ата-ананың қадірін білейік
блог
Ата- анамыздың қадірін білейік.
Неменеңе жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне
Бірі күтіп, әнеки ,жағада тұр.
Аңғарған адамға осы бір өлең шумағында қанша мән- мағына жатыр.Көп оқығаннан сұрама, көп көргеннен сұра демекші, көпті көрген шежірелі қарттарымыздың қарасы жыл санап азайып барады.Қариясы бар үйдің қазынасы бар , ендеше сол қазынамыздың қадірін біліп жүрміз бе?
Түбегейлі жоқ десек, ата-анасын құдайдай сыйлап, немерелерінің ортасына отырғызып, ақылын тыңдаған үлгілі отбасылар бар.
Иә дейін десек, еліміздегі алпыс жеті қарттар үйін, сонда жатқан он екі мың қарияны қайда қоямыз? Бала кезінде әлпештеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген перзенті, өз қолы өз аузына жеткенде , кәрі ата- анасының кеудесінен итеріп, керексіз заттай лақтырып кете бергені де...
Мұндай тасбауырлық қазақтан басқада бар екен десе, көңіл шіркін аз ғана алабұртып қояр еді-ау, ал қазақтың баласынан шықты десе, жүрегіңе қанжар қадалғандай болады.
Түн ұйқысын төрт бөліп, мұзды бесік таянған анасының, баласының келешегі үшін маңдай терін төккен әкесінің қадірін білмеген, адамдық қасиеттен жұрдай қазақ ұлдары үшін ұяласың. Күзгі жапырақтай ғұмыры қалған, қартайған әке-шешенің бала- шағадан жырақта өмір кешкені қандай аянышты.
Қарттар үйінде баласының жолын сарыла күткен қариядан: «Бұл жерге қалай келдіңіз?»- деп сұраса,- «өз еркіммен»,-деген жауапты алады. Өле- өлгенше баласын қорғаштап, жамандыққа қимайтын, қайда жүрсе де перзентінің амандығын тілейтін ата- анамыздың қадірін білейік.
Ертеде бір патша:
-Елдегі бар қарияны жардан құлатып жіберіңдер, олардың бізге еш пайдасы жоқ,- деп жарлық береді.Сол жарлықты орындамақ болған жігіт қарт әкесін жар басына әкеліп, құлатпақ болғанда әкесі:
- Балам, мені осы жардан құлатсаң, менің жасыма жеткеніңде балаңда осылай етпей ме, мен сені ойлап тұрмын,- дейді.Судың да сұрауы бар, ата-анаңа не істесең, өзің ата-ана болғанда алдыңа келер.Осыны ұмытпайық.