Көктемді қатты сүйем. Әсіресе қайтып келе жатқан құстарды көргенде жүрегім алып-ұшып, балаша қуанамын. «Астанаға көктем кеш келеді» дегендей біздің ауыл тауда орналасқандықтан ол жаққа да көктем кішкене кешірек жететін. Сәуірдің ортасына таман аяңдап келеді. Есімде әлі ауылдан наурыздың демалысында қалаға келгенде автобустан түскенде қатты қысылатынмын. Сібірден келген чукча құсап, қомыт-қомыт киініп алып автобустан екі бетім алмадай болып түскенде, қалалықтар жеңіл күртешемен жүретін-тұғын. Сол кезде онсыз да қызыл бетім ұялып одан бетер қызарушы еді. Содан қаладағы туыстар «Ой қызыл бет ауылбай келді» деп қанды ішуші еді. Кеше аптобыста ауылым есіме түсіп кетіп еді, ауыл жайлы бастаған екенмін, ендеше біздің ауылдың өміріне тоқтала кетейін.
«Ауылдың үздік дискотекасы»- 5-10 адамнан айнала тұрып алып, биге ұқсайтын қимыл-қозғалыс жасап тұратын едік. Ол кезде «Тутамаз», «Букадар», «Черные глаза» деген әуендерге билейтін едік. Сондағы музыкант ағайымыз қойып берген 2-3 сағаттық музыкасын өзімізше «джынды» билеп қоятындай азсынатынымыз бар))). «Ағай, соңғы би, тағы бір соңғы би, енді точно соңғы би» деп шуласып...
«Ауылдың серуені» Кешкісін шұбырған, мыңғырған малмен берге, көрші-көршіні жағалап «аға, бөтен қой бар ма» деп, маңызды бір шаруалармен жүрген делегаттай жүруші едік.
«Ауылдың жақсы жаңалығы»- Кегеннен, Шелектен саудагерлер келіпті!!! Бүкіл ауыл жапа-тармағай жүгіре жөнеледі. Келесі күні бәрі инкубатордан шыққан балапандар сияқты бірдей киініп жүреді. Бірақ ол ешкімге ешқандай ыңғайсыздық туғызбайтын еді. «Кешегілерден алдың ба? Қаншаға берді?» десіп қана жатады.
«Ауылдың біздің кезіміздегі модасы»- джинсы шалбардың балағын 3-4 мәрте қайтарып кию. Оның не сәні бар екенін білмеймін қазір ойласам. Сосын құлаққа дәу домалақ сырға тағатынбыз. Сабақта емес, түстен кейін типа өтетін «факультатив сабақтарға». Менің апам ашуланып «шеш құлағыңдағы арбаның дөңгелегін» дегенге ренжіп жүрсем, сыныптасым Зағираның атасы «құлағыңа бір жолата шаңырақты тағып алмайсың ба» деп ұрсады екен. Ауылдықтар неге екенін білмеймін ш әрпін ч деп сөйлейді көбісі. Сондықтан мен ол жақта Айча болдым. Ал «чемоданды» « шемодан» дейтіндеріне таң қалам.
Біздің ауыл көше болып бөленбейді көбіне «жоғар жақ», «төмен жақ» болып бөлінетін еді. Жоғар жақтың бәрінің руы -таз, төмен жақтың бәрінің руы- сары. Мен ғана –арғын болып «ақ қарға» болып жүретін едім. Еххх ауыл деген жақсы ғой, ауылың болса жақсы, болмаса несі жақсы оның!!!