
1,2 МП FaceTime, 720p
0,3 МП (VGA) 30 FPS (480p)
*Уикипедия ақпараты
Айтқымыз келгені
Біздің қарызға бату мен айфоншы атану туралы мысалымыз аса үйлеспей де тұрған шығар. Әйтсе де, қазіргі менеджмент, маркетинг дәл осындай «өз тауарың кәдеден шықпай жатып, келесі жаңасына ауыстыруың керек» деген кредоға құрылған. Тұтынушыны соншалықты неге асықтырады екен дегенде өндірушілердің өздерінің басында қара бұлт үйріліп тұр. Қарыз бұлты.
Экономика сала-саласында көп жылдардан бері қалыптасып қалған жалған ұғымдар мен жалған түсініктер бар. Солардың бірі – кредит өркениеттің жетістігі, ол экономиканың қозғаушы күші деген жексұрын ұғым.
Расында, осы қарыздар құдығының әсерінен әлемдегі нақты экономикадағы ақша-тауар айналымы қазір тоқтауға айналды. Өзара алысып берісіп жатқан, ортада жүрген ақша – қарызға қаныққан ақша.
Сондай-ақ, осыған дейін экономиканың қозғаушы күші саналып келген диверсификация, яки экономиканы әртараптандыру да қазір экономиканы өрістетудің нақты жол-шешімі болмай қалды. Өйткені әлем өндірушілері қарыздан құтыламыз деп, тауарымызды өткіземіз деп нарықты тауарға бөгіп тастады.
Енді не істейміз?
дегенде, тауарыңызды жарамдылығы аяқталмастан бұрын, тренд-брендке ілесіп ауыстыруға асықпаңыз. Бұл – біздің пайым ғана.
Ал ең бастысы, кредит алмаңызшы. Бұл – Отанымыздың әлеуетін арттыруға қосқан ең үлкен үлесіңіз болар еді.
Дінмұхаммед ЕСЕНБАЙ