Атаңнан қалса тәберік сақта оны тым берік!
блог
Менің атам Қанапия Бекетайұлы 1946 жылы Қытай Халық Республикасының Суйдун қаласында дүниеге келді. 1962 жылы Совет Одағының 150 отбасына елге оралуға рұқсатын алғаннан кейін Отаны Қазақстанға алғашқылардың бірі болып оралды. Атамекені Жамбыл ауданына келіп қоныстанды. 1966 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсіп бітіріп шықты. Еңбек жолын «Октябрь туы» атты аудандық газеттен бастады. Ұлы Отан Соғысы кезінде жеңіс күнін еңбектерімен жақындатқан жас қазақ қыздары туралы іздене бастады. Сол ізденістерінің нәтижесінде 1977 жылы «Сексен сегіз қыз» атты жинағы шықты.
Ұлы Отан соғысы жылдары туралы тақырыпты шыңдай түсу үшін қарапайым адамдардың қилы тағдырлары туралы ізденістерін тоқтатпайды. 1980 жылы «Ұмытпа мені күнім» атты жинағы шықты. Бұл еңбегі де жастарға тәрбиелік мәні зор деп табылып Баубек Бұлқышев атындағы сыйлыққа ие болды.
Туған ел, туған жерінің тағылымы мол тарихы жазушыны талай толғандырады. Жамбыл ауданының тарихына қатысты, аудан басшысы Бекболат Тұрысжановпен бірігіп 1982 жылы «Бақыт кілті - еңбекте» деген туындысы жарық көрді. Аталған еңбекте Жамбыл ауданының арыс азаматтары туралы сөз етіліп, олардың еңбектері толыққанды суреттелді.
1990 «Мәңгілік дастан» деген еңбегі түркі әлемінің ғұламалары мен пайғамбарлар өмірі туралы жазылған тың тақырыптағы туынды болды. Жазушы бұл кезде тюркология саласына көп зейін қойды. Бес тілде шығатын халықаралық «Тюрк дуниясы» журналының Қазақстандағы тілшісі болды. Журналдың белді редакциялық мүшесінің қатарына қосылды. Олжас Сүлейменов талантты жазушыға жан-жақты қолдау көрсетті. Редакция мүшелері: Өзбекстан, Татарстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Башқұрстан, Түрік мемлекеті, Мәскеу, Гагауыз, Хахас, Германия мемлекеттерінің жазушылары болатын.
Қанапия Бекетайұлы 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың бас кезінде детектив жанырында көп ізденді. Аталған жанрдағы әңгімелері «Алматы ақшамы», «Лениншіл жас» сияқты газеттерде жиі жарияланып тұрды. Жазушының детектив жанрында қалам тербеуіне 1986 жылы орталық алаңға шыққан қазақ жастарының тағдыры әсер етті. Жазушы жазықсыз жапа шеккен жастардың тағдырына осылай араша түскісі келді. Жазықсыз сотталған көптеген адамдардың тағдырларына араша түсіп, сот
үкімдерін қайта қарауға мақалалары түрткі болды.
Қанапия Бекетайұлы әр жылдары Қазақ радиосы, Қазақ энциклопедиясы, Ғылым Академиясы, «Тамаша» ойын-сауық отауында қызмет атқарды. Республикалық медециналық «Денсаулық» журналының шығуына аянбай еңбек етті.
Он жыл бойы түркі дүниесінің ғұламасы Махмуд Қашқаридың «Диуани луғат ат Түрк» атты еңбегін қазақ тіліне аударып шықты. Сол қиын заманда қағаз тапшылығына байланысты аудармасын қысқартуға тура келді. Тек Қазақстанға қатысы бар жерлерді теріп алып баспаға өткізді. Өзі өмірден өткен соң 1993 жылы «Ана тілі» баспасынан «Түбі бір түркі тілі» деген жинағы жарық көрді. Кейін бұл еңбегіне Әрсен Ибатов деген ғалым түзету енгізді. Қазіргі кезде бұл еңбек жас ізденуші ғалымдарға көп пайдасын тигізуде.
Қазақ тарихына қатысы бар қытай тарихшысы Бан Гудың еңбегін, мұсылман дүниесіне аса қымбат пайғамбарлардың тарихы «Қиса сул Әнбия» атты еңбектерін қазақ әрпіне түсіріп баспаларға өткізді.
Қанапия Бекетайұлының 9 жинағы жарыққа шықты. Шығармаларының басым бөлігі өзінің туған өлкесі Жамбыл ауданына арналуы қаламгердің туған жеріне деген махаббатының шексіз екендігін дәлелдеп тұрғандай. Туған жердің адам өмірінде алатын орны ерекше, киелі ұғым. Туған жердің қадірін Қанапия Бекетайұлы өз шығармаларына арқау етіп отырды. Ол шығармаларын Жамбыл ауданының тұлғаларына арнауының өзі елін сүйгендігі емес пе?!
Қанапия Бекетайұлының есімін есте қалдыру мақсатымен 1999 жылы Қарғалы ауылының тұрғыны, шәкірті Әбуов Қарабайдың бастамасымен кезінде өзі тұрған Гоголь көшесі Қанапия Бекетайұлы көшесі боп аталды. Оған атсалысқан ауыл әкімі Болатбек Сембайұлы Іліпов мырзаның қолдауы да себепші болды.
Бүгінгі күні ауыл жастары Қанапия Бекетайұлы туралы біле бермейді. Осы мақала арқылы ауыл жастарына атамның еңбектерін танытқым келеді.