Қазақ халқында “Жақсы әйел - теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас”, “Әйел- қырық шырақты ”деген сынды даналық сөздер көп. Өмірдің небір қиындықтары мен қатігездіктерін көріп, осы кезге дейін сол қырық жанның қырық жерге шашылатын уақыты болды.
Әйел- біреуді бақытты қылу үшін емес, бақытты болу үшін жаратылған. Өмірге келгенінен бастап әкенің жылуын,аға мен інінің қамқорлығын,ана мен әпкенің ақылын тыңдауы шарт. Сондай махаббатты, сыйластықты сезіне білсе, жаман болмайды. Білім алады,иманын түзейді, дамиды, қоршаған әлемді танып-біледі. Осындай қарым-қатынасты көріп өскеннен соң адаммен араласуға да, жар таңдауға да жеке ойы болады. Жақсы мен жаманды айырады. Көзіне кездескенге, бірінші жазғанға жармаса салмайды. Өз пікірін айтады, имандылығын көреді, білімділігіне көз жеткізеді, сынайды, құндылықтарын біледі, жауапкершілігінің қай шамада екенін аңғарады, жоспары мен мақсатынан хабардар болады, кімдермен араласады, ортасы қандай екенін көреді, анасы, әпке-қарындастарымен қарым-қатынасы қалай екендігіне қарайды. Сол себепті,қыздардың білімді болуы,көзінің ашық, өзін дамытуы, оң мен солды ажырата алуы ең негізгі мәселе.
Қазір әлеуметтік желідегі жаңалықтарды оқуға жүрегің сескенеді. Жақсыға қарағанда жүректі ауыртатыны басым… Сондай жаңалықтардың осы тақырыпты айналып өтпейтіні белгілі.
Бәленің бәрін тик-ток әлеуметтік желісінен көретін болдық қой, бүгіндікке көзіме түскендердің тең жартысы осы тақырыпта болды. Адам өзін қалай жамандыққа қимаса, басқаны да дәл солай жамандыққа, надандыққа лайық көрмейді деп ойлаймын.
Қыздардың, әйелдердің жылауы- ер адамның жауапкершілік ала алмауынан шығады. Әдебі мен мінезі үйлеспейтін, есеймеген, ішкені мен шеккенін, таңға дейін қаңғығанын айтатын мақтанқұмарлардан шығады. Қыздың қадірін білмейтін, аманатқа қиянат жасайтын имансыздардан шығады. Әй дейтін әкесін, қой дейтін шешесін тыңдамайтын, алдындағы әпкесі мен артында өсіп келе жат қарындасына қамқорлық танытпайтын ағасымақтардан шығады. Сондай адамдар біраз жылдан соң бір шаңырақтың “отағасы” болып,төрде отырады. Қызық дерсің…
Біреуге жасаған жамандығыңыз, қиянатыңыз бәрібір өзіңізге қайтып келеді. Ол өзіңіздің басыңызда болатын шығар, мүмкін әпке-қарындасыңның, мүмкін қызыңнын?…
Ойлану керек, көзді ашу керек. Надан болмау керек. Шаңырақ шайқалып, отбасын аяз шарпып, ошақтың оты жылпылдаса- әйел кінәлі дегенді қою керек. Тиісінше тыныштық, береке, шаттық, қамқорлық атаулысы әйелден бастау алады, әйелмен жалғасады. Кейде ер адамның бес- алты сөйлемінен-ақ ақыл-парасаттылығының қай деңгейде екендігін ұғуға болады. Сөзі жөнсіз болса, 2 м алыс жүрген абзал. Қазіргі таңда барлығы дерлік әлеуметтік желіде танысады. Бірақ сол инстаграм желісінде жазып отырып ”сәлем” деген сөздің өзінен қате жіберген адамды қалай жақтайсың? Кейбіреулер әшейін уақыт өткізу,ойын мақсатында жазатын секілді. Кейде тіпті құрбыларына көмек сұрап “жігітім алдап кетті, кредит алып бергенмін, төлемей жүр” деп те жазатын қыздар бар, оларда да ес жоқ. Енді тұрмысқа шығарда жігіттен “бақытты қыласың ба?”-деп емес, “ұрмайсың ба, өлтіріп алмайсың ба?” деп сұрайтын заманға да жеткен шығармыз...
“әйел-қырық жанды”, “қыздың қырық шырағы бар”, “әйел бастаған көш оңбайды” деген мақал-мәтелдерге ашуың келеді.
Таныс адаммен әңгіме барысында: «Ақылды әйел күйеуіне айтар сөзіне шекер қосып, күйеуінің айтқан сөзінің тұзын алып тастайды» -дейді.Мүлдем келіспеймін. Сені ата-анаң жылату үшін өмірге әкелген жоқ. Ақыл-ойың қазан-ошақтың айналасында қалып қоймасыншы !!!