Автоәлем жаңалықтары

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ермек Қизатов  2022 жылға қарай Қазақстанда 7 мың шақырым жол ақылы болатындығын мәлімдеді делінген Бақ кз сайтында. Мұндай жүйе, тек, қайта жаңартудан өткен немесе жаңадан салынған жолдарға ғана енгізіледі, – деді Ермек Әнуарбекұлы. Сонымен қатар, ол жол бойындағы қызмет көрсету орындары туралы да жоспар-жобалармен бөлісті. - Биыл 27 қызмет көрсету нысанының құрылысын бастау жоспарланған. Олар: кемпингтер, техникалық қызмет көрсету орындары мен жылы бокстар секілді қосымша қажеттіліктер, – деді. Осылайша, «ҚазАвтоЖол» басшысы өз баяндамасында мемлекет басшысының жолдауында жүктелген міндеттер автожол саласында толығымен жүзеге асырылып, жолдауда көрсетілген бағыттар бойынша автожолдар салынып жатқанын айтты.

 Алматы облысының тұрғындары 71 млн теңгеге сандық сериясы VIP-нөмірлерге жататын 212 мемлекеттік тіркеу нөмір белгісін сатып алды, деп хабарлайдыBnews.kz. “Өңірде VIP-нөмірлерге сұраныс артып келеді. Мысалы, өткен жылы біздің жүргізушілер 38 млн теңгеден астам сомаға осындай 117 нөмір сатып алса, ал жыл басынан бері 33 млн теңгенің 95 нөмірі сатылып үлгерді”, – дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Дарын Арыстанбеков. Әсіресе автомобилистер арасында 555, 777, 005 және 007 сандарынан құралған қымбат нөмірлер кеңінен танымал.

 2019 жылдан бастап Еуропада шығарылатын жеңіл көліктердің барлығында Сос белгісі орнатылуы керек деген заң күшіне енетін болады. Бұл құрылғы Еуропадағы құтқару қызметімен тікелей байланыс орнатады. Егер жол көлік оқиғасы орын алған жағдайда көліктен автоматты түрде бірден хабар жіберіледі. Аталған бағдарлама соқтығыс орын алған жерді ғана емес, сонымен қатар көлікте қанша адамның отырғанын да дәл хабарлайды. Мұндай талаптың қойылуы жолдағы қауіпсіздікті күйшейтіп, дер кезінде көмек көрсетілуі үшін қолға алынуда. Өткен жылы көлік соқтығысынан Батыс елдерінде 25 мың адам көз жұмған.           

 Шанхайда өткен көлік көрмесі аяқталуға жақын. Бірақ бұл шарадан түрлі қызықты ақпараттар әлі де келіп түсуде. Атап айтсақ, көлік сататын дүкендерде сән көрсететін қыздардың қызметінен босатылуына орай наразылық шаралары өтуде. Ақпараттың толықтай түсінікті болуы үшін еске салсақ, жылдың басында автошоу ұйымдастырушылары модель қыздардың шараға қатысып, көліктің таныстырылымында қатар тұруын шектеген еді. Мұндай қадамға баруға мемлекет тарапынан жасалған сын-ескертпелер түрткі болып отыр. 2012 жылғы авто көрмедегі қыздардың ашық киімдері көпшіліктің наразылығын тудырған. Енді, көліктерге көрік қоса түсетін арулар жұмыссыз қалып отыр. Осыған орай бойжеткендер қарап қалмай, үйсіз-күйсіз адамдардың қалпына еніп, жұтаң киініп, қолдарына қарсылықтарын білдірген жазу жазылған плакаттар ұстап көшеге шықты. Бұл қолға алған шаралары қаншалықты оң нәтиже бермек. Әзірге белгісіз.      



Бөлісу: