Атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына – 150 жыл

Атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына – 150 жыл
жеке
блог

Атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына – 150 жыл

Қазақ халқының біртуар азаматы, аты аңызға айналған тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына бүгінде 150 жыл толып отыр. Қажымұқан Мұңайтпасұлы – ел құрметіне бөленген, күш атасының саңғылағы, жауырыны жерге тимеген, 56 медаль иегері, әлем чемпионы. Қажымұқан 1871 жылы Ақмоладағы Қараөткел ауылына қарасты Қоспа деген жерде дүниеге келген. Қыпшақтың Алтыбас руынан шыққан. Оның әкесі Ернақұл Мұңайтпас та қара күш иесі болған. Аңыз әңгімелерге сүйенсек, Мұңайтпас отынға барғанда қолына балта ұстамай екі қолымен үлкен ағаштарды тамырымен қопарып, сүйреп кете береді екен. Тіпті әкесі Мұңайтпас өз сөзінде: «Палуандық пен батырлық біздің тоғыз атамыздан бері келеді. Қаншама күш-қуат бітсе де, біздің тұқымда сайысқа түсіп күресу үрдіс болмаған» – деген.

Мұқанның алып, күшті болу себебі де осында. 8-9 жасында ауылдың 15-16 жасар балаларын қирата құлатып жүреді екен. Содан балалар оны Ұлтанқұл деп атап кетіпті. Бала Мұқан жастайынан еңбек етіп, жалшылықты бойына ар көрмей өседі. Ол бірде Степан Кожилин дейтін байға 14 жасында жалшы болып жалданады. Бірде бай оны атшанамен шөп алып кел деп жұмсапты. Қыс мезгілі екен. Қайтар жолда қар жауып, аты шананы тарта алмай зорығып өліпті. Мұқан ойланбастан атты шөптің үстіне лақтырып тастап, жеті шақырым жолды шананы атымен бірге сүйреп алып келіпті. Қажымұқан күрес өнерін өзінің туысы Ержақ балуаннан үйренеді. Кейін Санк-Петербурктегі атақты Лебедевтің балуандар мектебінде әбден шыңдалып толысады. Осы кезде даңқы жер жарған Иван Поддубныймен достасады. Мұқан 17 жасқа толмай жатып атағы шыға бастайды. Алекс Аберг, Збышко Цыганевич, Иван Шемякин сияқты орыс, поляк және Қара Ахмет Мұстафа атты түрік балуандарын жеңіп, аты әлемге әйгілі болады. Түріктің жауырыны жерге тимеген аты шулы палуандарын жыққаннан кейін оған «Қажы» атағы беріліп, Қажымұқан атанды. Жапон балуаны Саракаки Жиндофуды «джиу-джитсу» күресі әдісімен жығады. Ол 1904-1905 жылдары Харбин қаласында болған. 1906 жылы Германия астанасы Берлин қаласында Европа чемпионы, неміс палуаны Тон Кеннедиді жығып, Европада бірінші орын алған. 1910 жылы Берлинде дүние жүзінің чемпионы Ганс Каунды жығып, тағы да дүние жүзінің чемпионы атанған. Қажымұқанның өзінің айтуы бойынша, ол төрт рет дүние жүзінің және Европаның чемпионы атанған, 59 шет мемлекетте болып, 48 медаль алған. Қазақ палуанының күресін әлемнің 24 елінің халқы өз көздерімен көрген. Осының өзі Қажымұқанның халықаралық спорт аренасындағы зор беделіне айғақ болса керек.

Жылдар өткен сайын оның ұлы бейнесі ұлғайып, заңғар күші зорайып, тұлғасы биіктей түсуде. Қажымұқанның абыройы өсіп, атағы бүкіл елге жайылған дәуірі Кеңес өкіметі тұсында ғана. Өмірінің ақырғы күніне дейін бар күшін спортқа жұмсаған ұлы палуан еңбегін аса жоғары бағалады. Жүк ауырын нар көтереді, Ел ауырын ер көтереді  демекші Қажымұқан балуанда ел басына күн туғанда, Ұлы Отан соғысы жылдарында қартайғанына қарамастан, цирк-шапито ұйымдастырып, халық алдында өнер көрсетеді. 1944 жылы қазіргі Түркістан облысының аудандарында соңғы өнерін көрсеткен Қажымұқан, жиналған 100 мың рубль ақша сомасын КСРО Қорғаныс Қорына аударды. Осылайша өз қаржысына ұшақ жасатып оны салтанатты түрде жас ұшқыш – қазақ Қажытай Шалабаевқа табыстайды. Оған ұшқыш Б.Шалабаев отырып талай ерліктер көрсеткен.

Ер есімі ел есінде, осы жылдың қазан айында күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық құрметіне Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіш орнатылды, оны салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов, Грек-рим күресінен екі дүркін Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл және бірқатар спорт және қоғам қайраткерлері қатысты. Нұрсұлтан қаласындағы «Жас Батыр» спорт кешеніне атақты балуанның есімі берілді.

Қорыта айтқанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлы – Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіби балуан. Ол бүкіл өмірін күрес өнеріне арнады. Көптеген жылдар бойы ол қарсыласынан артықшылығымен ерекшеленді, оның көзі тірісінде оның ерлігі аңызға айналды. Сондықтанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлының жеңіске толы өмірі, өзінің туған елін шексіз сүйгендігі, өз халқын әлемге танытқандығы келешек жас буынға үлгі болар деп ойлаймыз.

 

 

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры, т.ғ.д.

Аружан ІЛЕСБЕК, 1 курс студенті