– Айдай, «Қазақстан аруы – 2013» байқауының жеңімпазы атандың. Құттықтаймын! Бірақ есіміңді атағанда қуанғаныңды байқамадық. Әлде жеңетініңді іштей сездің бе?
– Рахмет! Иә, қуанғаным сырттай байқалмағанымен, ішімнен қатты толқып тұрдым. Негізі, мен кішкене күнімнен бері небір байқауларға қатысып, ұтып келемін. Ешқайсысынан сүрінген емеспін. 2008 жылы «Қазақстан аруының» алғашқы ондығына ілінгенмін. Содан кейін «Вице-мисс Алматы» атандым. Одан бұрын «Шымкент аруы» болғанмын. Осы себептен байқаудың жеңімпазы атану – мен үшін үйреншікті жағдай. Бірақ сенесіз бе, есімімді атағанда денемнен бір ауыр жүк түскендей болды. Себебі мен мақсатыма жеттім. Достарым ертеңіне «Сен осыған лайықсың» дегенде іштей жыладым. Түнде емтиханға дайындалып отырып та, «Мен шынымен жеңдім бе?» деп өз-өзіме сенбей, ешкімге көрсетпей жылап алдым. Байқауға келмеймін деген анам сол күні ұшақпен ұшып келді. Соған қарағанда менің жеңетінімді білген сияқты. Себебі анам түсінде аппақ көйлек киіп алған менің ешкім көтеріле алмаған биік баспалдақпен шығып бара жатқанымды көріпті. Көп жағдайда ол кісінің түсі тура келіп жатады. Біз онша мән бермейтін едік. Енді сенетін болдым.
– Жалпы, өзің түске сенесің бе?
– «Вице-мисс Алматы» болмай тұрып бір ғажап түс көрген едім. Мұны әлі еш жерде айтпағанмын. Түсімде тауыс құсын көрдім. Байқауға қатысатын қыздар үлкен автобуста келе жатыр екенбіз. Бір уақытта аспаннан бойы ұзын кісі түсті. Бетін шапанымен жауып алған. Төбесінен нұр шашып тұр. Қасымдағы қызға аю ұстатып, маған бұрылып келіп, тәж киген аппақ тауыс құсын сыйлады. Соның ертеңіне «Вице-мисс Алматы» атанғанымда «Неге «Алматы аруы» болмадым екен?» деп ойладым. Сөйтсем, «Қазақстан аруы – 2013» жеңісі бұйырып тұрыпты ғой (күліп). Адам бір нәрсені ойлай берсе, түбінде сол ойы орындалады деп айтады. Бірақ мен ұтамын деп ойлаған жоқпын. Дегенмен бойымда «Мен бәрінен де күштімін, жеңіп шығамын» деген жігер болды.
Ешқандай қыздармен бәсекелестік болмады
– Дәстүр бойынша саған тәжді былтырғы «Қазақстан аруы – 2012» болған Жазира Нұрымбетова кигізуі керек еді. Бірақ ол сахнаға шықпады. Неліктен олай болды?
– Мұның себебін өзім де білмеймін. «Қазақстан аруының» тәжін Жазира кигізеді деп ойлаған едім... Оның шықпағаны мені ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Көңіліме де тиді. Кейіннен Жазираның өзінен сұрап едім, «Неге кигізбегенімді өзім де білмеймін» деді. Мүмкін, толқып кеткен болар.
– Осы байқауға қатысқан қыздар арасында бәсекелестік бола ма?
– Өз басым ешқандай қыздармен бәсекелес болған жоқпын. Барлығымен тіл табысып, құрбы болып кеттім. Бірақ әр қызбен өзіңді салыстырады екенсің.
– Ал өзің қай жердің тумасы боласың? Неше ағайындысыңдар?
– Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында дүниеге келгенмін. Кейіннен Шымкент қаласына көшіп келдік. Ол кезде мен бір айлық сәби екенмін. Негізі, әкем – Шымкенттен, ал анам – Жамбыл облысының қызы. Екеуі Тараз қаласында бір институтта оқыған. Сол кезде бір-бірімен танысып, табысып, отбасын құрған. Әкем Қуаныш – сәулетші, анам Мая – бастауыш сыныптың мұғалімі. Шымкент медициналық академиясында екі жыл оқып, 3-курста Алматыдағы С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ге ауыстым. Мен үйдің үлкенімін. Екі інім бар.
– Алматыға ауысуыңа не себеп болды?
– Осы жақта білім алғым келетін. Бір жағынан, арман қуып келдім десем де болатын шығар.