Ай, заман-ай, заман-ай,
Түсті мынау тұман-ай,
Істің бәрі күмән-ай,
Баспақ-тана жиылып,
Фәни болған заман-ай,
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай.
Азарсың, жұртым, азарсың,
Азарыңның белгісі:
Көлдің суы бітіп, табаны қалар
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар.
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ сапасыздың заманы болар.
Азарсың, жұртым, азарсың,
Азарыңның белгісі:
Құрамалы қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Ішінде шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың блады,
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің де ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағатсыз жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан
Еркек пен қатының болады.
Ай, заман-ай, заман-ай,
Азарсың, жұртым, азарсың,
Азарыңның белгісі:
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен ала түсер інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады,
Жылқы жұлдыз болады
Қой құндыз болады.
Кейбір жерге теңеледі,
Әйел ерге теңеледі.
Көл теңізге теңеледі,
Сиыр өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы –
Сағынып тамақ жемейді,
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады
Ай, заман-ай, заман-ай,
Ақыр заман халқының
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ.
Лағынет қамыты мойнында,
Жұмыстан қолының босы жоқ.
Әрқашан да олардың
Көңілінің хошы жоқ.
Бар шаруасы түп-түгел,
Енді мұның иесі жоқ.
Ай, заман-ай, заман-ай,
Заман ақыр боларда –
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар,
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
«Ә» десе «мә» дейтін кесір болар.
Бас қойылған жерлерде
Әйел жағы ден болар
Жаман-жақсы айтса да
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жарқыратып ашаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар,
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар.
Ай, заман-ай, заман-ай,
Құбыладан шыққан күн,
Жанып шығар деп еді.
Жалғаны жоқ бұл сөзім
Анық шығар деп еді.
Балғын-балығн көлдерден
Балық шығар деп еді.
Екі басы қайқайып,
Қайық шығар деп еді.
Қазақ сенің сорыңа
Қырда – қоқан, ойда – орыс,
Жарып шығар деп еді.
Азарсың, жұртым азарсың,
Азарыңның белгісі:
Қылмысы жаққан қылықты,
Алып шығар деп еді.
Қылмысы жақпас қырсықты
Екі етігі су болып,
Тағдырына ренжіп,
Налып шығар деп еді.
Ауылдарын шу қылған
Зайып шығар деп еді.
Бұзау, тайынша, танаға,
Жүк артылар деп еді.
Ағып жатқан дарияда,
Су тартылар деп еді.
Ай, заман-ай, заман-ай,
Күндердің бір күнінде
Айтарлықтай заман туады,
Сол заман жоқшылықтың бәрін қуады.
Түрлі-түрлі халық болады,
Күндіз-түні жарық болады.