Аяулы адамым

Мен дүние есігін ашқанда ОЛ түгілі өзімді танымайтынмын. Бірақ Жаратқан мені нақ Осы адамның құрсағына салып бергенде-ақ маған шексіз бақытты бұйырған екен...

Тыным таппай жылағанымда ОЛ мені әлдиімен жұбатты, тілім шыға бастағаннан-ақ қиял-ғажайып ертегілер айтып ұйықтатты, сөйтіп қиялымды қияларға самғатты. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күні тақылдап тұрып ертегі, жұмбақ-жаңылтпаштар айтып, мүдірмей оқып, жаза білетініме мақтанып, мұғаліммен қоса бүкіл сыныпты бір өзіме қаратып, таңдай қақтырғаным ОНЫҢ ерен еңбегі еді...

Жақұтқа бергісіз небір аңыз, қисса-дастандарды майын тамызып тұрып баяндап, керемет суреткерлігімен ғажайып әлемге қиялмен саяхаттауды үйретті. Бір айтқан аңызы басқасына мүлдем ұқсамайтын, қайталанбайтын еді. Кейінгі ұрпақ ондай қазынаны ғылыми-зерттеу еңбектерінен де таба алмас, сірә... Барған сайын ОЛ үйрететін дүниелердің салмағы ауырлай берді, маңызы арта түсті: мысалдар жаттатып, ондағы кейіпкерлерді айналамыздағы адамдармен салыстыра түсіндіретін, менің пікірімді де жиі сұрап отыруды ұмытпайтын. ОЛ математикаға жүйрік, есепке шапшаң адам өмірде де жылдам, шалт қимылдайтынын насихаттады, география мен тарихқа да қызығушылығымды оята білді.

Өзі жата-жастана оқыған кітаптарынан үзінді айтып, әдейі қызықтырады, әрі қарай сұрасаң, әдейі: «Ұмытып отырмын қалай аяқталғанын» дей салады. Содан соң тынышталып көр!) Ақыры сол кітапты іздеп жүріп оқимын. Осылайша мені көркем әдебиетке құмар етіп қойды. Өлең жаттағанды, біздерге жаттатқанды ұнатады. ОЛ өлең оқыса құдды өзі шығарған тәрізденіп, тебірене, жан-тәнін береді, тұңғиыққа батырады. Бір ғажабы, өзі сүйіп оқитын өлеңдерінің авторларын, жазылған күнін, шығу тарихын айна-қатесіз біледі. Сөйтіп мені поэзияға ғашық етті...

ОЛ ән айтқанда... үлкен де, кіші де әңгімесін кілт үзіп, құлақ түретін. Гауһартас, Назқоңырларға сызылта салғанда «Неге өнер жолына бармағансыз?» деп таңданбаған адам жоқ шығар. Әннің сазына да, сөзіне де мұқият мән беретін ОЛ жаңадан жақсы ән шықса бірден дәптеріне жазып алып, айтып жүреді. Біздер қонақ болған бір де бір отырыс ОНЫҢ ән айтуынсыз өткен емес. Осылайша маған әнді сүюді, есті әнмен айналасына шуақ шаша алған адам қадірлі болатынын үйретті.

Кішкентайымыздан шаруаға аямай жұмсады, нан илеу, ет сүрлеу біз үшін қарапайым шаруаға айналған. Шаршаған кезімде: «Осы бізді қатты жұмсайсың, қажет кезінде үйренем ғой» десем, бұл шаруалар кезінде өзі жасағандарының қасында ойыншық екенін сабырмен баяндайды. ОЛ басқан киіздер, тоқыған кілемдер өңін берместен әлі жаюлы тұр үйде. Басымызға түскен болмашы қиындықтарды айта бастасам ОЛ өзінің бірде-бір кітаптағы шытырман оқиғалар желісіне бергісіз өмірін әңгімелей бастайды. Кино көргендей әсерде қалам, көзімнен мөлт-мөлт жас тамып, жан-дүнием алай-дүлей күйге түсіп барып, тәубеме келем. Ешқашан өмірден баз кешіп, түңіліп отырғанын көрген емеспін. Күйрегіш, сынғыш болма деп отырады әркез. Осылайша маған ештеңеге қарамастан өмірді сүюді үйретті.

