Әуе арқылы жолаушы тасымалы жағынан Қазақстан ТМД бойынша екінші орында

Қазақстан ТМД-ға мүше мемлекеттер ішінде жолаушылар тасымалы жағынан екінші орын алады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

   «Азаматтық авиация саласында соңғы бес жылда негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсімін байқауға болады. Қазақстан әуе компаниялары тасымалдайтын жолаушылар саны 44%-ға, яғни, 4,1 млн-нан 5,9 млн адамға артты. Қазақстан әуежайларының қызметіне жүгінетін жолаушылар саны да соңғы жылдарда тұрақты түрде өсіп келеді, орта есеппен 9%-ға», - деді министр Жеңіс Қасымбек.

 Осы орайда министр Қазақстан ТМД елдері ішінде жолаушы тасымалы жағынан екінші орын алатынын айтып өтті. Ал 2015 жылы Астана (10-орын) мен Алматы әуежайлары (6-орын) жолаушыға қызмет көрсету саны жағынан ТМД-ға мүше елдер арасында үздік он халықаралық әуежай тізіміне енді.

 Айта кету керек, бұл жұмыстардың бәрі «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 68-қадамында қамтылған болатын. Атап айтқанда, Қазақстан арқылы әуе транзитінің тартымдылығын арттыру үшін әуе тасымалын мемлекеттік реттеу қажеттігі айтылған. Яғни азаматтық авиация қызметін британ және ЕО үлгісіне негіздеп құру жоспарланып отыр.

 Бұл тұрғыда, азаматтық авиацияны дамыту мақсатында бірқатар қызу жұмыстар тындырылды. Мәселен, министрдің есебіне құлақ ассақ, елімізде жұмыс істеп тұрған 20 әуежайдың 14-і және 10 жолаушы терминалы күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін Петропавл қаласындағы әуежай терминалына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

 «Қазіргі уақытта отандық әуе компаниялары Қазақстан территориясы арқылы жылына 250 мың жолаушы тасымалдаған. Бұл дегеніңіз күн сайын 900 транзиттік жолаушы тасымалданады деген сөз. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп, 2010 жылдан бері 10 есеге артты. Жаңа рейстерді ашу арқылы 250 халықаралық бағытқа жол ашылды», - деді Ж.Қасымбек.

 Оның айтуынша, енді Астана әуежайының инфрақұрылымын жетілдіріп, Алматы маңынан хаб құру тапсырмасын жүзеге асыру, сонымен қатар халықаралық маршруттар мен қазақстандық әуе компанияларын дамыту арқылы 2020 жылға қарай транзиттік жолаушы ағынын үш есеге арттыруға мүмкіндік туады.

 Осы тұрғыда Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай мен Үндістаннан шығатын жолаушылар ағыны Қазақстан үшін ең тиімді транзиттік бағыттар болып табылады. Мысалға, Қытайдан сыртқа шығатын туристер саны орта есеппен жылына 110 млн адамды құрайды. Осы туристердің 1 пайызын Қазақстан арқылы тасымалдағанның өзінде, транзиттік жолаушылар ағыны елімізде 1,1 млн адамға артады.

Материал Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің   мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша дайындалды


Бөлісу: