Қазақтың тарихында өшпестей із қалдырып, Абай атамыздың есімін баспасөз тарихында да алтын әріптермен бекіткен- “Абай” журналы мың да тоғыз жүз он сегізінші жылдың төртінші ақпанынан бастап Семей қаласында жарық көрген болатын. Журнал редакторлары ретінде қазақтың көрнекті жазушысы Ж.Аймауытов пен ұлы жазушы, қоғам қайраткері М.Әуезов есімдері белгілі.
Негізінен Абай журналына жасалған ауқымды зерттеу жұмыстары некен- саяқ. Деректерді тек қазақ баспасөзін зерттеушілердің жазған еңбектерінен табуға болады.
Журналды жарыққа шығару жайлы шешім 1914 жылы ақынның өмірден өткеніне он жыл болуына байланысты қабылданған болатын. Алайда, әлемді дүр сілкіндірген бірінші дүниежүзілік сұм соғыстың басталуы мен отарлау саясатының сол жылдары белең алуының салдарынан кейінге қалдырылады.
Журналдың атына зер салған көпшілік алғашында бұл басылым Абай атамыздың атын ұлықтап, шығармашылығын насихаттау бағытында шығады деп күткенімен, алғашқы санынан- ақ экономикалық, саяси- әлеуметтік өткір тақырыптарды дүйім жұрттың назарына ұсынды. Бұған дәлел ретінде: “Журналымыз Абайдай болсыншы” деп еліктегендік емес, кемеңгер есімін тарих беттерінде нығайтып қалдыру үшін солай атадық” деп «Журнал туралы» атты алғашқы санындағы мақалада жазып қалдырған сөздерін келтіре аламыз.
Журнал қазақ демократиялық баспасөзі мен Алаш идеясын жақтады. Бұл деректерді Тұрар Рысқұловтың жазып қалдырған «Қазақстан» атты брошюросының бірінші бөліміндегі мақаласы растайды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да Қазан төңкерісі және азамат соғысы жылдары жайлы демократиялық бағыттағы мақалалары жарияланып кейіннен қолды болып үлгерген. Баспасөзге деген қатаң цензура болғандықтан журнал беттеріне талай проблемалық материалдар бүркеншік атпен жарияланды. Тіпті журнал редакторлары М.Әуезов пен Ж. Аймауытов өз материалдары “Екеу” деген бүркеншік есіммен жарық көрген.
«Абай» журналы өз заманында халықтың саяси санасы мен сауатын ашуға өз үлесін айтарлықтай қосқан болатын. Тек айтушы позициясында ғана емес, саяси қозғаушы күш те бола алды. Қазіргі таңда «Абай» журналының сандарын Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорынан таба аламыз.
Бағлан Тұрғанбек
Әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университетінің
студенті