Ауған соғысы ардагерлері күні аталып өтті
блог
15 ақпан – Ауғанстан ардагерлерінің мерекесі, қаза болған жауынгер-интернационалистерді еске алу күні. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толғанын, оның тарих бетіне өшпестей із қалдырған ауыр оқиға екенін адамзат баласы ұмытпайды. Осыған орай, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық сезімде тәрбиелеу мақсатында, Бостандық ауданы, №63 ЖББ мектепте көлемді іс-шара өткізілді.
Мектебіміздің әкімшілігі мен белді ұстазы Б.Б.Сарсенбаеваның ұйымдастыруымен өткен кешжоғары деңгейде өтті.Бостандық ауданындағы мектеп директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен мектеп оқушылары, ауған соғысына қатысқан ардагерлерменкездесті. Бұл кездесуге Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектерін Үйлестіру кеңесінің төрағасы – М.М.Абдушукуров, «Көк Байрақ» қоғамдық бірлестіктің төрағасы – А.Т.Бейсенбаев, Шекара әскерлерінің әскери ұшқышы, капитан – Т.Т.Гарифуллин қатысты. Кездесуді Бостандық аудандық білім бөлімі басшысы А.Ж.Касымбек құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде ауған соғысының тарихы жайлы баяндап өтті.
«Біз, кез келген мектептің оқушыларын өз Отандарын сүюге, қазақ елінде туып-өскендерін мақтан тұтатындай етіп, патриоттық рухта тәрбиелеуге бар күшімізді саламыз. Қазіргі бейбіт заманның өзінде де жер шарының бір бұрышында соғыс өрті лаулап, онда жазықсыз жандардың мерт болып жатқанын, соларды қорғау жолында біреулер асқан ерлік көрсетіп жатқанын осы отырған жас ұрпақ білуге тиіс. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие аясында өткізіліп отырған бүгінгі іс-шараға қатысуға тілек білдірген ардагерлерге мың да бір алғыс айтамын», – деді білім бөлімі басшысы.
Іс-шара барысында, келген қонақтар оқушылардың өз күшімен қойған сахналық қойылымдары мен концерттерін тамашаласа, ал оқушылар ардагерлердің ауған соғысы жайлы әңгімелерін ұйып тыңдады. Өз кезегінде ардагерлер қиындығы мен қасіреті мол ауған соғысы кезіндегі жауынгерлік тапсырмаларын қалай орындағандары, әртүрлі ұлттан құралған әскер қатарының мызғымас достығы мен көрсеткен ерліктері туралы, олардың әрқайсысы интернационалдық борыштарын қаншалықты адал орындап шыққаны жайлы айтып берді.
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шыққан күні ардагерлер үшін тамаша мейрам бола тұра, дәл сол күн осы қасіретті соғыста қаза тапқан интернационал жауынгерлерді еске алу күні де болғандықтан, іс-шараға қатысушылар соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аталмыш әскери іс-шараға мектеп мұғалімдері мен қызметкерлері де қатысып, ардагерлерге өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды, әрі тиісті жауаптарын алды. Бұл кездесуден әсіресе мектеп оқушылары ешқашан ұмытпастай тамаша әсер алып қайтты.
№63 ЖББМ директоры Г.О.Актымбаева