Әуесбайдың Қанаты немесе тағылымы мол кездесу

Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы аясында «Сұңқар» студенттер кәсіподағының ұйымдастыруымен «Керемет» СҚКО – да белгілі халықаралық журналист, тележүргізуші, филология ғылымдарының кандидаты, телерадиожурналистика және бұқарамен байланыс кафедрасының доценті, Еуразия телевизия және радио Академиясының мүшесі (Мәскеу қаласы), Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегері, Қазақстан жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, «Қазақстан – 2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа – директоры Қанат Әуесбаймен тағылымды кездесу өтті.

Кездесуге тек журналист мамандығының студенттері ғана емес, өзге де факультеттен қонақтар келді. Сұхбат барысын модератор Әлібек Қайратұлы өз қолына алып, көпшіліктің көкейінде жүрген Қанат Әуесбайдың телевизия саласындағы имиджін қалыптастырған «Әуесбайдың Қанаты» атауына байланысты сұрақпен бастады.

«Бұл лақап ат емес, - дейді Қанат Әуесбай, - бірде досыммен бәсекелесіп жаңалықтар жүргізіп болған соң «Әуесбайдың Қанаты» деген болатынмын. Басшылық оң қараған соң осы имидж қалыптасып кетті». Кездесу барысында түрлі сұрақтар қойылды, сонымен қатар, Қанат Әуесбай өзінің студенттік шақтағы қызықтарымен әрі өмірден түйгенімен де  бөлісті. Алдағы уақытта «Керемет» СҚКО – да «Қазақстан – 2050» Жалпыұлттық қозғалысының филиалы ашылатынын  мәлім етті және оны басқаратын жас журналист Мәди Ахметов  болатынын да атап көрсетті.

 

1992-1997 жылдар аралығында Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебінде баян сыныбында,  1997-1998 жылдары Абай атындағы гуманитарлық колледжінің халық аспаптары бөліміндегі баян сыныбында оқығанына қарамастан журналист болуына ықпал еткен зағип атасы екенін айтты. Қанат Әуесбайдың айтуы бойынша атасы барлық журналисттердің жазу стилін бірден танып білсе керек. Ал кішкентай Қанат сол мақалаларды атасына дауыстап оқып жүріп журналист мамандығына қызыққан.

Студенттер арасында «Қазақстан дауысы» жобасының финалисті Ерман Бердалы да болды. Гитарада сүйемелдей отырып Қанат Әуесбайдың студент кезіндегі жастар әндері орындалды. Қанат Әуесбайдың өзі де домбырада «Келіншек» күйін шертіп берді. Жалпы, кездесу өте тағылымды, берері мол еркін форматтағы әңгімемен өрбіп отырды. Кездесу барысында әзіл де, астарлы әңгіме де болды. Сұхбат соңында «Сұңқар» кәсіподағы атынан сыйлықтар ұсынылды. 



Бөлісу: