Атамның әңгімесі

Атам Әліқожа Дәулетұлы жанына немерелерін жинап алып құрани қиссалардан өрбіген әфсана аңыз бен ғибратты әңгімелерді жадымызға құятын. Адамшылықты, адалдықты дәріптеуден бөлек Исламның да қағидаттарын бойымызға сіңіргенін ол кезде аңғармаппыз... Бұл - өлең емес, көңіл түкпірінде қатталған естеліктер жаңғырығы.

Атамның әңгімесі

Кеңейткен Құран нұры керегесін,
Жан атам қасына алып немересін.
Тәтпіштеп әңгімелеп отыратын,
Пайғамбар, сахабалар өнегесін.

Тамағын бір кенеп ап қарт ақыным,
Мұхаммед(с.а.у )дәуіріне жортатұғын.
Әфсана, не аңыз бен қисса-жырлар,
Бойлатып тереңіне тартатұғын.

Желісі бойдан тауып күй-ағынды,
Самғатып салушы еді қиялымды.
...Аллаға арасында жалбарынып,
Қоятын «Иманды ет!»- деп тұяғымды.

«Арам тән отқа ертең ысталарын,
Иманнан- біл- ұятсыз тыс қаларын»,-
Деп пайғамбар өмірін үлгі етуші ең,
Көркем мінез екен –ау нұсқағаның.

Түскені осы болар тұздың ауыр,
Жанашыр, бір – біріне ізгі бауыр.
Әбу Бәкір, Омар, Оспан, Әзірет Әлі,
Ойлаушы ем тумасы -деп -біздің ауыл.

«Шындықтың шығу үшін шың- бағына,
Жұқтырып алма деуші ең кір жаныңа».
Болсын –деп- солардайын ныспы бердің,
Әбубәкір, Омар- деп ұлдарыңа.

Өмірді кеше келе, өсе келе,
Жазғанға шүкір дедік пешенеге.
...Нұры бар мәңгіліктің, жарықтығым,
Қалдырып кетіпсің – ау неше өнеге?!

1. Құрмет көрсет бәріне...

Кішілерімізге мейрімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес. (Хадис)

Мына әлемді ойлаған гүлдетуді,
Үмбетіне пайғамбар сүннеті үлгі.
Тек алғысын алғайсың -деуші еді - атам,
Үлкендерге көрсетіп құрметіңді.

Тыңдап жүре бермейсің, сен ертегі,
Азаматтар өзіңдей ел ертеңі.
Қариялардың болғайсың қызметінде,
Көсегеңді батасы көгертеді.

Тұрмайды өмір, зырлайды дөңгелегі,
Кейінгіге алдыңғы жол береді.
Ұмытпағын, құлыным, бұл жалғанда,
«Не істесең, алдыңа сол келеді».

Шытпа ешқашан қонаққа қабағыңды,
Жаман жерден жалтырат табаныңды.
Жомарт болсаң кісіге қайыры бар,
Құтқа орайды Жаппар Хақ қадамыңды.

Жұғымды бол, жарығым туысқанға,
Назар салмас Жаратқан суысқанға.
Ырысты Алла ұйытар ынтымаққа,
Көршіңмен де тату бол!
Қуыстанба!
Мінезіңді көңіл бөл дұрыстауға.

Ізгіліктің бір түйір дәні егілген,
Тәрбиеңмен көктейді, әдебіңмен.
Адам түгіл жәндікке зиян қылма,
Іздей білсең көп, балам, мән өмірден.

2.Басқа бәле – тілден

Адам баласының қателіктерінің көбісі – тілінен
(Хадис)
Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін, не үндемесін.
(Хадис)

Қадіріне жетпедік сом мұраның,
Рабайсыз сөздерден тоңды жаным.
Атам сөзі құлақта жаңғырып тұр:
«Тілден-балам, тоғызы он күнәнің».

