Автобазарға саяхат жасайық
блог
Құрметтілерім, қалайсыңдар, блог жазбағалы да көп болыпты. Енді сендермен бөлісер әңгіме де бар. «Жарысқан жаңалық» ретінде тұлпар мінгенімді мақтанышпен айтып қояйын. Десе де, көліктің аты көлік, оның кем-кетіктері болады. Енді осы көліктерді қалай, қайдан алуға болатыны жайлы бір толғанып көрсем бе дедім. Аса ақылдылар мен пәлсапашылар оқымасын.
Б/У ма әлде жаңа ма?
Жаңа көліктен шертіп тұрып таңдаймын десеңіз, бірден эконом-класс автоларды қараңыз. Себебі классы жоғары көліктердің жаңасы 26 мың доллардан басталады. Ал біз секілді «смертныйларға» әлгі бағаның тең жартысынан аспаса – сол дұрыс. Яғни алатынымыз Б/У көлік. Ал жаңасын аламын десеңіз бірден Лада Приора мен ДЭУ Нексиа, тіпті болмаса қоңыздай болған Матизді тізгіндеңіз. Бұлардың бағасы сол – 13 мың долларға дейінгі сомалар. Ал кейбірі Тойота Ярис дегенді салоннан 17,500 долларға алғанына риза. Әрине, мен жап-жаңа қодық мінгенше қусүйек кәрі жылқыны мінгенді жөн көрдім. Себебі жаңа болса да 2-3 жылдан соң салдырлап қалатын, бағасын бір маусымда-ақ жоғалтатын көліктерге қызығушылығым аса емес.
Қырғызстан көліктері vs Қазақстан көліктері
Менің түсінгенім бойынша, тоқ етері қырғыздан келген көлікке отырмау керек. Әрине, егер көліктің рөлі сол жақта және құрастырылғанына бес жылдан асып кетпесе бола береді. Оның үстіне, көліктің қозғалтқыш қуаты – 1,5-тен жоғары болмауы тиіс. Ал одан ескі көлікті аламын десеңіз құрдымға кеткеніңіз.
«Машины с киргизскими номерами вновь отправляют на штраф-стоянку» деген сілтемемен өтіп, көз жеткізсеңіз болады. Ол аз десеңіз, қырғыздан көлік алған жағдайда сіз оны өз атыңызға ауыстыра алмай, тек Сенім хатпен жүретін боласыз. Оны толықтай сатушы жекелігінен ауыстырып алғыңыз келсе қырғыз азаматтығын алған досыңыз ба, әлде әйтеуір бір танысыңыз ба – соның атына жаздыруыңыз тиіс. Олай болмаған жағдайда қырғыз ағайынның заңқуғыштығы ұстап қалып, көлікті ақшасын алған соң да тартып алуына құқығы бар екенін зердеде ұстайық. |
Бірақ сыршы-сыршы деп бетімізді сырламайық, егер саяси-экономикалық бір өзгерістер болып, Қырғызстаннан авто әкелуге рұқсат алда-жалда шығып қалған жағдайда көлік бағасы бірден көтеріледі. Сонда сан соғып қалмау керек те сияқты болып көрінеді. Әзірше болжам ғана...
Енді Автокөліктерге барлау жасайық
Автокөлік айдаушылардың күн мен түн сияқты, ақ пен қара сияқты, жоғары мен төмен, тіпті алыс пен жақын сияқты бөлінетін бір тұсы – "коробка передач" (аудара алмай отырғаным, ал берілістер деп аударуға ұятым жібермейді) – автомат болса оны тіпті қыз балалар да оңай айдай береді, ал механика болса қала ішіндегі пробкада әбден тозып кетуіңіз неғайбыл. Осы бөлініс үшін де екіге жарылып сөйлеуге тура келіп отыр.
Автомат: | Механика: |
Мұнда сіздің жоғарыда айтылған сомаңызға ең бір жақсы көлік – Тойота Камри 10 немесе 20 болғалы тұр. Себебі жапон көліктері мініс береді, яғни көп көрім жерін жөндеудің қажеті жоқ және арзан. Екінші жағдайда қайткен күнде де ауди, субару, хонда көліктерін таңдағаныңыз жөн. Себебі бұлардың тойота сияқты мықты болмаса да қысты күні көк тайғақтан көп зардап шекпейді. Себебі бұлардың алдыңғы доңғалақтары айналады. Ал үшінші жағдайдағы БМВ, Мерседес сияқтыларға отырсаңыз (олардың артқы дөңгелектері негізгі саналады) қиналуыңыз мүмкін. Бірақ тәжірибесі жеткілікті әрі жаңа доңғалағы барларғаы бұл ауыр сынақ емес. Сондықтан да бәрі де өзіңізге байланысты. | Мұнда да әлгі көліктердің рейтингі бірдей. Бірақ мұнда, меніңше, джип форматындағы аппараттар қолайлы. Себебі джип сатып алатын адам қаланың сыртында, немесе тауға шығатын ісі болады. Сол себепті коробканың механикалы түрі мұндай тау-тастарда ең қолайлысы деп жатады үлкендер. Джиптерден оңқай рөлді көліктер арзан әрі жағдайы жақсы келеді. Мәселен Хонда CRV, екі есікті Мицубиси паджеро, jeep дегендер қолайлы болмақ. Ал тәжірибеңіз мықты болса, жеңіл көліктерді де қарап қойсаңыз болады. Мәселен, тойота камри 10 тәжірибесі бар, орта жастағы кісілерге таптырмас аппарат. Ауди мен мазданы да бұл тізімге қосып қойсақ болады, себебі олардың жөндеу жұмысы да, бөлшектері де арзан. |
Ендігі кезек автобазарға келсін. Автобазардың өз қызығы мен сыйқыры бар. Қулығы да жоқ емес. Мұнда келген адам көлігін шын мәнінде де сатуға келеді. Енді, алып-сатарлар асықпауы да мүмкін, бірақ ақша қалап келген адам да, көлік аламын деуші де мұнда бір-бірімен етене жақын адамдар. Сондықтан да, тіпті аман-саулықсыз-ақ көлік жайлы әңгімені айтыса береді. |
Сонымен сіз көлік сатып аласыз...
- Мықты білгіштер көліктің ерекше бір жылтыр болып, көз тартатындай болғанына назар аудармайды. Себебі оны қайбір ТЖО (СТО)-ға барсаң да 2-3 мың теңгеге жылтыратып береді. Полировканың сыйқыры осы.
- Білгіштер көліктің кузовына қарайды, яғни қаңқасына. Егер әлдебір жері қисайып, немесе темірдің балқыған тұсы байқалса онда бұл көліктен аулақ жүру керек.
- Өзімнің ұққаным – көліктің соғылған-соғылмағанын барлық терезесіндегі номерлердің сәйкес келуімен-ақ білуге болады.
- Бұл базар. Ал базарда саудаласу қалыпты жағдай. Тым төмен баға айтып, сатушының шамына тимесеңіз болғаны. Мәселен, менің бір танысым 6100 доллар деп тұрған жігіттің ауди көлігін 5200 долларға саудаласып, алып кетті. Ұтқаны – 900 доллар! Бірақ сатушылардың бағаны АУАДАН алып қосатындары да бар. Мұнда көліктің шын бағасын білетін адамның көмегіне жүгінуге тура келеді.
- Айтпақшы, базарға келерде басыңыздан күн өтпеу үшін шляпа немесе кепка кигеніңіз дұрыс. Ал кейде жаңбырдың астында қалуыңыз да мүмкін. Сол үшін дайындықпен баруыңыз керек, себебі жақсы көлік кездеспейінше сіз ол жақтан қайтпайсыз.
Сонымен солай, ақыл айтудан аулақпын, бірақ түсінгенім осы болды. Мүмкін сіздің де қосар ақылыңыз бар шығар?