Ауылыңызға келін керек пе? 6/90
блог
Қан жібермейді деген рас шығар. Соңғы кездері ауылға көшкім келіп жүр. Қызық, иә?! Туылғанымнан "қаланың баласы" болып өссем де, жаным ауылға тартып тұрады. Саф ауа, тыныштық, тіпті әтештердің таңды шақыруы сол тыныштықпен үйлесім тапқандай.
Өміріме ризамын. Әр атқан таңды атырғаным үшін, отбасым, туған елім үшін, жеткен жетістіктеріме Құдайға мың да бір шүкіршілік етемін. Алайда, қаладағы күйбің тіршілік, қарбалас кез мезі етеді. Сондайда, киім-кешегімді жинап, асыл әжемнің қасына баруды армандаймын. Қош бол, Алматы! Қарсы ал мені, ауыл! деп қол бұлғап кете беретіндей, қаладағы жұмысың, істейтін істерің қол байлайды.
Сондықтан, ауылда демалудың орнын мен үшін медитация атқарады.
Медитация жасап көргем, баяғыда. Аяқтарыңды айқастырып, көзіңді тарс жұмып, арқаңды тік ұстасаң болғаны деп ойлайтынмын. Бірақ көп дегенде медитацияға деген шабытым 5 минутқа жететін. Сөйтсем, оның да техникасы, жасалу жолу дұрыс болуы қажет екен. Оны игеру жолдарын интернеттен оп-оңай таба аласыздар. Сол кеңестерді қолданып, медитация жасау әдетіме айналды.
Маған көмектескен 7 кеңес келесідей:
- Тез нәтиже күтпеңіз! Медитацияның әсері бірден көрінбейді. Ол шыдамдылық пен әдет қалыптастыруды қажет етеді.
- Ойыңыздан барлық нәрсені алып тастауға талпынбаңыз. Бойыңызды еркін ұстап, тыныстаңыз.
- Ұйықтар алдында медитация жасамағаныңыз жөн. Себебі, медитация жаңа күш пен демалыс сезімін ұялатады. Көпке дейін ұйықтай алмауыңыз мүмкін.
- Медитация жасаған күндердегі әсерлеріңізді есте сақтауға тырысыңыз.
- Сеанс кезінде ұйықтамаған жөн. Ол үшін арқаны тік ұстап отыру қажет. "Лотос" қалпында отыру міндетті емес.
- Тамақты сеанс алдында, сеанстан кейін тоя қабылдамаған абзал.
- Медитация бастаған алғашқы күндері жағдайыңыз нашарлай түсуі мүмкін. Еш қобалжымаңыз. Арқаны біршама уақыт бойына тік ұстап отыруға үйренбегендіктен ағзаңыз тез шаршаңқы күйге түсуі мүмкін. Бірақ бұл алғашында болатын қысқа құбылыс.
Медитация шынымен де, жаныңды жақсы күйде ұстауға көмектеседі. Спортпен ұштастырсаңыз, жаныңыз бен тәніңіздің саулығына кепіл болатыны анық.
P.S. Жұмысбастылықтан абыржыған түрім мен ауылды сағынғанымды көріп, бір әріптесім, "ауылға келін болып барсаңшы" деп қалжыңдады. Сол себепті, тақырыпты әбестік танытты деп айыптамайсыздар деген үміттенемін ;)