Әйелдердің жеңісі...

Неғыламын?!

Жауын жауа салмайды жер егін деп,

Талпынбаймын ерді деп елегім кеп...

Жүрегімді қинаудан қорқақтаймын, 

Енді маған түкке де керегің жоқ!

 

Бізге салса сіз ғана жаман атсыз...

Ұзасаң атандырар "аманат қыз",

Сезімімді сұрайтын астарлай кеп,

Құлқыныңа болайын қанағатсыз?!

 

Арамызда едәуір сызық тұрып,

Жүресіз достарыңды қызықтырып...

Құтылам деп жасаған құйтырқылау ,

Түк те әсер етпеді-ау бұзық қылық.

 

Сендел мейлі, іздесін сері бағын,

Тұрған шығар шекемде теңірағым,

Маңдайыма жазылғаны бөтен болса,

Жолымда жортқандарды неғыламын?!

Әйелдердің жеңісі

Ауыл малын қатыны көп жаяды, ә?!

Оған бола жатпас бүйір таяна...

Жалған мақтап:"арманы екен..."-деседі,

Қой бағуды армандады қай ана?!

 

Базардағы сатушылар... дір қаққан...

Дені әйел, сұрқай тағдыр шыңдатқан...

"Бала арманы сауда еді",-дей көрме,

Діңкелетер салмағы бар мың батпан...

 

Ақ жаулықты ана көрем көшеден,

Алақанға арын жайып төсеген...

Қос жанары мөлдірейді тілсіз-ақ,

Еңкейгенде "көгергір",-деп, көсегең...

 

Түртіп түлен дейтіндерге: "құй ұрттам",

Пайымды өмір жез жеңгемді бұйыртқан,

Қала маған сан "жезтырнақ" көрсетті,

Ерлерінің ақылдарын сұйылтқан...

 

Жұдырықты жұтып тұрып, көгеріп,

Міз бақпайтын, еңіреп ап, елеріп...

Әпкелерім анасына ақтайтын,

Сырт айналса:"еткені,-деп егелік"

 

Айырып көр, айтқанымда шындық не?!

Армандарын сатқан тынбас тірлікке,

Ойлануға уақыты жоқ олардың,

"Қаніки?!"-деп, "бұл азапта бір нүкте" 

 

Қатар доспен көше бойлап кезбегем,

Бұл сөз емес, ұялшақ не ез деген...

Жастарында ауылдың бақ болмайтын,

Қарттарының көзқарасын сезбеген...

 

Әркімнің бар өзіне сай ақылы,

Жандарсыңдар, нағыз сендер заты ҰЛЫ!

Күйеуі мен күйбең жеңген әйелдер,

Сендерді өмір жеңе алмайды ақыры...

Мақпал Төребек



Бөлісу: