"Аялдамадағы ару"...

Соңғы кезде бір жыл бұрын істеген ісім есіме түсетін болып жүр. Соңғы бір жазған блогым солай кетіп еді, бұл жолы да. Ойй мынаның есте сақтау қабілеті сұмдық екен деп ойлап қалмаңыздар. Мүлде олай емес. Жай сәйкестік қана...

Осыдан бір жыл бұрын демалысқа шығып, Шымқаладағы достарымда демалып қайтқан жайым бар-ды. Сол демалыс болғаны болды-ау, бірақ қарбаласып өте шыққан-ды. Достарым Шымқалада фото, видеомен айналысады. Түсіреді, өшіреді, әйтеуір қолда фотоаппарат және камера. Сол болса болды. Ары қарай өңдеуге уақыт табылады...Сол мен барған демалыста аяқ астынан клип түсіретін болдық. Үш күн аздап ақылдасып, барлық құрал-сайманымызды ойдан-қырдан жинап жинап алдық. Бір нәрсе жасап түсірерміз деп ойладық. Бір күнде түсірдік те. Клип көрінісін «қиындатуға» қиялымыз жетпеді емес, жетті. Экшн қылуға дейін бардық... Бірақ әннің ауылынан алыстап кетудің қажеті қанша?!

Ән әйгілі елге «екінші Шәмші» деген атаққа ие болған марқұм Ержан Серікбаевтікі еді. Сөзін Ержанның досы танымал ақын Бақытжан Ауданбаев жазған. Ән «Аялдамадағы ару» деп аталады. Бәлкім біразыңыз білетін де шығарсыздар... Сонымен клип түсіруді бастап кеттік. Мен сол қонақ болып барып, «барып кел, шауып кел» болып шыға келдім. Оған намыстанып отырғаным жоқ. Қайта қуандым. Шымқаланың көптен көрмеген жерлерін көріп қалдым. Клипке әйтеуір бір үлесім тисе болды дедім...Бір күнде түсірген клип біреумізге ұнап, біреумізге ұнамады. Бірақ әлі өңделмеген ғой. Жай көзқарастар ғана. Қыстың күні қысқа. Тез күн де батып кетті. Үлгеріп қалғанша күнмен жарысып жүріп, түсіріп алдық. Ал содан кейін күйбең тіршіліктен бас ала алмай араға бір жыл, бір күн салып өңдеп, тұсаукесерін жасап жібердік. Ааа айтпақшы ұмытып барады екенмін..Орындаушыларды...Бұл әнді орындаған Арыс қаласының талантты «жұлдыздары» «Абзал» тобы. (Өзіміздің таныс жігіттер). Әнші жігіттер Қасымхан мен Құрманғазы да дайындалып келіпті. Топтың атын «Абзал» деп қойғаны басында аса оғаштау көрінген маған. Кейін барып білдім. Алматыдағы Ержан Серікбаевтың концертінде ән айтқанда жүргізуші топтың бұлай аталуының сырын айтты. Сөйтсем «Абзал» Ержан ағамыздың азан шақырып қойған аты екен. Туындыны түсіріп, өңдеген, сол жолда тер төгіп көрермендерге ұсынған – «Жалын production» жігіттері. Нұрлыхан мен Көркембек , клип түсіре беріңдер өркендеп деймін!

Қысқасы осындай хикаясы бар туындымызды назарларыңызға ұсынамын. Өз бағаларыңызды беріңіздер құрметті достар!



Бөлісу: