Ауылдан келген студенттерге өсиет

Ауылдан келген студенттерге өсиет
жеке
блог

 


 

         Қазір қала көшелері жасара бастады. Үш ай бойы қаңырап бос қалмаса да, өңкей шаршаңқы, жазғы ыстықтан күйі кеткен көңілсіз кейіптермен үзіліп кетпей тұрған шаһарлардың тамырына қайта қан жүгірді. Қайда қарасаң да, жақындарының жетегінде айналаға таңырқай да таңдана, қызыға да қуана қараған бұрынғы талапкер, бүгінгі студенттерді көзің шалатыны анық. Бәрі де қала бізге бақытты да, қуанышты өмір сыйлайды деген үміттің құшағында. Біреуі – жатақханадан орын алуға асықса, енді біреуі – жалға алуға пәтер іздеп сабылып жүр. Алайда, қай-қайсысының жүзінен қажуды байқасаңыз да, реніштің табын таппасыңыз анық. Енді ше, олар бабы, не бағы келіспей, ауылда қалған қатарластарынан үздік шығып, оқуға түскен, жарқын болашаққа апаратын «бақыт билетінің» иегерлері ғой! Олар үшін шаттыққа толы, мәнді де мағыналы өмір енді басталған сияқты болып көрінеді. Алайда, данышпандар айтпақшы, «Адамдар болашаққа жоспар құрған   уақытта – тағдыр олардың сыртынан күле қарап тұрады». Сол секілді, ауылдан арман арқалап қалаға жеткен жеткіншек оқу бітірген уақытта өзінің бұрынғы арманшыл, елгезек, адал қалпын жоғалтып, қалай күллі қулық-сұмдықтарды бойына жиған, өзгенің қуанышы мен қайғысына селт етпейін, тоңмойын, жылпос, өзімшіл өзге БІРЕУГЕ айналғанын білмей қалады. Сөйтіп, қалада өткен төрт жыл ішінде манадан бері біз сөз етіп отырған «елдің жарқын келешегінің кепілдерінің» еті тірілері – қара басының қамын күйттеуге ғана жараcа, қалғандары оған да шамасы жетпейтін шала-жансар маман болып шығады. Сонда қалаға келгендегі ел үшін, болашақ үшін жұмсалмақ болған күш-қуат, қайрат, жігер қайда? Ұлы мақсаттар қай жерде өшті? Жоғары оқу орындары – жасөспірімнің бойындағы білім мен адамгершілік қасиеттерін жоғары деңгейге өсіруге тиісті емес пе еді?!. Неге алғашқы оқу жылында жалындап келген жасты төрт-бес жылдан кейін таппай қаламыз? Енді осы секілді сұрақтарға жауап іздеместен бұрын, біз әрбір жеткіншек – студенттік жылдарда не жоғалтады екен, соны санамалап көрелік.

         Ауылдан келіп, жаңа ортаға түскен біздің кейіпкеріміздің ең бірінші өзгеретін қасиеті – мінез құлқы. Өйткені, мұндағы өмір әлдеқайда қаталырақ, еркінірек және қызылды-жасылды қызыққа толы. Қырық жерден тыйып отырған тыйымшылары болмағандықтан, өмірлік тәжірибесі жоқ біздің бозымдар көк дөнендей жүйрік көңілі қалағанды жасағысы келеді. Бұған қоса, мәпелеп отырған жақыны болмағандықтан, джунгли заңындай қатал қала өмірінде қалайда (біреудің ала жібін аттап болса да) жан бағу қажет. Ол үшін кей кездері тыйым салынған шекаралардан аттап өтуге де тура келеді. Сөйтіп, ауыз бен ойдан қақпақ, жүректен жылылық, мейірім кете бастайды. Нәтижесі –белгілі.

Екіншіден, оқуға түскен әрбір жастың ұрынатын қағидасы «Оралыңның барында иман ізде» емес, «Оралыңның барында ойна да, күл» болып, барлық күш-қуаттарын – еш нәтиже бермейтін, рухани өсірудің орнына, құлдырататын, бос күлкі мен даңғазаға толы отырыстарға жағып жібереді. Алғашқы оқу жылының алғашқы аптасынан бастап, туған күн мен таныстық кештерін бастап кеп жіберген бұлар тізгінді диплом жуу тойына келгенде барып бір-ақ тартады. Сол кезде ғана өздерінің кейін елінің игілігіне жұмсайтын білім алудағы басты құралдар – қайрат-жігерлерінің бәрін алтыннан қымбат уақытын ұрлаған туған күн кештеріне құрбан қылып жібергендерін ұғады. Бірақ, бұл кезде тым кеш болады. 

Сол баяғы отырыстан отырыс қоймай, туған күн кештерінің гүлі болып жүрген қаһарманымыздың ендігі жоғалтатын нәрсесі – денсаулығы екені сөзсіз. Себебі, ұйқысы ауысып, жарқанат күй кешетін, қыз-қырқын отырған жерде шешіліп сөйлеу үшін жындысудан тастап жіберуден тартынбайтын, көрші оқу орнының бойжеткендерін тору үшін, қақаған суықта жалаңаяқ мұз кешіп жүре беруден тайынбайтын «жалаңтөсіміздің» денсаулығы сыр бермегенде, темірден жаралды ғой деймісіз?

Бұған дейін жұрт арасында студент қауымы туралы «Аш студент, жалаңаяқ студент, бейшара студент» деген ұғым-теңеулер қалыптасып келді. Бала кезімізде «Студент болсақ, бітті, біз де сол кепке түседі екенбіз,» – деп  ойлайтынбыз. Сөйтсек, мұның бәрі бос әңгіме екен. Ешкім студентті аш қалдырып, қанамайды, барлық қиындықты тілеп алатын студенттің өзі екен. Айталық, студент дырду-думанға толы қажетсіз отырыстарға ақшасын шашпай, босқа қыдырмай, уақытының көбін кітап оқуға арнаса, мемлекеттен алатын шәкіртақысы мен жақындарынан алатын аз-маз ақшаны үнемді пайдаланса, жоғарыдағы теңеулерден құтылатыны сөзсіз. Ал, олай болмаған жағдайда, ақылы оқыса – оған төлеп, қала берді қажетсіз шығынға батып, ақшасын босқа шашқан студент осыылай өткен жылдарында қаншама қаржысын шығындары хақ.

 Әлқисса, сөйтіп «қызыққа толы» студенттік жылдарды артқа тастап, біздерше айтқанда, «дипломының нанын жегісі» келген біздің «бұрынғы супер-студентіміз» енді мұның еш мүмкін еместігін көрер еді. «Қалайша, ол жоғары оқу орнын бітірген жоқ па?» - деп таңданарсыз. Дұрыс, ол «оқу бітірді». Алайда, оның жүріп өткен жолынан есеп алып, ойлы көзбен қарасаңыз – мәселенің неге бұлай өрбігенін түсінетін боласыз. Себебі, ол өзінің маман болып қалыптасатын шағында қаншама уақытын текке жоғалтып, «отырыс қуып гөләйттап» жүрген еді. Енді ол таңдайтын санаулы ғана жолдар қалды: не базарға барып арба сүйреу, не бір кафенің официанты болу, болмаса, бір мекеменің күзетшісі болу...

Енді мұның бәрінен бойын аулақ салып, иман іздегісі келгені де – өзін-өзі жоғалту синдромынан құтыла қоюы екіталай. Себебі, дін десе оны өз халқының дүниетанымы мен дәстүрлі құндылықтарынан жерітуге даяр «қамқоршы» діндар пірлері қарсы алады. Оның да соңы белгілі: өзінен өзгені мойындамайтын, топас догмаға ұрынған радикалды фундаменталистік дін ұстанған, қаны қазақ болғанымен, жаны араб па, түрік пе парсы ма, адам ұғып болмайтын бір «қауіпті будан» болып шығады...

Сонымен, мәселеге төтесінен көшсек. Неге ауылдан келіп оқуға түскен қазақ жасы төрт-бес жылдан соң кісі танымастай болып өзгереді? Неге ЖОО-ның қабырғаларында қоғамның алға сүйреуші локомотив авангарды емес, масыл, зиянкестер тәрбиеленіп шығады? ЖОО-н жылына бірнеше мың студент бітіріп шықса да, неге біздің елде кадр тапшылығы болып, мамандарды сырттан алдыруға мәжбүрміз? Сонда мемлекет мемлекеттік грант үшін босқа ақша бөліп отыр ма?

Мұндай көңіл-күйіңді түсіретін сансыз сауалдардың жауабын іздегенде, ең әуелі, әл-Фараби атамыздың «Тәрбиесіз берген білім – қауіпті» деген даналығы еске түседі. Бағанадан біз суреттеген студент өмірінің сүреңсіз картинасына себеп болатын да осы тәрбиенің кемшіндігі екендігі даусыз. Себебі, қазіргі ұрпақ – бала тәрбиесі түгілі, күнкөріс қиын болған, тәуелсіздігімізді алған алғашқы он жылда балалық шағын өткерген толқын. Бәлкім, тәрбие негізі толық қалыптаспаған ұрпақтың алған білімі – игілікке жұмсалу мүмкіндігі аз болатыны сондықтан болар.

Екіншіден, әлгі студент (менің замандастарым) Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап,» – деген өсиетін ескере бермейді. Соның салдарынан, қандай да бір адамижат мәдени толқын соққан кезде, шылауында кете барады. Ақыр соңында өзінің қалаға оқуға не үшін келгенін, бұған мемлекет немесе жақындары не үшін ақша бөліп, оқытып отырғанын, осы елдің азаматы ретінде мойнында қандай парыздар мен қарыздар тұрғанын, бәрін-бәрін түгел ұмытып, «Адастырмай мені қоя тұр» деп жүрген арманы қалай адыра қалғанын өзі де аңдамай қалған, ештеңеге қызығып, селт етпейтін, өмірден таяқ жеп, көз жанарының оты сөнген, ең бастысы өзінің әу бастағы БОЛМЫСЫН жоғалтқан жарымжан бір мүше қоғамға масыл болып қосылады.

Сондықтан, сен қалаға келгенде, артыңда «Баламыз үлкен азамат болып, еліне қызмет етеді,» - деп, саған үміт артып ата-анаң қалғанын, «Осыдан күллі халықты жарқын болашаққа сүйрейтін сауатты маман қалыптасады,» - деп елің күтіп отырғанын ұмытпағайсың, ЖАС ДОС!

 

Жадыңа тұтар жақсы хикая: Ертеде бір патшаның Будда атты баласы болыпты. Сол патша балам дүниеде өлім барын, қарттық барын көрмей, білмей өссін деп, сарай қызметшілерін тек жас қыз-жігіттерден таңдапты. Жас бағбандар сарай маңын жасыл желекке бөлеп, қураған ағаш бұтақтарын Буддаға көрсетпей, кесіп алып, мұрабтар сарай айналасындағы хауыздар мен бұлақтардағы балықтардың өліктерін жинап, құсбегілер мен бақташылар асыранды аң-құстардың қартайғандарын аулап, құртып жіберіп отыруға міндетті болыпты. Соның арқасында бала Будда дүниеде қарттық, өлім барын білмей ер жетіпті. Күндердің бір күнінде жас күтушілерінің назарынан тыс қалған ол – сарай маңындағы қоршаудың сыртына шығып кетіпті. Біраз жүріп, қалаға келсе, жол жиегінде бет-аузын қатпар-қатпар әжім басқан, белі бүкірейіп, мыжырайған бір шал отыр екен. Бұрын-соңды мұндай мақлұқатты көрмеген Будда – шалдан «Сен кімсің?» деп таңдана сұрапты. Шал болса шамданып, «Мен адаммын!» деп жауап беріпті. Сонда таң қалған Будда «Cен қалайша адамсың, адам деген мен сияқты болмай ма?» депті. Сол кезде шал «Мен де сен кейіптес болғанмын, бірақ, уақыт өте келе сен де мен секілді қартайып, осындай күйге түсетін боласың» дейді.

Шалдың бұл жауабынан шошыған Будда жан ұшыра тоғайға қарай қашыпты. Тоғайға ене бере, қартайып, жан тапсырайын деп жатқан арыстанды көріп одан бетер жүгіріпті. Сөйтіп, жүгіргеннен жүгіріп келе жатып, сүрініп құлапты. Қараса, тамырымен дауыл қопарып құлатқан кәрі еменнің бұтағына сүрініпті. Осы кезде барып оның ойына, бұл дүниеде қартаймайтын, өлмейтін, мәңгілік ештеңе жоқ екен ғой деген ой келеді. «Ендеше, мәңгілік ештеңе болмаса, оны қуып не керек. Одан да, мәңгі өлмейтін, өшпейтін құдайды іздегенім дұрыс шығар,» – деп, дүниеден баз кешіп кетіпті...

 

P.S. Қуанышты кейіппен қадам басып, алдымнан кезіккен ана сүті аузынан кеппеген әрбір іні-қарындастарымды көргенде, олардың әрбірін тоқтатып, осы хикаяны айтып, «Студенттік өмірің де еш жамандықты көрсетпейтін осы Будданың сарайы сықылды. Ертең бұл жерден ұзағанда олармен (қиындықтармен) міндетті түрде бетпе-бет келесің. Сондықтан, бұл қызылды жасылды жылтырақтарға алданба, сақ бол!» дегім келеді.