Ата, сіз бақыттысыз ғой...
блог
Ата, сіз бақыттысыз ғой! «Не жаңалық бар екен қалада?», «Қала қалай екен?», «Не бар осы қалаларыңда?» - дейсіз... Ата, қалада қарттар үйі бар. Ол жақта сіз секілді талайдың атасы күн кешуде.
Олардың үйі жоқ дейсіз бе? Олардың бала-шағасы жоқ дейсіз бе? Олар өз үйінен өз еркімен безді дейсіз бе? Тағдыр ғой, ата! Тағдыр ғой... Тағдыр ғой оларды тар қапасқа қамап, көңілдерін қамықтырып қойған. «Балам ержеткенде келінім екеуі жетектеп кеп, қарттар үйіне әкеліп тастасын» деп ойлап па олар? Бала туды, өсірді... Ал ол бала өзі өсті де, өз әке-шешесіне деген жүректегі мейірімін өшірді.
Қам көңілді кәрілерді көрсем, бәрін, бәрін өзіме ата мен әже қылып алғым келеді де тұрады. Бірақ мен олардың өз балаларындай бола алмаймын ғой. Менің маңдайымнан иіскер, бірақ өз немерелерінің иісін таппай құлазып қалады ғой. Өзегінен тепкен өзімшіл баласын сағынып, есік жаққа елеңдеп отырған қариялар қаншама...
Оларды қалай жұбатсам екен? Көлденең өткен жаннан көз жасын жасырып жылап отырған атаның жасын қалай сүртсем екен, а? Ақ жаулығын жамылып, есікке елеңдеген дәрменсіз әженің жанына қалай қуаныш сыйласам екен, а?
Оларға осы қартайған шағында байлық керек дейсіз бе? Мансап керек дейсіз бе? Керегі жоқ ешбірінің де!!! Тек бала-шағасының қасында, туған жерінде, туған үйінде қартайғысы келеді. Өз үйінде көз жұмып, туған топырағында қалғысы келеді...
Біз де ертең қартаямыз... Біз де ертең таяқ ұстайтын жасқа жетіп отырамыз бала көңілді боп. Біздің де сол «суық ортаға» түспесімізге кім кепіл? Білем мұныма қазір біреуіңіз «Бәрі тәрбиеге байланысты» немесе «Сыйлата, қадірлете білуің керек» -деп пікір жазуға дайын отырсыз. Жарайды, баланы тәрбиеледіңіз делік. Ол үшін ата-анасы қанша қымбат болса, сезім сергелдеңіне түскен санасыз бала кесір келіннің айтқанына көне кетеді. Ондайлар бар! Толып жүр ғой. Ұлағатты боп өскен ұлыңыздың бір күні санасы уланып кетуі де әбден мүмкін. Қанша жерден жақсы ұлыма жақсы жар алып берем десеңіз де, өмірді өз дегеніңізге көндіре алмайсыз. Жақсы жарға жаман боп қосылған келін келісемен-ақ кердеңдеп жақтырауы мүмкін сізді. Әйтеуір ұнамай қаласыз. Қорқам...
Ата, сіз бақыттысыз! Өз шаңарағыңызда алып әке боп отырсыз! Шүкір Аллаға! Әжем екеуіңіз алыстап кетпеңіздерші тек... Көрер бақыттарыңыз бар әлі... Біздің болашақтағы қуаныштарымызға ортақ боп, төрімізден түспей отыра беріңіздерші. Мен сіздерді жақсы көрем. Аман болыңыздаршы, алып ата-ана!
Суреттер: kz.all.biz, rus.azattyq.org, nashaagasha.org, cap.ru, diapazon.kz, voxpopuli.kz