Айдын ТОҚСАНБАЕВА «Қайырымды жандар» қайырымдылық тобының ұйымдастырушысы:«Өмірім бос уақыттың жоқтығымен ұнайды!»

Айдын ТОҚСАНБАЕВА «Қайырымды жандар» қайырымдылық тобының ұйымдастырушысы:«Өмірім бос уақыттың жоқтығымен ұнайды!»
жеке
блог

 

 -          Алғашқы дәстүрлі сұрақ: отбасыңыз, мамандығыңыз бен туып өскен жеріңіз жайлы айтып өтсеңіз...

-          Мен, Айдын Тоқсанбаева, жақсы қызбын!(күлді) 25 жастамын. Жанұямызда бес адамбыз: ол менің асыл әжем, ата-анам, әпкем және мен. Кемертоған ауылында туып-өскенмін.  Қазір жұмыс істемеймін. Бос уақытымды қайырымдылық жұмыстарына арнап жүрмін.

  -          Сізді оқырман «Асыл әже» инстаграм және фейбук парақшаларынан біледі. Әжеңіздің өмірімен желіде бөлісу ойы қалай туды? Әжеңіздің ол туралы пікірі қандай болды? Халықтың қабылдауын қалай елестеттіңіз?

-          Барлығы, шынымен, әжемнен басталды. Біз шетелге өзіміз демалуға барып қайтқанбыз. Әуелде менде ешқандай жариялау туралы ой болмады. Бір күні Фейсбук желісіне кірсем, шетелдің сәнді киім киіп алған үлкен қариялардың суреттерін көріп қалдым. Отандастарымыз осы суреттерге қызығып, қызығушылық сыңай танытқан пікірлер жазыпты. Біз отбасымызбен, апаммен әлемді саяхаттап жүреміз. Осыны көріп мен де өз әжемнің Лондонда, Парижде, Тайландта болған фотосуреттерін желіге салып, «Менің әжем 80 жаста, осы елдерге саяхаттап барып қайтты» деп сипаттама жазып қойдым. Бұндағы ойым – менің апам әр кезде ұлттық нақышта киінеді, осыған орай «міне, қазақтың әжелері» деген ниетпен және әр елдің ұлкен қариялары сол елдің тынысына сай болу керек деп ойладым. Және ең қызығы -  менің апам бір түн ішінде ғаламтор жұлдызына айналды! Бірақ бұл жайлы апама айтқан жоқпын Мен ұйқыдан тұрғанда бұны көріп, қатты таңқалдым. Бұл әлеуметтік желіде үлкен жаңалыққа айналды. Бізді апамызбен түрлі сұхбаттарға шақыра бастады. Содан апама айтып бердім. Бұрын біздің отбасымызда бұндай жағдай болмағандықтан, терең мән беріп қарамадық. Шақырған кездесулерге бара берейік деп шештік. Кейін көшеде халық тани бастады. Осы уақытта апам мен ата-анама түсіндіру қиынға соқты. Апам бұл оқиғаны қабылдамағандықтан, көшеде жолыққан адамдарды менің танысым екен деп сұрап, жағдайды көзімен көріп тұрса да сенбеді. Кейін тележобаларға шақырған уақытта бір-ақ сенді.

-          Айдын, «Эйр Астанада» борт серігі болып қызмет атқарғаныңыз бен «Қайырымды жандар»  еріктілер тобының ұйымдастырушысы екеніңізді білемін. Бұл ұйымды құру идеясы қайдан пайда болды? Әлде бұл көптен армандап жүрген іс пе?

-          «Қайырымды жандар» еріктілер тобы бүгінде, Құдайға шүкір, еліміздің алты қаласында құрылды. Бұның барлығы тәрбиеден деп білемін. Кішкентайымыздан апам, ата-анам жоқшылық болса да беруді үйретті. Бала кезімнен  мұқтаж жандарға көмек қолын созуды көріп өстім. Бұл менің отбасымда қалыптасып қалған қағида еді. Менің отбасым да әр кезеңді басынан өткерді: тоқшылықты да, жоқшылықты да көріп өстім. Кейін  жастарды жай қыдырмай, жақсылық жасап қыдырулары жөнінде пост жазып, осыны жалғастырғым келген болатын. Бірақ, өкінішке орай, менің бұл әрекетімнен ештеңе шықпады. Өйткені мені қолдаушылар аз болды, оқырмандарым да болмады. Кейін апамды ел таныған соң, осының барлығы іске асты. Және мен бұның барлығын бекер емес деп ойлаймын. Шынайы ниет болған соң шығар, Алла өзі қолдап, құдды бір сценарий бойынша дайындап қойғандай бірінен кейін бірінің жолы ашылды. Уақыт өте келе менің бұрынғы жазған постымды оқырманым өзіме қайта жіберіп, «сенде бүгінде оқырмандар көп, осы постты қазір жазсаң, қолдау табасың» деген болатын. Сөйтіп мен тағы пост жазып, соның арқасында осы күнге дейін бір жылдың ішінде  ұйымымыз еліміздің алты қаласында құрылды. Және айта кету керек, басқа құрылған қорларға қарағанда, біздің жай ғана еріктілерден құрылған ұйымымыз үлкен істер, жақсылықтар атқарып жатыр. Біздің бір ерекшелігіміз – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз қанша адам бармыз, соншамыз бір үйдің баласындаймыз! Мен бұл ұйымды жүйесі дұрыс құрылған ұйым деп білемін!

