Ауылым - береке қонған мекенім

Қайда журсем естен кетпейсін
Көңілімде менің көктейсің
Бір жалын бар бойда сен жаққан
Жүрегімде мәңгі өшпейтін

Гүлімдей жайнап, асырсалып ойнап
Еркелеп өскен ауылым, — деп Нұрлан Өнербаев ағамыз әндеткендей туып-өскен жерің қашанда ыстық қой. Еңбек демалысын өткеріп, «комфорт аймағымен» қайта қауышып, тіршіліктің қамымен жүргенде екі ай уақыт зымырап өте шығыпты. Атамның көзі барда бір айдан артық уақыт ауылға бармау мен үшін үлкен күнә болатын. Мерекелік демалыстарды айтпағанда сенбі, жексенбі күнгі демалысты пайдаланып, Атам мен жаңа өсіп келе жатқан қарындасымның сыбағасын ала сала ауылға асығатынмын.
Ауылда уақытты жыл мезгіліне қарап есептейді. Тұрғындары, яғни ауылдастарым ауылдың қу тіршілігі мен жазылмаған заңдылықтарын ескере отырып, нарықтық экономикаға бейімделіп, барлық шаруаларын жолға қойып, өз ағысымен еркін ағуда. Бұрындары сиыр сауып, өріске айдап, қойды кезекпен жаятын болса, уақыт өте, заман талабына орай түйе, жылқы сауып қымыран, қымыз өндірісін қолға алып, дамытуда. Қойды кезекпен жаюды қойып, шамасы келгені қойдың басын арттырып, жеке бағып-өсіруді қол алған. Ауыл жастарының негізін жоғары сынып оқушылары мен әр жылғы мектеп бітірген түлектердің «Маған оқудың қажеті жоқ. Тангенс, котангенстің мал бағу, кетпен шабуға көмектесетін түгі де жоқ» деп түйін жасағандардың бірен сараны құрайды. Кейбір жылғы бітірушілер, мысалы менің сыныптастарымның негізгі бөлігі (ұл балдар) ауылда қалып қойған.
Бір-екі май құю бекеті, кіші дүкендер мен мектеп, аурухана сияқты мемлекеттік мекемелерді есептемегенде ауылдың негізгі айналысатын жұмысы ауылшаруашылық өнімдері және мал шаруашылығы. Мал шруашылығына қатысты мемлекеттік бағдарламалар бойынша (мыс. «Сыбаға») қаржы алып, шаруасын дөңгелетіп кетіпті дегенді өзім естімедім. Құжат жинау деген ауыл тұрғыны үшін дүниедегі «ең азапты» жұмыс. Менің білуімше көпшілігі қолында бар аз малын, сатпай жылдан-жылға жеткізіп, асырап, көбейтіп жатыр. Көзін тапқандар алып-сатарлықпен айналысып екі асап жатыр.
Екінші жұмысқа кеңірек тоқталып кетсем деп отырмын. Біздің ауыл (ОҚО, Арыс ауданы, «Көкжиде» елдімекені) бақша дақылдарын өсіріп, өндіруге қолайлы орналасқан жер. Ауа райының қолайлылығы сондай күздің алғашқы айы, яғни қазіргі уақыт сол өнімдерін пұлдап алуға қолайлылық тудырып, бір тамшы жауын жаумай, дихандарға қарасады. Бұл науқандық жұмыс болғандықтан, көктем келе жер анаға телміре тырбанып, ерте-кеш үйді көрмей егіншілікке кіріседі. Біз жақта негізінен қауын (ішіндегі бірнеше түрін), қарбыз, мақта, жүгері егіп, өсіреді. 10 жыл уақыт бұрын жаппай мақта өндірісін қолға алып, өсіретін. Ол кездерде мақтаның бағасы да жоғары болатын. Қазір негізгі пұл болып жатқан нәрсе қауын. Соңғы 3-4 жылда қауын егіп, өндіру күрт дамып отыр.
Қазір ауылдың тұрғындарында «мұрын сіңбіретін уақыт жоқ» деп айтсам қателеспеймін. Енді қайтсін, жаздың 40С ыстығында күйіп, қолы талып кетпен шауып өсірген қауын-қарбызын пұлдап алуы керек. 10 үйдің тоғызы қауын еккен десем қателеспейтін шығармын. Пісіп тұрған қауынды артып әкелуге адам таппай жүрген кез. Бір-бірімен поляға қауын артуға кетіп бара жатып, артып келе жатып, көліктің үстінде қол бұлғап амандасады. Жағдай сұрасып, қол алысып тұратын уақыт жоқ. Кеше ауылға бар мен осындай көріністің куәсі болып қайттым.



Бөлісу: