Аға сатушының соққан қоңырауы ұйқы патшалығында қонақта жүрген саяхатымның ғұмырын қысқа қылды. Ұйқылы ояу қалпымды пір тұтып, ұялымдағы жасыл түймені басып құлаққа тосқаным сол еді, арғы жақтан:
– Жәке бүгін күшейтілген жұмыс күні болмақ. Тезірек жиналып, жұмысқа кел! -деген бұйрыққа ұқсас өтініші құлағымды шарпып өтті. Қарсы жауап қайырмастан жылы төсегімді ұмыт қалдырып қарғып тұрдым. Қажетіме жарайтын киім-кешек пен құрал-сайманымды түгендеп, таңғы асқа тәбет болмағасын, ұялымнан жан тебірентер әуезді классиканы қостым да, шимай-шатпаққа ұшыраған құлаққабымды ағытып, қос дөңгелегін құлаққа әкеліп тықтым. О шіркін-ай, классикадан артық не бар бұл жалғанда! Үлкен жолға шығып қоғамдық көлікті тосуға бекіндім. Бірәқ кеңестік кезеңнен қалған ескі-құсқы қоғамдық көлікті тосып, оның сылбыр әрі болдырыңқы жүрісімен жұмысқа түске таман жететінім кәдік. Қой, мұнанша бір күн болсын ақылы көлікпен барайын деп қалтамдағы бюджетіме қол сұғып көріп ем, бақандай бес жүз теңге бар екен. Айдың соңғы күндері болғасын қалтамның жұқарып, бюджетіме тоқырау келуі заңдылық. Негізі қалаға дейін үш жүз теңге, менде барлығы бес жүз теңге. Оның үстіне кешқұрым қайтіп келетінім бар. Тәуекел түбі жел қайық, жыламаған балаға ...... жоқ, бұлай бет моншағым үзіліп тұрса мүлдем кешігетінім анық. Мұнанша ақылы көлік тосайын, мүмкін өзім сияқты қой мінез біреу іліп кетер. Қолымда сермеп қалғаным сол еді, төбесіне такси деп жазып алған шетелдің әйтеу бір инәмәркәсі тастан түлкі іздеген қырандай мен тұрған жерге жедел тоқтады. Сырғыма әйнегін түсіріп: -қайда жол тарттың інім? -деп шопыр маған телміре қарай қалыпты.
– Қалаға,екі жүз теңге?
– Кішкене қос інім, қәзір жанармай қымбаттағаныннан хабардар боларсың. Отыр үш жүз теңгеге алып кетейін!-деді. Әй қу шері ағам-ай, не деген дүниеге жақын ең?!-демедім.
– Жарайды. Қалауыңыз болсын!-деп күмп етіп алдына отыра кеттім.
– Тағы да жолаушы алсам қарсы болмассың інім?
– Ала беріңіз. Қу сүйекпен теріден қапталған мен көлігіңіздің қай бұрышына болсын сиып кетемін.
Көлігінің ішіндегі жылыту қондырғылары істен шыққанын отырған соң бірәқ аңғардым. Аздан соң, бармақтарым бүрісіп, өн бойымды діріл қағып тоңа бастадым. Мұны байқаған шопыр да жылдамдығын үдетіп, құдды бір қылмыс жасап отырған адамдай томсарып кетіпті. Құдай-ау, осындай суықты жұғым көрмей бала-шағасының қамымен жүрген қазақтың нар тұлғалы жігіттері аман болсын деп өзімді сабырға шақырғандай болдым. Қолымды қалтама салып, ұялымды жылы орнынан шығарып қуат күшіне қарасам қырық пайызды көрсетіп тұр. Қап,әттеген-ай, жығылғанға жұдырық демекші мұның да сан соқтыруын қарашы а?! Соңғы жаңалықтардан тыңдап, түсінгенім бойынша телефонды қуат көзіне қосып, ұйықтап кетсең оқыс-оқиға болуы ықтимал екен. Содан секем алып қалғасын, кеше қуаттағышты мейлінше алыс ұстаған ем, бүгін кішігірім зардабын тартайын деп отырмын. Жә мұнанша ұйытып отырған классикамды өшіріп, ұялымды жайына қалдырайын. Ең болмаса кешке дейін шыдап берсе жетіп жатыр. Құлаққабымды құлағымнан суырғаным сол еді қым-қуыт тіршіліктің ащы дәмі құлақтан кеп тепті. Көліктің зырылдаған дауысы, әуен ойнатқышта қойылып тұрған мәні мен мазмұны, тақырыбы мен тағылымы жоқ мәңгүрт ән еріксіз жарғақ құлағыма еріксіз еніп жатыр.
Әйтеуір бір сағатқа жетпей қажетті аялдамамнан түсіп қалдым.Күнделікті тасбақа жүрісіме дем беріп, бүгін мейлінше асығыс жүріп келемін. Жұмысымдағы мекеменің бірінші бекетіне келгенім сол еді,кішігірім терезесі ашылған бөлмеден үстіне ақ жейде,қара сым киген күзетші жігіт күтіп алды:
– Бауырым бақандай бір сағат кешігіпсің? түсініктеме жазуға тиістісің?!
– Мені аға сатушы күшейтілген жұмыс күніне шақырды. Сізге ескертпеді ма?
– Атыңыз кім?
– Жандос.
– Охо бауырым айып етпессің, менің жадымнан шығып кетіпті. Кіре беріңіз!-деп жылы шырай білдірді. Кеусеңдеп ішке еніп кеттім. Іштей ренішімді білдіріп, өздігімше бұл істі таразылап қоямын.
Керекті киімімді киіп, бес қаруымды сайлап жұмысқа бел шеше кірісу үшін өзіме қажетті бөлімге бардым. Көзге ұшырасқан әріптестеріммен амандасқасын өзіме тиесілі жұмысыма кірісе кеттім... Белгілі бір өнімді сөреге тізіп жатқаным сол еді, артқы тұсымнан біреу түрткендей болды. Қарасам түрі қазақы әлдебір тұтынушы екен.
– Молодой человек, извините, пожалуйста где конфетный ряд?-демесі бар ма?!
Бастапқыда бұл кісіні азият келбетіне қарап қазақ деп ойлап ем, жаңағы сөзі ол ойымның быт-шытын шығарды. Негізі мұндай дүмбілез әпенделер жиі келіп, орысшасымен мақтанып кетеді(Мұндай мәңгүрттердің арқасыннан дүре соғатын болса ғой шіркін).Зығырданым қайнап кеткені соншалық, қабағымды шыттым да:
– Келесі бөлімге өтіңіз! -деп қолымды меңзедім.
Сәл кібіртектеп қалды да, маған ренжулі жүзін көрсетіп:
– Ты не знаешь Назарбаев чье сказал? -деп қасарыса қалды.
– не айтты?-деп менде шүйліге қадалдым.
– Если гражданин обратился на русском, значит ответ должен быть предоставлен на русском. Того кто так отвечает на казахском, тому кто спрашивает на русском, того уволить показательно! – деп тыныс белгісіне дейін дәйектеп айтып кетіпті. Не айтарымды білмей абдырап қалыппын.Буынсыз жерге пышақ ұрғандай сезілді. Содан соң амалсыз орысша жауап беруіме тура келді. Әлгі әйел дегеніне жеткесін майданда жеңіске жеткен сарбаздай еңсесін тіктеп кетіп барады. Сау сиырдың тезегі емес екенсің!-деп іштей күбірледім.Әй сұрықсыз тілдердің көлеңкесінде қалып, қасіретің тиылмаған ана тілім-ай! Бір кем дүние...