Ай-Ана
блог
Ай-Ана, жуындыршы нұрыңменен,
Сырласып көр жердегі ұлыңменен.
Түні түнек, ұйқысы өліп қалған,
Күні анау... жүзі жоқ күлімдеген.
Сен ғанасың түсінген мына мені,
Жұлдыздарың түн сайын жылап еді.
Құлазыған құл болдым, Тәңірім-ау,
Ада бастым қай жерден сірә нені?!
Тазарсам деп ақыры жарықты ішкем,
Мына көңіл жасанды жалықты істен.
Адамзатқа жасың ғой көрсетпеген,
Жұлдыздарың тамшылап ағып түскен.
Кеше саған Ай-Ана көп қарадым,
Көп қараймын жанымды ақтарамын.
Тәнімдегі нәпсіге басымды иіп,
Құтқаршы! Бір күні мен жоқ боламын.
Ай- Ана! Бір ұйқас... өлеңіме,
Ұйқаспаса тағдырым керегі не?!
Тазармаған күйінде мына балаң,
Өлеңіне оралып өледі ме?!
Бәрін бердің! Бермедің сезіміңді,
Керегі жоқ қайтемін төзіміңді!
Бүлк етпейтін жүрек-ай тас бауырым,
Тағы да түн... өтірік көз ілінді...
Бүгін тағы қарадым қазір ғана,
Маған деген ай нұрың әзір ме Ана?!
Яссауисіз мен мына мас әлемге,
Жаза берем күнәһар «ғасырнама»...
Ай-Ана, тап осылай күйінбегем,
Сенің ше қасірет пе сүю деген?
Өмірде емес өксіткен, өкпелеткен...
Өлейінші... өлең оқып үйіңде мен...