Ата-ананы әрдайым ардақтайық, ағайын!!!

Ата-ананы әрдайым ардақтайық, ағайын!!!
жеке
блог

Әкең мен анаң саған өмір берді және олар сенің бақытың үшін өмір сүреді. Солардың денсаулығы мен тыныштығын сақта. Оларға күйік болма.

Сенің адал өмірің, сенің еңбек сүйгіштігің, сенің білім алудағы, еңбектегі табыстарың-ата-анаң үшін зор бақыт. Өз үйіңе бақыт әкел. Ана жүрегін сезе біл,оның жанарындағы шапағат пен тыныштықты, бақыт пен қуанышты, алаңдаушылық пен мазасыздықты, абыржу мен ренішті көре біл. Егер сен бала кезіңнен анаңның көзінен оның жан дүниесін көре білуді үйренбесең, адамгершілік жағынан өмір бойы тәрбиесіз болып қаласың.

Анаңа да, әкеңе де шыншыл бол. Ата-ананың құптауынсыз  істеуге болмайтын нәрсенің бәріне солардың рұқсаты мен ризалығын сұра. Ұл мен қыздың шын еркіндігі тыңдай білер балалардан шығады.

Адамның үш жұты бар:олар-өлім, кәрілік, және жаман бала,-дейді украиндардың халық даналығы. Кәрілік-келмей қоймайды,өлім-алмай қоймайды, оларға ешкім де өз үйінің есігін жауып алып, қарсы тұра алмайды. Ал үйіңді жаман баладан  да өрттен қорғағандай қорғауың мүмкін. Бұл ата-аналарға ғана емес,сонымен бірге балалардың өздеріне де байланысты.

Тыңдағыш ұл, тыңдағыш қыз болу-өзіңдік тұрпат-тұрғыңнан айрылу деген сөз емес. Ата-ананы сыйлау-елпектеп бас ие беру деген сөз емес. Амал не,өмірде әмір етуге моральдық қақысы жоқ,сыйлауға да, ырқында болуға да тұрмайтын кейбір әкелер мен шешелер кездесіп қалады. Егер сондай адамның баласы болу маңдайыңа  жазылған болса,шындық үшін күресе біл,өзіңнің адамдық қасиетіңді сақтай біл,қайыспайтын бол.

Егер семьяда қайғы, бақытсыздық, ұнамсыз жайт болса, онда семьяны аман алып қалу жөніндегі сенің жауапкершілігің арта түседі. Тек өзіңнің қажырлы еңбегіңмен ғана сен ата-анаңның жан дүниесін жайландыра аласың. Сен өзіңнің бірінші жалақыңды алғанда анаңа,әжеңе сыйлық алып бер. Бұл сыйлық-өзің айтар алғыстың белгісі.

Қарт адамдардың үйретуге де,ақыл айтуға да қақысы бар. Бұл моральдық қақыны құрметтей біл.

Кәрілік бақыт бола алмайды. Бақытты кәрілік дегенді надандар ғана ойлап тапқан. Кәрілік тыныштық немесе қасірет қана болуы мүмкін. Сый-құрметке ие болғанда ғана ол тыныштық болады. Ұмытшақтық пен жалғыздық оны қасіретті етеді. Аталарың мен әжелерің,аналарың мен әкелеріңнің қарттығын қасіретке айналдырмаңдар. Адам өзінің ұрпағы арқылы өмірде көп жасайды. Адамның өлмейтіндігі осында.

Өлгендердің бейнесін үнемі есте сақтап, айта жүріңдер. Жан дүниесінде өткеннің бейнесі жоқтың болашағы да жоқ.