-          Қариялар - елдің, үйдің қазынасы. Әжеңіздің сізге жиі айтатын өсиет-ақылы қандай?

-          Мен өзі апамнан «тентек болма» деген сөзді жиі естимін! Менің ойымша, естіген бір бөлек те, көріп түйген бір бөлек. Отбасымда маған көрсету арқылы үйретті. Ешқашан «осылай жаса» деп ауызбен айтып, қарттар үйіне, балалар үйіне бар деп айтқан емес. Мен бәрін үйдегі үлкендерден көріп өстім. Апамның көрсетіп те, көрсетпей де бергендерінен қайырымдылықтың не екенін біліп өстім. Көмек сұраған жанның қолын қайтармайтынын білемін. Сондықтан әкемнің айтатыны бар «Менің қызым болма, Халықтың қызы бол!» деп. Осы сөз болуы керек қанаттандыратын қанатты сөз! Үйде тағы өзіміздің жиі айтатын нақыл сөзіміз «пайдаң тимесе де, зияның тимесін!» деген.

-          Үлкен ұйыммен жұмыс жасау үлкен жауапкершілікті қажет етеді, сонымен қатар белсенді коммуникативтік қабілетті де талап етеді. Жалпы күш-жігер мен мотивацияны қайдан аласыз? Уақытты тиімді пайдалану жайлы айтып беріңізші.

-          Мен ұйымдастырушылық қабілетті барлығы бар деп айтқанымен, бойымнан байқаған емеспін. Бұның барлығы адамның ниетіне тікелей байланысты екен! Көп адам қызығушылық танытып жатады. Тіпті, кейде осы арқылы танымал болуды ойлайтын адамдарды да кездестірдім. Мақсаты көмектесу емес, танымал болу! Менен көмектесудің жолдарын сұраған жандарға менің ылғи айтатыным: «Көмектесемін деп жоспар құрмай, бірінші қарттар үйіне барыңыздар, қариялардың балаша мөлдіреген көздерін, көздеріндегі мұңын көріңіздер, айта алмай жүрген сырларын тыңдаңыздар, сонда түсінесіздер, балалар үйіндегі күшкентай балалардың жалтақтап қалған көздері мен «алып кетші» деген бірауыз сөзін естіп, не болмаса балалардың аяқкиімі жоқ болған соң сабаққа бармай жүрген мұқтаж отбасылардың жағдайын байқаңыздар» деймін....Осыны көрген соң барып «не істей аламын?»деп ойлану керек.

Менің апам театрға баруды ұнатады. Мен қарияларды көргенде бұл кісілер бізбен бірге театрға барсыншы дедім. Сол уақытта маған «100ата-әже» кешін ұйымдастыруға жүз емес, он қарияны да жинай алмайсың деді. Бірақ мен көндірдім. Барлығын жүрекпен сезіну керек.

-          Ұйымға ерікті спонсорлар бар ма?

-          Әр қалада өз еріктерімен келіп үлкен суммада ақша қосатын қайырымды жандар кездесіп тұрады. 50-200000тг көлемінде қосқан жандар бар. Күнде 6 қалада бірдей жасалып жатқан қайырымдылық іске атсалысу үлкен Бақыт!

-          Қарағанды қаласында ашыласыздар ма?

-          Қарағанды қаласында ашылған болатын, бірақ кейін қайта жабуға тура келді. Бұйыртса, ашылады. Алдағы уақыттың еншісінде.

 

Анкеталық сұрақтар:

-          Адамға ақыл айту жеңіл ме, әлде тыңдау жеңіл ме?Ақылды көп тыңдайсыз ба, әлде көп айтасыз ба?

-          Ақыл айтқан жеңіл шығар... Іс-шара бойынша ақыл айта аламын, бірақ басқа үшін айта алмаймын.

-          Кез келген адам бойындағы сіз үшін ең жоғары тұратын қасиет?

-          Адалдық шығар..Ең керегі – адалдық.

-          Өз бойыңыздағы жақсы қасиетіңіз бен ұнатпайтын қасиетіңіз?

-          Жақсы қасиетім: қарапайымдылық деп ойлаймын. Жаманы: көңілім тез қалады, тез ашуланамын, эмоцияға жақын адаммын.

-          Ең басты қорқынышыңыз?

-          Жақындарымды жоғалтып алудан бөлек, қорқатыным: өмірге белгілі бір бұйрық, мақсатпен келіп, таппай өтемін бе деп қорқамын. Миссиямды орындай алмай кетемін бе деп қорқыныш бар.

-          10-20жылдан соң өзіңізді қалай елестетесіз, қайдан көресіз?

-          Көп балалы отбасы ретінде елестетемін. Балаларыма өмірді іс-әрекетпен көрсеткім келеді.  Және осындай іс-шаралардың басы-қасынан көремін.

-          Махаббатқа сенесіз бе?

-          Сенемін. Махаббат бар. Тек қоршаған орта қиындатып жібереді.

-          Көп ойланасыз ба?

-          Менің өмірім бос уақыттың жоқтығымен ұнайды! Көбіне көлікте ойланамын. Кейбіреулерге көмектесе алмасам, ауыр сөздер айтады. Басқа да өмірлік жағдайларда жылап, жауып тастап, барлығын қайта бастаймын!

-          Бүгінгі сұхбатыңызға үлкен алғыс білдіремін! Аман болыңыз!

 

Сұхбаттасқан Баян Абдикулова