Ата мен немере
блог
Ата дегенде ел бірлігі сөзі тіліме оралады. Ел бірлігі үшін ата мен немере арасындағы сабақтастық жібі үзілмеуі керек. Ата мен немере арасында әке бар. Ел бірлігін қамтамасыз ететін үш тұлға: ата, әке, немере. Үш буын, оған сай үш құндылықтар жүйесі. Сабақтастық жібі үзілмеуі керек, егер үзіле қалса, оның қай жерден үзілгенін тауып жалғау – парасаттылықты қажет етеді. Парасат иесі кім, әрине, ол – ата.
* * *
Есім атам ел ішінде беделді болды. Неге десеңіз, ол кісі алаламады, басы артық сөз айтпады, оғаш мінезбен көзге түспеді. Атам туралы жақсы сөздерді бала кезімнен жиі естіп өстім. Олар санамдағы архетиптер.
Бүгінде жұрт аузындағы атам туралы естелік сөздерді саралап отырсам, жарықтықтың расында өз ортасында тұлғалық, ақсақалдық дәрежеге жеткені анық екен.
* * *
Ол кісі: «Адамның мінін бетіне баспа», – деп отыратын.
Осындай мінез байлығы өзім ұстаз санайтын академик Зейнолла Қабдоловқа да тән еді. Заман желі қойнынан да, қоныштан да соққанда бір ағайындар Зекеңнің үстінен жоғарғы жаққа «домалақ арыздар» жіберіп, оның әбден мазасын алған екен. Кейін осы жағдай сөз болғанда марқұм Зекең:
– Қайтесіңдер оны айта беріп, ондайларды аяу керек, – деп келте қайырып тастағаны есімде.
Ауыл, ел іші болған соң, әңгіме-аян, жел сөздер болмай тұрмайды. Кейде сондайлардың бір «қапшығын» буып-түйіп жинап атамның алдына әкеп, «қап аузын» шешіп, ішінен неше түрлілерді шығарғысы келгенде:
– Қарағым, сөз теріп қайтесің. Кімнің болсын жауап берер жері бар емес пе. Адамның адамға сот құрғаны дұрыс болмас, – деп тиып тастағаны есімде. Соншама «еңбегі» босқа кеткен ағайын ызадан алдындағы ыстық шайды ұрттап-ұрттап жіберіп:
– Есеке, сіз тым кең қолтықсыз, ал мыналар болса… – деп әлдекімдерге ашуын білдіріп, ақыры ісі өнбеген соң, дастарқан соңына қарамай тұра жүгіретін. Сонда атам күлімсіреп:
– Өмірге мұндайлар да керек, – деп әңгімені өзге арнаға ауыстыратын.
Атам өмір сүрген заманды қиын, ауыр болды деу әншейін сөздер. Анығында, ол дәуірді қилы заман, – деп бөліп айтқан жөн болар. Ол кісі замандастарымен бірге бірінші жаһандық соғысқа қолдарына күрек, қайла алып қатысты. Минскінің түбінде қара жұмыста болды. Сонда жүріп Әлихан Бөкейхановпен жүздесіп, сұхбаттасты. Осы кездесуді атам ерекше леппен айтатын. Бала кезімізде бізге «төре деген жау» дегенді әбден санамызға шегелеп тастағандықтан, атамның әңгімесіне тіксініп қалатынмын. Жаны шуақ, мейірімді менің сүйікті атамның аузынан маған түрпідей тиетін «Әлихан төре» деген сөз шығатынына таңғалатынмын. Тарих пәні мұғалімінен осы туралы сұрауға талай оқталдым, сұрамадым, атама деген сүйіспеншілігіме күдік түсе ме деген іштей қаупім болса керек.
* * *
Атамның адамдарды алаламайтынының талай куәсі болдым. Ол шежірешіл еді. Бірақ, оның шежіресі адамдарды бір-бірінен алыстатпай, керісінше, туыстырып, түптің түбінде «қарға тамырлы қазақ» дегенге бастап әкелетін. Бұл шежіре мәдениеті. Сірә, менің «бар қазақ бір қазақ» деп жүргенім, осы отбасындағы қалыптасқан шежіре мәдениетінен өсіп-өнсе керек. Дулаттың балалары: Ботбай, Шымыр, Жаныс деген бабаларды мен тұңғыш рет атамның аузынан естігем. Сонда ешқандай бөтенсіп айту жоқ, керісінше, өзіміздің ағайындар деп жайраңдап отыратын. Исі қазақ атамның туысы еді.
Ол кісіден тағы бір қалған сөз: «Қарақтарым, неге қазақша сөйлемейсіңдер?» –дейтін. Мен таңғалатынмын, бәрі қазақша, бірақ ол:
– Бұл қазақ тілі емес, – деп тіл тазалығын, әрі сөз мәнісін бұра сөйлегендерге көңілі толмайтын.
Ол кісі сөздің ұлағаты, мәйегі болады деп отыратын. Бала болып көбіне мән бермедім, тіптен ұғына алмадым. Бірақ «сөз ұлағаты» дегені есімде қалыпты.
Біріншіден, бұл ғылыми лексикадағы, сірә, сөз семантикасына қатысты мәселе, екіншіден, сөздің образдылығына, үшіншіден, «дөң астынан» тұспалдап сөйлеу тәсіліне қатысты болса керек.
Сөздің реті дегенді талай естідім. Бұл да ойланатын жай.
Ол кісі дауласуды дұрыс деп есептемейтін. Сөз түсінбеген адаммен сөз жарыстырма, үндемей қоя қой дейтін.
Өзі ондай адамдармен сұхбат жасауды аса жаратпайтын. Бірақ айтқан сөзім далаға, желге кетті деп өкінбейтін. Атам өткен іске өкінуді бос әуре деп, өзегіне өкініш толған туысқа:
– Қарағым, өткен іс өтті, бәрі Алла әмірі, – деп басу айтып отыратын.
Атам әйел затының «тіліне» жетік еді. Әлденеге қиналып келген келіндерінің қарияның кеңесінен кейін риза болып тарқасқандарын талай көрдім. Не айтты, толық біле бермеймін, әйтеуір отбасын сақтауды үлгілі іс дегеніне күдігім жоқ.
Ол келіндерді мадақтап, қолпаштап отырғанды ұнататын.
Үйге тіптен бір келген адам болса да:
– Қарағым, үйдегі келін тәуір бала екен, – дейтін.
Ол:
– Ақсақал, келініңізді көрген жоқсыз ғой, – десе:
– Көріп қажеті жоқ, мен өзіңді көріп тұрмын ғой. Киген кимің таза, өңің әрлі, көңілің тоқ. Келіннің жақсылығын міне, осыдан-ақ аңғарудамын, – деуші еді биязы мінезіне түсіп.
Келген қонақ дән разы болатын. Былай қарағанда сәл нәрсе секілді, істің астарына үңілсек, ұйысқан отбасының көрінісі шынында да түзде жүрген ер адамның тұла бойынан аңғарылмай ма?
Тағы бірде ол кісінің әйел жақсыны да, жаманды да көбінесе күйеуінен алады. Содан оны балаларына үлестіріп береді. Сонда кей балаға жақсылықтар, қайсыбіріне келеңсіздіктер «егіліп» кетпек. Содан кейін бір ата, бір анадан қалайша бұлай болды деп жатамыз дегені есімде қалыпты.
Мен әр адамды да от демекпін. Отсыз жан жоқ. От азайса адам қартаяды, от сөнсе кісі тірліктен қалады. Тәрбие деген адам бойындағы отты өшіріп алмау немесе шамадан тыс өршітіп алмау. Екеуі де қауіпті. Оттың от қалпында жануын мен адамшылық өрісі деймін. От лапылдап кеткенде экстремистер, террористер, революционерлер, соғысқұмарлар өсіп шықпақ. Грек мифологиясындағы құдайлардың отты адамдарға бермегендігінің мәнісі де осы болса керек. Жаратқан бермеген отты ұрлап алған Прометей бейнесі революционерлердің символы болғаны да көп мәселені аңғартады. Қазақ дүниетанымында сабыр деген ұғым бар. Сабырлы болу ақылдылықтың, зиялылықтың белгісі. Парасатты адам сабырлы болады.
Атамда мінез сабырлығы мол еді.
* * *
Маған мінезі көркем адам кім десе, бірден:
Ол менің атам, – дер едім.
Өсе келе, менің үлкендерге деген құрметімнің өлшемі де осы кісінің көркем мінезі болды. Жасы келген жандардан көркем мінез көрмегенде ішім құлазып қалады. Неше жасқа келгендерде ақсақалдық жоқ. Бүгінде өзім де талай жасқа келдім, ішімнен атаммен салыстырамын, бірақ деймін, кейінгі кезде сол «бірақтың» жауабын тапқандай болдым.
Біздің алдымыздағы үлкендердің дені өтірік айтты, бізді алдады, санамызды жалған іліммен улады, екіжүзді болды. Ал, Есім атамның аталары ондай іске бармаған сыңайлы, олардың табиғаты бөлек, сенімі, діні таза, ата-баба өсиеттеріне адал болды, олар жастарды жалғандыққа, өтірікке үйретіп, саналарын уламады.
Біздің ұрпақ қазақ болғанымызды «кінә» етіп таққан заманда ғұмыр кешті. Бай – надан, би – алдаушы, қазақ болып ғұмыр кешу – артта қалушылық, қазақ мектебінде білім алу – сауатсыздық, алда – «жарқын болашақ коммунизм». Мұның бәрі біздің табиғатымызды, бойымыздағы отымызды бұзды, рәсуа етті. Сол мибатпақтан енді-енді шығып келеміз.
Өтірігі мол қоғамда сабыр деген өз мағынасын жойып алады екен. Мұндағы сабыр деген айтқанға көн, айдауға жүр деген құлдық сана шырмауы. Төзімділік дұрыс шығар, бірақ неге болсын төзу ол тұлғаның еркінен айырылғаны, адамның «менінің» жойылғаны. Кеңес заманы бізді осылай тәрбиелеп, бойымыздағы отымызды «мұз-сенім» коммунизмге апарып өшірді.
Хакім Абайдың қайғы шығар ілімнен дейтіні осы. Бұл деген шайтандық, ал шайтанда сабыр бар деп кім айтты?
– Балам, сабыр түбі сары алтын, – дейтін менің Есім атам көркем мінезіне салып.
Аман болсын басыңыз,
Ағармасын шашыңыз.
Шөбере сүйіп әлі де,
Жүзге жетсін жасыңыз...
Дайындаған Молдахмет Нұржан!