Ауылда не болып жатыр?
блог
Менің сіздермен бөліскелі отырған әңгімем өзіме қатты әсер етіп, ойландырған жағдай жайлы. Сіздерге де пайдасы тиер деген үміттемін.
Өткен семестр болатын. Бір жақын таныс кісі: «Батыр, ауылдан тоғызыншы сынып бітірген інімді Астанаға оқуға алып келіп едім, соған сабағына көмек берсең...» - деді. Біреуге жәрдем беруге құмартып тұрмасам да, ағаның сөзін жерге тастауға ұялып, келісімімді бердім.
Содан күнде, кейде күнара оң жақ жағалауға барып әлгі баланың сабағына көмек бере бастадым. Шыны керек, өзіме бұл іс қатты ұнамайтын: баланың тақырыпты түсінуі қиын еді. Өзім біраз сабырсыз болғандықтан, кейде ашуланатынмын. Бірақ мұнымды сездірмеуге тырыстым.
Бірнеше апта өткен соң, балаға аздап үйренісіп кеттім. Сабақтан шаршаған уақытта отырып әңгімелесетін болдық. Бірде ол маған өзінің ауылы, мектебі жайлы айтып берді. Маған әсер еткені де осы. «... Ауылым Солтүстік Қазақстандағы Қызылтау. Мектебіміз шағын, тоғыз жылдық. Бүкіл мектеп бойынша бар-жоғы 39 оқушы оқиды. Мұғалімдер көрші ауылдан келіп сабақ береді. Қыстың күндері жол жабық болса келмей қалады. Сол кездері өзіміз волейбол ойнаймыз...».
Мұны естіген менің бойымда әр түрлі сезімдер қабаттасып кетті. Біресе сондай ортада өскен балаға жаным ашыса, енді бірде: «Сол жерде мен өссем не болар еді? Қазіргідей ЖОО-на түсер ме едім? Олар көрші ауылдан мұғалім күтіп жүргенде, мен қазіргідей «Математикадан қай профессорды алған дұрыс? » - деп жүрер ме едім, кім біледі?»-деген ойлар келді.
Осыдан кейін, оның алдында өзімді кінәлі сезінетін болдым. Менің орнымда ол болғанда, бәлкім ол менен әлдеқайда жақсы оқыр ма еді? Берілген мүмкіншіліктердің қадірін түсініп, мен сияқты уақытын босқа өткізбес пе еді?
Енді, оның сабақты түсінбеген кездері, жолдағы кешкілік кептелістер түкке татымай қалды. Сабақ беруге құлшынысым артып кетті. Өзімді құдды қарыздар адамдай сезіндім. Қарызбыз да...