Ата-анасы баласының өмірі жайлы біле ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қазақстан Республикасының Президенті:

   «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді».

(«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Түркістанда өткен құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінен).  

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингті тоқтату еліміз бойынша қолға алынып отыр. Алдағы уақытта бұл  мәселе отбасы, мектеп, қоғам назарында болады деп сенеміз.

Соңғы жылдары оқушылар арасында әлімжеттік жасауы жиілеп барады. Мұны «Булиинг» дейді. «Bullying» — ағылшын тілінен аударғанда  «кемсіту», “келемеждеу”, “қорлау” – дегенді білдіреді.

Жасөспірімдер арасында бір-біріне күш көрсетуді тоқтататын – тек отбасындағы тәрбие, ата-ананың қадағалауы. Көп жағдайда, мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік мәселесінде ата-ана мен ұстазды көпшілік кіналайды. Алайда, балалардың көп нәрcені сырттағы ақпараттан алып, соған ұқсағысы келіп, екінші бір балаға тәжірибе жасап көрмек болғаны ескерілмейді. Нәтижесінде  балалардың басы үлкен дауға қалуда. Сырттағы ақпарат – телефон арқылы көретін дүниелері. Жасы үлкен адамдардың айтуынша, мектеп жасындағы балалардың бір — біріне әлімжеттік жасайтындары бұрыннан келе жатқан  жайт. Алайда, дәл бүгінгідей тамырланған жоқ еді.

Кеше ғана Өскемендегі құрбысын сауда үйінде аяусыз соққыға  жыққан қыздарға үкім шықты. 14 қыздан жауап алынып, оның үшеуі кінәлі деп танылған. Ойланатын жайт! Соққы беріп жатқан 3 қызға 11 қыздың төбелесті қызықтап тұрғанша, оларды ажыратуға шамасы жетпегені ме? Ең сорақысы сол, көшеде, мектепте жәбір көрген адамға көмектесу, өзі көмектесе алмаса көмекке шақыру жоқ. Жанталаса телефонға түсіріп, бейнежазбаны әлеуметтік желіге таратуға асығатындардың жайбарақаттығы да жасөспірімдерге әсер етуде. Ұлдар мен қыздар сондай әрекеті арқылы өзіне қаралым жинап, көптің назарын  аударғысы келеді. Ал, осындай бей-жай әрекеттің соңы өкінішпен аяқталатынын ойлаулары қажет. Қылмыс жасаған адамды ешкім құтқара алмайды, ол – заң алдында жауап беруі тиіс.  Мұны балаларының құлағына күнде құйып, оның салдары неге апаратынын мысалдар арқылы айтып отырса, әрине бала өзінің болашағын ойлап, жат әдеттен аулақ жүреді. Қасындағы құрбыларына да айтады.

Арнайы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда әрбір үшінші жасөспірім құрдастарының тарапынан қысымға ұшырап, буллингтің құрбанына айналады. Ең сорақысы, мұның арты өліммен аяқталуы да мүмкін. Жеткіншектердің арасындағы буллингтің қалай алдын алуға болады? Еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің 17 пайызы буллингке ұшырағаны туралы ресми деректерден білуге болады. Қатарласын қорлауға баратын оқушылар неліктен осы әрекетке әуестеніп келеді деген сұрақ төңірегінде түрлі ой айтуға болады. Өзін өзгелерден ерекше көрстеу үшін, қызбалыққа салыну, есе жібермеу десек, бір-біріне әлімжеттік жасайтын жасөспірімдердің  арасында ақша бопсалау фактілері де жиі бой көрсетеді. Бұл жөнінде психолог мамандардың пікірін тыңдасақ:

—Балалар арасындағы буллинг бұрыннан бар нәрсе. Тек қазіргі уақытта телефонға түсіріп алу, оны таратып жіберу секілді әрекеттер бұл мәселені одан бетер өршітіп жіберді. Сонымен қатар қазір буллингтің физикалық түріне қарағанда психологиялық шабуылы көбірек байқалады. Балалар арасындағы суицидтің көп белең алып кетуі де осыған байланысты. Алайда біз бұдан физикалық буллингке қарағанда оның психологиялық түрі қауіпті болады деп айта алмаймыз. Бұлардың екеуі де қауіпті. Мысалы, физикалық шабуыл кезінде қудалауға ұшыраған баланы итеріп жіберіп немесе ауыр соққы жасаса, психологиялық түрінде баланы шеттету, мазақтау, күлкіге айналдыру болады. Мұның барлығы да ақыл-есі қатпаған жасөспірімге ауыр әсер етеді», –  дейді психолог, PhD Балабек Сақтағанов сұхбатында:

«Айтуға оңай» — деген қағида бар.

Мен де қоғамның бір мүшесі, мектеп бітірген түлек ретінде өз ойыммен бөлістім. Мемлекет басшысы айтқан балалар мен жасөспірімдер арасындағы бір-біріне әлімжеттік жасау мәселесі бір қарап өтіп кететін көрініс емес екенін айта отырып, қоғам болып көрген, естіген жерде буллингпен заң аясында күресе білгеніміз абзал демекпін. Айналып келгенде, өскемендік қыздарға қайта орала келе, ойланбай істеген ісінен бірінің анасы қызметінен кетті. Бала үшін анасы да жазаланды. Ертең – ол ана жұмыс таба алса, жөн. Таба алмаса, отбасын қалай асырайды? Беделі не болды? Анасы қызына өзіңмен бірге жүрген қыздарды соққыға жық демегені анық. Мектепте де ұстаздар, мектеп психологы тарапынан осындай әрекеттерге бармау, алдын алу туралы жиі айтылады. Алайда, өкінішке орай, жасөспірімдер арасындағы буллингке нүкте қоя алмай отыр.



Бөлісу: