"Әттеген-айларымыз" көп-ақ!

Идея керемет, бастамасы жаман емес, алайда нәтижесінің сондай нашар болатыны қалай, а?! "Не туралы айтып отыр?" дейтін боларсыздар, мен сол Қазақстанымыздағы сервис жөнінде, еліміздегі халықпен жұмыс жасайтын мәдени орталықтарының әкімшілігі, жұмысшылары туралы айтып отырмын. Мен Атыраудан Астанаға білім іздеп келген студентпін. Ел ордамызға да алғаш келуім. Сол себептен, қала араламақ болып, "Атамекен" атты Қазақстан картасын аралауға бардым. Жанымда ағам мен апам (әпкем). Кіру ақылы екен, ағам төлегендіктен қанша екенін білмедім. Кассада қазақша, орысша немесе ағылшынша гид таңдау мүмкіндігіміздің бар екені жөнінде қағаз ілулі тұрды. Бірақ гидсіз аралауды таңдадық. Сөйтіп есіктен кіре бергенімізде үстінде не униформасы жоқ, не қазақша мүлде сөйлемейтін де, түсінбейтін де аға шықты. Түр-әлпеті адамды қорқытады әрі өзі бұрқыратып темекі шегіп отыр екен. Бірден жақтырмай билетімізді бердік, ол кісі де ешнәрсе деместен билетті алды. Содан әрі өтіп араладық. Бірден ұнады, жақсы ойластырылған, тамаша, шыныменен де, әр облыстың ерекшелік, құндылықтарын макет ретінде салған. Барлық облыстар сыртта орналасқан да, тек Астана қаласы жабық кішкене ғимараттың ішінде орналасыпты. Соған кіріп қалсақ, ішінде бір топ адамдар жүр екен. Алдында жап- жас бала, 13-14 жас шамасы болуы керек, гид болып жүр екен. Оның да формасы жоқ, бәрінен бұрын, даусы өте жағымсыз екен. Сөйтіп сол адамдармен аралап, жаңағы жас баланы тыңдап келе жатсам, барлығын орысша айтып келе жатыр, ал жанындағы адамдардың бәрі қарапайым қазақша сөйлейтін қазақтар екені көрініп тұр, олар да сұрақтарын әреңдегенде орысшалап баладан сұрап жатыр, ол бала қазақша білмейтінге ұқсайды, орысша жауап береді. Одан байқап келе жатсам, Астанадағы көп ғимараттардың атауларын жастардың қойып алған атауы бойынша айтып келе жатыр екен ("Чупа чупс", "Кукурузница", "Доллар" т.т). Оған қоса, адамдар тарих туралы сұрақтар қойып жатса, ешнәрсе түсінбеген, естімегендей боп кете берді. Оған таңғалып тұрғанда, жанымызға шет ел азаматтары келді. Олар да көп нарсе сұрап, білгісі келіп жүр екен. Бірақ қағазда жазылған қазақша да, ағылшынша да жүргізетін гид болмай шығыпты. Сөйтіп, керемет ойластырылған орталықтың жаңа ашылғанда жоғары деңгейде қызмет көрсетіп, ал уақыт өте келе ешқандай көңіл бөлмей, қалай болса солай қарап жұмыс істейтініне ішім күйіп келді. Мұндай орталықтарды жасауға біршама қаражат кеткені айдан анық, бірақ ел-жұртты қызықтыратындай қызмет көрсетілмегендіктен, шетел туристтери тұрмақ, өзіміздің қазақтарымызға ешқандай жағдай жасалмайтыны өкіндіреді. Бастамасы, идеясы жақсы жерді одан әрі неге көркейтпеске? Мәдениетке жұмсалған ақшаны неге осылайша, халықты еліктіре отырып қайтармасқа? Бұл тек бір ғимарат, бұдан басқа қаншама орындар бар? Дүркіретіп ашып, қыруар ақша бөліп, кейін бір-екі келгеннен соң бітті, қараусыз қалдырып, тоз-тозын шығарамыз. Мұнымен қалай күресеміз, қалай тиімді қолданып, елімізге пайда алып келеміз? Өздеріңіздің ойларыңызбен бөліссеңіздер. Және сіздің де қалаңызда осындай орталықтар бар шығар, оларды қалай шештіңіздер? Алдынала рахмет. P.S. Бұл менің ең алғаш тіркеліп, жазып отырған жазбам. Сол себепті шикілеу болуы мүмкін, түсіністікпен қарарсыздар деп үміттенемін. Әлі де жақсы жаңалықтар мен маңызды мәселелерді көтереміз деп ойлаймын. Рахмет.



Бөлісу: