«Әйелдің жанын әйел ғана түсінеді», - дейді автор. Келісемін, себебі табиғаты бір. Көктемнің алғашқы бәйшешегіндей қыстан қалған соңғы сіреу мұзды жарып та шыға алады, жапырағы қуарған емендей сарғайып күте де алады, күздің қоңыр салқынын жаздың жайдары күніне айналдыра да алады. Өйткені әйелде бір емес, қырық шырақ бар. Француздар: «Әйел еш нәрседен үш нәрсе жасай алады: жанжал, қалпақша және салат»,- дейді. Сонымен қатар әйел әлемдегі ең басты нәрсе отбасының бақытын жасайды. Ал бақытты жасау үшін не керек, бақыт деген не, әйел бақытының кілті неде екенін білгіңіз келе ме, онда дәл осы кітап сіздің жолсерігіңіз болатынына сенімдімін. Ендеше, кітапты оқи отырып, мен қандай ойға келдім, осыған тоқталайын:
1.Өзіңді тану жолының алғашқы қадамдары. Неге өмірде қателесеміз? Неге өмірді сүймейміз? Неліктен басқа әйелге қызғанышпен қараймыз? Неге өзімізді бақытсыз сезінеміз? Бітпейтін неге... Себебі біз өзімізді танымаймыз. Өзімізді кемсітеміз, айнадағы «менге» қарауға қорқамыз. Осылайша өзімізден-өзіміз өмір бойы қашып, ақыры «мен бақытсызбын» дейміз. Ал бақыт неден басталатынын білгіңіз келе ме? Бақыт өзіңді танудан, өзіңді бар қалпыңмен қабылдаудан басталады.
2.Ару ғұмырдан әйел ғұмырға дейінгі қателіктер. «Ай бетінде де дақ бар» демекші, ешкім бұл өмірде идеал емес. Қателіксіз пенде болмайды, оны бәріміз жақсы білеміз. Бірақ қателіктің барлығы тек жасалған іспен шектелмейді, айтылған сөзде де, берілген ТӘРБИЕДЕ де ақау болуы мүмкін. Ал ақауы бар дүние ертеңгі күні бұзылады. Сондықтан «жарамсыз» стереотиптерді ысырып, орнын «modern қырық үйден тыюмен» алмастыру керек.
3.Ұлттық менталитет. Кітаптың басты ерекшелігі де мен үшін осы болды. Біз көп жағдайда психологиялық кітаптар оқитын кезде ең алдымен шет елдік жазушыларға жүгінеміз. Өйткені өзімізде аз. Бірақ әлемдік психологиядан үлгі алар кезде менталитет мәселесіне де көңіл бөлген абзал. Мәселен, кактус гүлі ыстық, шөлейт жерде еш қиындықсыз тіршілік ете алады. Сол кактусқа Антрактиданы көрсетемін деп сол жаққа отырғызып қойсақ, бір минут та тірлік ете алмасы сөзсіз. Себебі суық – ол үшін жат, таныс емес дүние. Шет елдік психологияны оқу керек, үлгі алу керек. Бірақ өзіңіздің дүниетанымыңызға, ұлттық танымға мән бере отырып алу қажет. Сол кезде ғана кітаптың сізге берері мол болмақ. Сондықтан да мен үшін бірінші көзге іліккен артықшылық – ұлттық бояу болды.
4.Қуанасыз, күлесіз, жылайсыз... Иә, кітапты оқу барысында түрлі сезімдерді бастан өткересіз. Хаттарды оқи отырып кейіпкермен бірге жылайсыз, кейбір тұсынан өзіңізді көріп күлесіз, бақытқа қол жеткізгендерді көріп қуанасыз. Кей тұста автор үніне қосылып, ақыл айтасыз, кейбіріне «естімеген елде көп» деп, таң қаласыз. Қысқасы, әрбір хат иесімен сіз де тілдесесіз.
Ендігі кезекте автордың #әйелдернедид хэштегін #мендеймін хэштегімен жалғасытырғым келеді. Адам өмірі бір арнада тұрмайтын өзен секілді. Ол үнемі өзгерісте, даму үстінде болады. Өмір – фортепиано сияқты, ақ пернелер+қара пернелер = нағыз өмір әуені. Бұл – өміріміздің формуласы. Ал бақыттың әуенін есту үшін қандай пернелер керек? Қандай ноталарды қолданып, қайсысын алып тастау керек? Меніңше, ондай композиция әлі жазылып, қағаз бетіне түскен жоқ. Өйткені әрбір адам өзіндік бақыт композициясының авторы. Шығарушы да, ойнаушы да, айтушы да – өзі. Біз көбіне өзгенің әуенін тыңдағанды жақсы көреміз, сол сияқты өзгенің бақытына қызығамыз, бірақ өзіміздікін жазуға қорқамыз. Бақыттың есігін біреу ашып беретіндей сыртынан сығалаймыз, ұзақ уақыт оның кілтін іздейміз. Алайда бақыттың есігі үнемі ашық тұратынын және өте жақын екенін байқамаймыз... Ал бақыттың есігі – жүректе екенін білесіз бе? Оны айналадан емес, өзіңнен іздеу керек!
«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді». Әйел бақытсыз болса, әлем де, тербелген бесік те бақытсыз. «Бақыт құсы әрбіріңнің басыңа қонады. Тек оны ұстап қалу – өз қолыңда» деп баяғыда ұстазым айтып еді. Қазір бұның астарында «бақыт – сенің қолыңда» деген ұғымның жатқанын байқаймын. Бірақ бақыт құсы көктен ұшып келетін, не болмаса алақанымзға сап етіп түсе салатын армандағы дүние емес. Бақыт құсы әркімнің жүрек ұясында мекендейді. Ұяның есігін ашып, бақытқа бөленесіз бе, жоқ әлде оны өмір бақи торда ұстайсыз ба – ол жағы өз еркіңізде. «Махаббатта бір-ақ формула бар, ол – тұрақтылық» дегендей, бақыт құсы да тұрақтылықты жақсы көреді. Өзіңізді сыйлаңыз, жақсы көріңіз, әрбір іске адамгершілікпен қараңыз, сонда бақыт құсы сізде мәңгі тұрақтайды.
Алла әр пендені өз несібесімен жаратты. Сол несібенің ішінде бақыт та бар. Халық «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деп, бармақтай ғана бақтыт таудай талаптан жоғары қояды. Кейде сол бармақтай бақты бағаламай, «әйел бақытына» жету жолында кедергілерге кезігеміз. Ондай кедергілердің кейбірін жасайтын тағы да өзіміз...Солардың бірнешеуіне тоқталып көрейік:
-Қалыспауым керек. Әйелдің бақытын бұзатын көп жағдайда қызғаныш. Өзге әйелдің бақытын қызғану, жетістігін көре алмау, «неге мен сондай емеспін» деген ой жақысылыққа апармайды. Қызғаныштың өртіне өзіңізді де, бақытыңызды да өртеп жібересіз. Жалпы, қызғаныш әйелдің табиғатынан тыс дүние емес, тек оны құрықтай білу қажет. Сіз оны билемесеңіз, ол сізді билейді, осыны есте ұстаңыз! Қызғанышқа жіберетін күш-қуаттың арнасын бұрып, мейірім мекеніне жіберіңіз!
-Мұз ханшайымы немесе тастан қатты ханым. Бұл теңеудің астарында қандай мағына жатқанын айтпай-ақ түсініп тұрған шығарсыз?) Иә, мейірімсіздік. Бұл қасиет әйел болмысына жараспайды, орыстар айтпақшы «не к лицу!». Мейірімсіздік көңілді мұзға, жүректі тасқа айналдырады. Ал оның есігін бақыт та, басқа жан да қақпайды. Әлемге жылу тарататын – мейірімге толы жүрек. Әйелдің мақсаты ұрпақ тарату ғана емес, ең алдымен мейірім тарату. Осы бір тұста мына әпсанаға тоқталғым келіп тұр: «Бағзы бір заманда үш апалы-сіңлі өмір сүріпті. Біріншісі өте жалқау, екіншісі тым қатал, ал үшіншісі қолынан келмейтіні жоқ пысық болған екен. Күндердің күнінде үйлеріне бейтаныс әйел келіп өзінің «тағдыр» екендігін айтып, енді қыздардың тұрмысқа шығатын кезі келгенін хабарлайды. Барлығы бірге арбаға отырып, бір ауылға келеді. Байқап қараса, ен далада тынбай тірлік етіп жатқан бейнетқор жігіт жүр екен. Бірінші қызды осы жігітке қосып кетеді. Келесі ауылға келсе, тірі жанға зияны жоқ мейірімді жігітті көреді, екінші қызды осы жігітке қалдырып кетеді. Үшінші ауылға келіп, үсті-басы кір-қожалақ, үйі де лас жігітке кезігеді. Тағдыр соңғы қызды осында қалдырмақ болады. Бұған наразы болған қыз былай дейді: «Әпкелеріме керемет жігіттерді кезіктіріп, маған неге мынаны тауып бердің, бұл менің теңім емес қой, мен өзім жақсымын, қолымнан бәрі келеді емес пе?!». Сонда тағдыр күрсініп, былай деп жауап береді: «Қарағым, сенің ебедейсіз әпкелерің әлгі жігіттермен өмір иіріміне қосылып, бақытты болады. Бірақ мына жігіт сенсіз құрып кетеді». Осы әпсанадан не түйдіңіз? Алла әйелге ақылды артығырақ етіп берді. Өзін ғана ойласын, өз пайдасына жаратсын деп емес, өзгеге де қол ұшын берсін, мейірмін төксін деп берді. Біреуге көмек қолын созған кезде өзіңізді де бақытты сезінесіз ғой?! Сол сияқты әпсанадағы үшінші қыз да өзінің мейірімі мен махаббатын бөлісіп, нағыз бақытына қол жеткізбек. Себебі бақыт аяқ-астынан келе салатын алып-ұшпа дүние емес. Демек бақыт та, махаббат та мейрімінен бастау алады. Бет-әлпетті опа-далаппен әрлегендей жүректі де мейіріммен нұрландырайық!
-Өзіме қаратып аламын. Біз балаға ас бергенде кішкентай кезінен бастап «алдыңдағыны же», «өзгенің алдына қол созба» деп үйретеміз. Неліктен? Өйткені басқаның несібесіне қол созу – әдепсіздік екенін айтамыз. Өзгенің сыбағасына қол созған түбі өзі тамақсыз қалады. Өмір болған соң, әр түрлі жағдай болады, білемін, түсінемін. Сынамаймын, ақыл айтпаймын... «Өзгенің бақытсыздығынан өз бақытыңды құра алмайсың» деп М.Әуезов айтқандай, бақытқа жету жолында теріс қадамдардан аулақ болыңыз дегім келеді! Бүгін бір отбасының шаңырағын шайқалтқан әйел, ертеңгі күні бір мемлекеттің іргесін бұзады! Сізден көрген өнегені сіздің ұрпағыңыз қайталайды – осыны ұмытпаңыз! Әйгілі американдық С.Харви өзінің «Поступай как женщина, думай как мужчина» деген бестселлерінде былай дейді: «Представьте себе, если б каждая женщина говорила: «Ты женат – я не могу сделать это с тобой». Знаете, сколько браков и отношений было бы сохранено на сегодня?» Сол үшін кез келген іске барар алдында ойланыңыз!
-Сенімсіздік. Сіз бақытты бола алатыныңызға сенбесеңіз, бақытты болмайсыз да! Бақыт – сізде, өзіңізде, осыған сеніңіз! Жер бетіндегі әйелдер сенімнің қаншалықты күшті құрал екенін түсінсе, әлемде әдемілік пен махаббат көбейер еді. Әдемі әйелдердің барлығын бірдей бақытты деуге болмас, бірақ бақытты әйелдердің барлығы әдемі! Себебі бақытты әйел өзінің бақытына да, әдемілігіне де нық сенімді. Оның өзінен де, көзінен де бақыттың нұры шашырап тұрады. Бақыттың тұтқасын мықтап ұстау үшін осы көлеңке жақтардың барлығын бір арнаға жиып, тұншықтырыңыз! Бақыт жолы – ізденіс жолы деп автор айтса, бақыт жолы сонымен бірге күрес жолы дер едім. Өз-өзіңмен күрес, бақыт үшін күрес және соған жету жолындағы кедергілермен күрес.
Қазақтың классик жазушысы М.Әуезовтың тырнақалды мақаласы «Адамдық негізі – әйел» деп аталады. Осы мақалада автор: «Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел» -, деген. Ал «қарлығаш әулие» атанған Төле би: «Алғаның жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші – ырысыңның тұрағы» деп бекер айтпаған. Себебі ошақтың да, жүректің де жылуын сақтаушы – әйел. Артылар жауапкершіліктің көлеміне қарап «Қыз ауыр ма, түз ауыр ма?» деп, халық та бекер айтпаған.
Сонымен қорытынды пікірге келер болсам, әр адам ашылмаған, зерттелмеген планета іспетті. Зерттеген сайын қызықтыра түседі. Онда ешкімде жоқ қазына да, бақыт та, байлық та – бәрі де бар. Бақыт іздеп жан-жаққа шарқ ұрмастан бұрын өзіңізді зерттеңіз, өзіңізге сеніңіз. Үйреніңіз, үлгі алыңыз. Оқыңыз,ойланыңыз, ғибрат алыңыз. Сіз де өз ойыңызды қосып, автордың пікірін жалғастырыңыз! Әрқашан жүрегіңізді мейірімге толтырып жүріңіз, айналаңызға сол мейіріміді таратыңыз! Сіз бақытты болуға лайықсыз! Кітаптың басында Л.Сұлтанқызы пролог ретінде «Әлемдегі миллиард әйелдің көз жасын жинаса, бесінші мұхит пайда болар еді...» десе, эпилог ретінде мен «Әлемдегі миллиард әйелдің күлкісі мен мейірімін жинаса, екінші күн пайда болар еді...» деп қорытындылағым келеді.
Сурет: icaut.com