Ай... қыздар-ай...
блог
Кеше кешкісін жұмыстан шығып, дүкенге кірдім, әдетімше кезегімде тұрмын. Көзім шамамен 21-23 жастағы бойжеткенге түсті. Әлгі қыздың тұрысына қарап қарным ашты... Аяғында тілін салақтата бауын байлаған сары красовка, қырық тесігі бар джынсы шалбар, үстінде қызыл түсті фудболкасы, басында сары түсті кепка, көзінде анау-мынау емес, үп-үлкен қара түсті көзілдірік, сол жақ қолының бес саусағына пиваның 3 бөтелкесін қылғындыра қысып, ұстап тұр, ауызда сағыз... Құдды бір "светафор" дерсің... Ең болмаса аяғын жинап тұруды да білмейді-ау, екі аяқ екі жақта. Осындай киіну стилін мода дейді-ау, мода болса, мода шығар, біреуді сөгуден аулақпын, бірақ жеке басым (жас болсам да) осындай киіну үлгісін мойындамай, мойындамақ түгілі түсінбей-ақ өтемін-ау, не үйлесім жоқ, не талғам жоқ... Бәз біреулер мені ескішіл дер, бірақ бұл ескішілдік емес, мұндай киім үлгісімен үйлесімділікті, сұлулықты бүркемелеу екенін түсінсе екен деймін замандастарым... Құдай кешірсін, сол қыз маған сондай жиіркенішті, сұрықсыз, сүйкімсіз боп көрінді. Дүкеннен шығып аялдамаға жақын келдім, кезекті автобусымды күтіп тұрғам. Жанымдағы бойжеткенге қарадым. Биік өкшелі қара түсті туфлиі, үстінде көк түсті көйлегі, көзінде өзіне жарасымды көзілдірігі, қолындағы сөмкесінен ұялы телефонын алып, сыпайы үнмен "Жеңеше, мен үйге келе жатырмын, дүкеннен ештеңе керек емес пе?" деді. Сөйлегені сыпайы, тұрысы жып-жинақы, қараған көз сүйсінеді. Бұл қыздың жеңгесіне деген сыйластығы сөйлеген сөзінен аңғарылып тұрды. Манағы дүкен ішіндегі бойжеткенмен бұл бойжеткеннің арасы жермен көктей... Екеуі де қазақ қызы. Қазақ десең өзіңе келеді демекші, қазақ деп шұқып көрсетпей - ақ, жалпы қыз баласын, әйел затын, Тәңір сұлулық, жарасымдылық, ұяңдылық, әдептілік, сыпайылық, салмақтылық беріп жаратты емес пе?! Осы бір Алла берген сыйды бойымызға сіңіріп, әрдайым есте сақтап жүрейікші, замандас АРУЛАР! Ал Сіз ше, Сіз қалай ойлайсыз замандас АРУ?