Ауыл деген жақсы ғой...
блог
Ауыл!..
Осы қыз біткеннің бәрі неге қалаға қарайлап тұратынын түсінбеймін... Он біріншіні бітірген дым-жақсы қыздардың оқуға кеткенінде көреміз соңғы рет. Содан қайтып оралмайды. Қалада тұрақтап қалады. "Карьера" деген кесір шықты ғой қазір... "Болашақ - қалада" дейтін де қағида шыққан ба, білмеймін, ауылдағы бірен-саран қыздарға "қырындай" қойсақ "келешекте қалада тұрайықшы" дейді бірінші. Ал мен керсінше ойлаймын. Содан соң қала мен ауылдың жолайрығында қоштасып жүре береміз...
Тереңдеу ойлай қойсаң, қалада бардың бәрі де ауылда бар екен. Ауылда да барлық жұмысты қаладағыда "тетікпен" басқарып отырмыз. Ғаламтор (мегалайн) бар. Оның да жылдамдығына қанағаттанбай "Қазақтелекомға" арыз тастап, қол жинап едік "уай-фай" дегенді әкеп жатыр. Тағы не керек? Көшенің бәрін асфальттап тастады. Келесі жылы Жанқожа батырдың 240 жылдығы Республика көлемінде тойланады екен. Ауылға орталық алаң (площадь), парк, фонтан, т.б. салғалы жатыр. Аурухананы, мектепті жаңадан тұрғызады-мыс...
Қойш, әйтеуір, ауылдан шыққым келмейді. Мұның бәрін мен неменеге айтып отырмын: "қыздардың құлағына алтын сырға" деп жатқаным ғой
Ауылда қалшы
Келсе де тәтті ұйқыңнан қанша оянғың,
Іздесең де тұрағын жан саяңның,
Жүрегіңнің жұмағын тапқың келсе,
Ауылда қалшы, аяулым.
Болашақтың батпанын арқаладың,
Қарын қамы болмасын бар талабың.
Қиындықпен күресер қайсар болсаң,
Ауылда қал, қарағым.
Қыз баласы қарсы алған таңды өрістен,
Арманы Ай бетіне өң беріскен.
Қиялыңа қалмасын қаяу түсіп,
Ауылда қал, Періштем.
Көңілін көктем етіп жанды ауылдас,
Сезімнің құжатына бармағың бас.
Иран-бақтың гүлзары өзің болып,
Ауылда қал, қарындас.
Қалаға кеткеніңмен талғам қылып,
Қарсы ала ма Арманың алдан күліп?
Тасқа айналып кетерсің тас қалада
Ауылда бол мәңгілік.
Жырымды жүрегіңе жаршы қылдым,
Қалмау үшін артыңда тамшы бір мұң.
Табиғи сұлулығың жоғалмасын,
Ауылда қалшы, құрбым.
Осылай шеш жауабын Ар сұрағын,
Маздатып Шаңырақтың шамшырағын,
Таңертең қарсы алайық таңды бірге,
Ауылда қалшы, жаным!
Ауылда қалшы, жаным!
Мен – Далалықпын!
Жайлауда өстім жамылып бөзін ақ таңның,
Үлкен өмірге Даламды кезіп аттандым.
Бойға сіңіріп жусанның иісін жұпар,
Бесіктен тұрып, тай мініп, қозы баққанмын.
Арманшыл еттің, қиялым биікте асатын,
Малың мыңғырып, кеудеңде киік қашатын.
Бетегелі беліңнен сағыз теруші ек
Әрбір төбең Алатаумен иықтасатын.
Ойламаппын ғой сол уақыт өтеді екен деп,
Бал күнім желмен қашқандай кетеді екен деп.
Қам жеймін, мен де баламды тайға мінгізіп
Тәрбиелеуге жағдайым жете ме екен деп?
Сағынарымды сарғайып бала күнімді,
Аңсайтынымды өзіңдей дара тұғырды,
Жасырынбақ ойнап жүргенде ойламаппыз ау,
Жасырынып сенің де қалатыныңды!
Жеңешемен сырласу
Кеудесін тосып жүрген отқа бекем
Менен басқа уайымың жоқ па бөтен?
Жеңеше,
Қайныңды көп кінәлама,
Тілегіңді қалайша аттап өтем?
Жан екен деп жазғырма жоқ тұрағы,
Жамаулы жүрегімде от тұнады.
Еркін өскен далада мені ескермей
Қыз біткен қала жаққа шеп құрады.
Мен үшін Сенсің жалғыз жаны ауырған,
Баз кештім арманы асқақ сан арудан.
Қорқамын тек аулымнан алыстасам,
Түтін шықпай қалардай самауырдан!
Ауылымда өлеңге өлең қосам,
Жүрегім – жыр,
Оңбаймын оны алдасам.
Қалай шабыт шақырам тас бүркеген
Қалада көкжиекті көре алмасам.
Уақыт мынау,
Тоқтаусыз бара жатқан,
(Хабар келсе қайтемін ана жақтан?)
Үлгеруім керек қой өлең жазып
Жырақта қаладағы сан азаптан.
Жеңеше,
Уайымдама, жырға шөлдеп
Бір сұлу келе жатыр қала жақтан!