Тіліңменен зікір ет Жасағанға,
Сөзден мүсін абайла қашағанда.
Аулақ болғын қыздырма қызыл сөзден,
Тіл тигізбе, жарқыным, еш адамға.

Отқаным жоқ, ерігіп жас баламен,
Дұрыс түсін, сөз деген – асқақ әлем.
Адам байғұс байланар тіліменен,
Тілден өзге - бар қандай басқа пәлең.

Жүрегіңде тұрса да гүлдеп өлең,
Ақылдасып алған жөн іргеменен.
Қарауыл қой аузыңа, байқап сөйле,
Не сұмдықтан құтылар үндемеген.

Сынар өмір ылдиы, өріменен,
Бабалардың айтқаны тегін емен.
Бар әлемнің тағдыры – бір сөзіңде,
Сөйлер болсаң, сөйлей біл жөніменен.

3.Білімді мыңды жығады...

Аллаһ сендерден иман келтіргендер мен білім берілгендердің дәрежелерін көтереді. Аллаһ не істегендеріңнің бәрінен хабардар
(«Мужәдилә» сүресі 11-аят)

«Раббым, білімді арттыр!»- де»
(«Таһа» сүресі 114-аят)

Білім іздеу парыз әр рас, мүмінге,
Өмір жұмбақ, тылсымын ашты кімге?
Қану үшін телегей сырларына,
Ғылым үйрен шырағым, жас күніңде.

Бұл- жалғанның бұлжымас ережесі,
Толсын нұрға көңіліңнің кебежесі.
Ойлап қара, өзің-ақ, тең бе өмірде,
Ақылды мен ақымақ дәрежесі.

Балам, ісің көп болсын халыққа ұнар,
Ел сөзіңнен тегіңді танып тұрар.
Қалмас үшін қамалып қараңғыға,
Білім ізде түнекті жарық қылар.

Нәсіп етсін, Жаратқан пайдалы ілім,
Тереңіне білімнің бойла, Күнім.
Тұңғиықтан маржанды сүзген сайын,
Көлемдірек ұғарсың ой қадірін.

Табыстырар жатпенен, жақынмен де,
Сол ғылымда қазына, жатыр көмбе.
Ойлы жүзің алаулап нұр шашады,
Көкірегің толғанда ақыл –кенге.

***
Білімдінің байлыққа жаритынын,
Білсе іздер алмастан бар үй тыным.
...Адамзаттың санасы ашылғанда,
Кейін ұқтым Алланы танитынын.

4.Жар таңдау

Дүние-қызықтау, ондағы қызықтардың ең қайырлысы – ізгі әйел.
(Хадис)

Ақылды болсын, балам, алған жарың,
Желге ұшады, әйтпесе, армандарың.
Нәсіп етсе, Жаратқан қайырлы әйел,
Сол болады басыңа қонған бағың.

Сезілгенмен тәтті боп балдан дәмі,
Байлық, мансап адамнан қалған бәрі.
Жақсы әйел – жәннаттың жұпар шашқан,
Көрінісі іспеттес жалғандағы.

Жақсы әйел - жолдасың, сырласың да,
Кеңейтеді өмірдің жылғасын да.
Жаққан отты өшірмей, ұрпағыңмен,
Ұзартады ғұмырды мың ғасырға.

Ырыспенен бастауы берекенің,
Ізгі әйелмен, құлыным, мереке күн.
Жар таңдауда жүрмегін қателесіп,
Болмысыңның байқатқың өр екенің.

Шуақ сыйлар жайнаған нұры өңірдің,
Болатындай жайқалған гүлі өмірдің, –
Жақсы екенін -деп едім қайдан білем,
Тыңда -деді -дүрсілін жүрегіңнің.

***
Өткен күннің парағын ақтарды ұлың,
Атқандай ма арайлап бақ таң бүгін.
Ұғып тұрмын атамның әр айтқаны,
Асыл дінмен астасып жатқандығын!



Бөлісу: