АТЫ ЖОҚ ӨЛЕҢ
Күйін кешкен көлеңке мен жарықтың,
Екеумізде кереғарлық бар ұқтым.
Кінәміз сол – мен кешірім сұраудан,
Ал сен мені кешіруден жалықтың.
Өзгелерден ой-ақылым мол, білем,
Соны шашып жүрем оңды-солды мен.
Менен сенің ақылың аз болғанмен
Бәрін жұмсай білесің өз орнымен.
Сен Күн болсаң, мен Түнмін-ау, шамасы,
Суымайтын, жуымайтын арасы.
Ай болсаң ғой, ұғысар ек үн-түнсіз,
Құдай сені Күн қылғанын қарашы!..
Авторы: Алмас Темірбай