Ауыл мен қала баласы

Ауыл мен қала баласы
жеке
блог

Ауыл мен қала баласы

            Бірде ағамның баласы хабарласып: «Әпке, қасқырдың, түлкінің, арыстанның «балаларн» қалай атайды?»  деп сауалын төбесінен қойды. Ол ол ма, кейінгі сұрағы мынау: «Қой, сиыр мен жылқының «балалары» қалай аталады?». Баланың көңіліне тимейін деп, күлімсіреп жауап бердім. Кейін көкейімді оның жан-жануарлар төлдерінің атауын білмеуі туралы ой торлады. Алайда, «Асфальтта» туып-өскен бала ғой, қайтсін, шнмен білмей» - деп күрсінгеннен басқа амалым болмады.

            Екінші бір мысал. Әжемнің қаладағы туыстарының үйіне қонаққа келген беті. Әпкемнің тұңғышының қаз тұрып, алғашқы қадамдарын жасап жүргеніне байланысты ата-салтымыз – тұсаукесер рәсімін өткізуге жиналған қуанышты кез еді. Туған-туыс, дос-жаран мол дастарқан басына жиналып,  бүлдіршіннің тұсауын кесу сәті де келіп жетті. Шаңырағымыздың қариясы – әжем ақ батасын беріп, «бісмілләсін» айтып, әлгі бүлдіршіннің тұсауын да кесті. Бір кезде үй ішінде жүгіріп жүрген ұсақ балалардың бірі: «Что это такое? Что вы делаете?» сынды сұрақтарын орысшалап жаудырды да қойды. Әжем де үндемей қалмады. «Осы қаланың балалары-ай! Компьютерден басқа түк білмейді. Ауылда өскен балғындар болса, салт-дәстүрлерді жақсы білуші еді» - деп сөгіп жіберді.

            Негізі, бүгінгі қазақ қоғамында балаларды «қаланікі» және «ауылдікі» деп, бөлу секілді көзқарас қалыптасқан. Оған ешкім шүбә келтірмес. Шаһардың жазылмаған заңымен өсіп-тәрбиеленген бала қазақша шүлдірлеп сөйлеп, жағымсыз қылық танытса, «Қаланың баласы ғой!» деп басынан сипап, жұмсақ қарауды шығардық. Ал қазақи салт-дәстүр бойынша тәрбиеленген, орысшаға шорқақ, алайда, қазақ тілін жетік меңгеруі және өзге де қасиеттерді дала «академиясынан» түлеп ұшқан жеткіншектің бойынан табатынымыз анық. Бұл – балаларды қалалық және ауылдық деп екіге бөлуге байланысты айтылған қарапайым мысалдар ғана. Олар жағымды да, жағымсыз сипатта болуы әбден мүмкін. Бұл қарапайым жайттар санамызға сіңісіп кеткені қашан...  Осының салдарынан олар өздерін бір-бірінен кем санауы да мүмкін.

        Қазақ халқы осыдан қаншама ғасыр бұрын-ақ тал бесіктен жер бесікке дейін адам тәрбиесінің ретін тауып қойған. Сондықтан, дала және қала баласының мінез-құлқы мен ой-санасындағы «кемшіліктердің» орын алу-алмауы тәрбие деген «патшаға» бағынады деген қорытынды шығарамыз. «Сен – ауылдан шыққансың, сен асфальтта өскенсің!» деп бөлуіміздің өзі тәрбиенің осал тұстарынан пайда болса керек...

            Жалпы, балаларды ауыл және қала деп ажыратпасақ қайтеді? Сіз қалай ойлайсыз?