Бойжеткен қыз болғанша үйдің ерке қызы болғаныма қуанатынмын. Ағама, әкеме еркелеп еш уайымсыз жүретінмін. Ал қазір «ер бала болғанымда...» деп көп ойланамын. Қыз - жат жұрттық. Анам мен әкемнің қасында тек мектеп бітіргенше ғана бола алатыныма іштей қынжыламын. Одан әрі студенттік өмір, жұмыс. Уақыты келгенде бір үйдің түтінін тұтатып, келін боламын.
Қазіргі күні біздің қазақтың жігіттеріне қарап жүрегім ауырады. «Жігіттердің бәрі сондай» деп көпке топырақ шашпаймын, бірақ анасы мен әкесіне мейірім төгіп, айтқанын екі етпейтіндерден гөрі оларға жекіп, ұрысып, жүректерін ауыртып жүргендер баршылық.
Қыздар мен достары шақырғанда құрдай жорғалап, ал тоғыз ай қарнында көтеріп, екі жыл емізіп, бес жыл арқалаған анасына келгенде аяғы сынған жорғадай болып қалады. Сүйдім деген қызы үшін қымбат әшекей бұйым, иіс сулар ештеңе емес, бірақ анасына бір ақ жаулық сыйлауды білмейді. Анасы мен әкесі «Бұл қызға үйленбе» деседе тыңдамай үйге әкеліп соңында әйелінің қалауымен туып-өсірген қарт анасы мен әкесін я тастап кетеді, я үйден қуып шығады. Бұл бүгінгі заманның ащы шындығы.
«Ата-анаң разы болмайынша, Алла ешқашан разы болмайды» . Ата-анасынан қорықпаса да, құдайдан неге қорықпайды екен?! Өздері мәңгі жас болып қаламыз деп ойлай ма екен... Дана халқымыз «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деп босқа айтқан емес.Өздері де қартаяды, уақыт ешқашан тоқтамақ емес.
Кінә тек жігіттер ғана емес, қыздар сіздер де ойланыңыздар. Сіз біреудің келіні болсаңыз, сіздің үйіңізде де бір келін бар. Өзіңіздің анаңыз бен әкеңізге жақсы қараса екен десеңіз сіз де ата-енеңізге жақсы қараңыз. Ер адамдар бас болса, әйел - мойын.Cіз қалай бұрсаңыз ол солай кетеді. Сіз атаңыз бен енеңізді сыйласаңыз жарыңыз да оларға құрметпен қарайды. Ал сіз күйеңізге әрдайым шағым жасап, баласы мен ата-анасының ортасына от салсаңыз, онда бір отбасының шаңырағын шайқалтасыз...
Ер баланың қолында бар мүмкіндік бар, қаласа анасы мен әкесін төріне шығара алады,қаласа қарттар үйінің алдына тастап кете алады. Ер балалар, түнделетіп клубта,қыздармен қыдырғанша, қолдарыңыздағы мүмкіндік барда ата-анаңыздың ақ сүті мен төккен терін ақтаңыз... Әттең ер бала болғанымда...