Бой түзей бастаған шағымда жүріс-тұрысымды, үстелде отыруымды, асты қалай ішетініме дейін қадағалай бастады. Соңғы сәнмен болмаса да, жарасымды, үйлесімді, ең бастысы жабық киінуімді, косметиканы жиі қолданбауымды, табиғи түрде күтінуімді қатаң бақылады. Мінезі көркем, жан-жағына қайырымды, сабырын сарқымайтын адам ғана сұлу көрінетінін санама үнемі шегелеп жүрді.

Орнымен сөйлеуді, ер адамдар бар жерде қатты күлмеуді, көсемсіп сөйлемеуді, ашық-шашық отырмауды, айналаға тесіліп қарамауды тапсырады. «Мың жерден ақылды, өнерлі болсаң да ер адам жаратылысынан-ақ сенен жоғары, таласқа түсіп әуре болма, киесі бар» деп отырады.

Шынайы сезім жайлы, махаббатты аялау туралы жиі әңгіме қозғайды. Адал некені қандай бағамен болмасын сақтаудың, жан-жарыңа қолдау көрсетудің, бүкіл әлем қарсы тұрса да оған сенім білдірудің маңызы туралы айтып отыруды ұмытпайды.

Болмашыға өкпелемеуді, қажет кезде үнсіз қалуды, үлкеннің де, кішінің де жанында әрдайым елгезек болуымды қалайды. «Түу, төрде шалқайып отыратын кезде қонаққа барсаң неге шаруасына араласып кетесің?!» деп ұрыссам, «Мен басқаша бола алмаймын, үй иесі үлгермей жатса қалай бей-жай отыра алам?» деп күледі. Мейлі, басқалар оның сол кішіпейілдігін сенімсіздікке, батылсыздыққа, жігерсіздікке балайтын да шығар, бірақ ОЛ солай етсе ғана өзін жақсы сезінеді. Қаншама келіншектер отырса да, кейде құманның құлағы иесіз қалған кездерде «шай құяйын!» деп елп ете қалатын өзімнің бойымдағы ОҒАН тартып тұрған қанды қойсаңшы... Ең болмаса тырнағымның ұшы оныкіне ұқсайтын болса да бақыттымын ғой.

Адал еңбекпен нан табуды, ешқашан тегін нәрсе сұраусыз болмайтынын, маңдай теріңмен тапқан ақың ғана жанға рахат сыйлай алатынын, «Құдай» деген адамды құр қалдырмайтынын айтудан жалықпайды. Жасалған жақсылықтар Құдайдың назарында екеніне, о дүниеде сол игі істер дидарын жарық ететініне сенеді. Осылайша Имандылық деген нәрсенің кісі бойындағы барлық жақсы қасиеттерге кепіл болатынын ұқтырды.

         Оның әр кезде айтқан ақыл-кеңестерін қазір ғаламтор беттерінен үнемі кездестіріп қаламын, демек бір басына бәрі сыйып тұрған энциклопедия болғаны ғой... Бүгін ОСЫНДАЙ асыл қазынамыздың туған күні. ОЛ мен үшін көзі тірі ойшыл, ұлағатты ұстаз, халық ауыз әдебиетін біздерге жеткізуші, музыкалық білім алмаған әнші... нәзіктік пен сұлулықты, кішіпейілділік пен тәкаппарлықты бір бойына жарасымды үйлестіре білген нағыз әйел-ананың символы. «Сенің Анаң сондай сұлу, ақылды, мейірімді. Әншілігі бір төбе!» деген жиі айтылатын мақтауларды тағы көп жылдар бойы естігім келеді. Немере-шөберелеріңнің де осыған көз жеткізгенін қалаймын, ұзаааақ жасашы, МАМА!..



Бөлісу: