Әйелге рақмет!
блог
Байқоңырда тұратынбыз. Мамам інімді алып, бір аптадайға ауылға кетті. Мен - сабақта, әкем жұмыста болғандықтан, қалдық.
Өмір басталды! )
«Просто Марияны» күнде қарайтын болдым. Мама бірінші сабақ оқуымды қадағалайтын ғой )
Папа тамақты «мынауский» дайындайды, о жағы ойдағыдай. Бірақ... Қайта ол кезде шашым өте қысқа болатын, өріп әуре боп жатпайды - бес саусақпен «тарай» салады.
Бір күні сабаққа шығарып салып жатқанда қас қағым сәтте есік тарс жабылып, қолымды қысып қалмай ма? Еңіредім. Үйден әйтеуір дегенде дәке тауып, байлап, ары қарай сабаққа жібере салған ғой
Кешке енді дәкесін ауыстырайын десе, жабысып қалыпты: аааай! Дәке-мәкесімен бірге бас бармағымның тырнағы «кетті» ). ( Білмейтіндерге айтайын: тырнақ астындағы ет «гідір-гідір» болады екен ))).
Келесі бір күні тамның қапталындағы контейнерлерге қоқыс төгуге барған апаның иті қауып алмасы бар ма? Қатты емес, екі-үш тісінің ғана ізі қапты . Апаның алдап-сулағанына көніппін де, сабаққа кете беріппін. Не деген білімқұштарлық десеңші? )
Дәл сол күні екені анық есімде ( емес те шығар ), қақпа алдынан бір апай қарсы алып: «Бүгін сабақ болмайды, қайта бер» деген. Папа «сменмен» жұмыс істейді ғой, құдай біледі, мені жексенбі күні сабаққа жіберуі де мүмкін ).
... Сөйтіп, апта да өтті. Маған айға созылғандай. Папа тіпті жыл өмір сүріп тастаған шығар )
Маманы шашым ұйпа-тұйпа, тырнақсыз, ит қапқан аяқпен қарсы алдым. Әкем екі бастан әбіржіп кеткен.
Солай, қадірлім!