Ауылға барып келдім, 303 автобуспен

Қырдың басында отырмын. Көзімді тас қылым жұмып алдым.  Айналадағы әр дыбысты мүлт жібермей, ұйыыыып тыңдап отырмын. Жанымда құлынды бие жайылып жүр. Аяғындағы шынжыр кісені бостандығын шектеп отыр шіркіннің. Арғы беттегі бос тебісіп ойнақтап жүрген үйір жылқыларға қызығып қарайтындай. Қасындағы құлыны жас балаша еркелеп шапқылап жүр. әне қырдың басынан қарындары тырсыйып, томпаңдаған қойлардың маңыраған дауыстары естіле бестады. Сайдан тойып шаршап шыққаннан ба, әлде қойшының әдеттегіден сәл ерте айдағанына көңілдері тоймай маңырады ма  ол жағы бізге беймәлім. Тек арасында "өкпе" қойдың күркілі естіліп қояды. Қой бастайтын ор текелер малшының ашуына тиіп секеңдеп, лағып басқа жаққа жол тартып барады. Мұны байқаған қойшы төрт  саусағын бірден аузына салып тұрып сықырса, жаңағы ортекең басын төмен салып кінәсін мойындап орнына қайта кеп қосылады.Артынша екі жамбасына кезек-кезек салып шүйгін шөптің жұмағынан қайтып,маңғаздана мөңіреген сиырлар табыннан қайта бастады. Кейібі бұзауларына асықса, кейбіреулері кеуіп кеткен таңдайларын нәрлеу үшін бұлаққа қарай зулап барады. Құстар да ыстық күнның нұрына шомылып біресе шырқау биікке  біресе жерді аймалай ұшып, ән салып жүр. Әр дыбысты жібермеуге тырысам. Қызық, ауылда алты жыл тұрсамда, айналамды бұлайша қабылдамаушы едім.  Неткен керемет дыбыстар. Артқы екі аяғына мықтап тұрып, жан-жағына жалтақтаған "күзетші" суыр жақындап келе жатқан малшыны байқап, бірден дауыс шығарып емін-еркін жүрген суырларға белгі берді. Бәрі ұяларына жапа тармағай кірді де кетті.  Күн де шыжып тұр. Ауылда негізі күн салқын болушы еді. Климат ауысып барады деген осы шығар бәлкім.  Шөптің иісін айтсаңыздаршы. Отырған жерім жайылым жер болғандықтан шөбі шүйгін емес еді. Сонда да иісі мұрын жарып барады. Жусан, рауғаш, әтіргүл, көкемаралдың иістерінің қосындысы танаудан кіріп өкпеден өтіп бүкіл ағзаны аралап шығады ғой шіркін. Бұрын шөптің бәрі шаң сасиды деуші едім. Шаң демекші, биенің жерді тебініп алғаны сол еді, тұяғының астынан шыққан шаң самалмен мұрныма келді. Керемет, ауылдың шаңының өзі өзгеше ғой.Осылай отырғанда жаңағы жанымда жайылып жүрген құлын иығымнан түртіп қалды. Еркелеп тұрған шығар деп жымидым да қойдым. Біраздан соң қайта түртті. Түрткен сайын жанға жағымды дыбыстар мен иістер өзгеріп бара жатқандықтан, жақтырмай тұмсығын қағып жібердім. Ол да қояр емес тағы да иығымнан түртті. Бұрылып қарап едім, мүмкін емес құлын адамша орысшалап: Девушка, вы остановку не проехали- деді. Шошып оянып кеттім. Автобустың терезесіне басымды қойып алып ұйықтап қалған екенмін. Қара терге түсіппін(бәсе, ауылда бұндай ыстық болмапты да).Бағанан бері құлын болып түртып отырған жанымдағы орыс әже екен. Ұят ай қолын қағып жіберген шығармын ұйықтап отырып. Ол кісі де дер кезінде оятыпты, келесі аялдамада түсетін едім. Рахметімді айтып есікке жақындадым. Расында ауылға барып келгендей болдым. Автобустан түстім де қайтадан у-шу, түтінге тұнған қаланың қарбалас тіршілігіне еніп кеттім.



Бөлісу: