Ата-ана - бақыт

Ата-ана - бақыт
жеке
блог

Өмірге келген әрбір жанның басына берілетін бақ пен Алланың әмірімен жазылған өмір жолы, тағдыры болады. Әр адам өз арман-мақсаттарымен, алған тәрбиесімен ерекшеленеді. Сол тәрбиені беруші – әлпештеп отырған ата-анамыз. Ең бақытты жандар – ата-ананың мейірімін, қамқорын көріп, қасында жанашыр анасы мен қамқор әкесі барын біліп, жан жылуын сезініп өскендер. Ал сол бақыттың қадірін ұғына алып жүрміз бе?! Ата-анамыз өзіне тиісті құрметті көріп жүр ме?

Бүгінгі ата-ананың рөлі, расымен-ақ тым төмен түсіп барады. Қолдағы алтынның қадірі жоқ деген. Ата-анасы балам қатарынан қалмасын, қиналмасын, еңсесі тік жүрсын, ауырмай-сырқамай аман жүрсін деп бала жағдайының барлығын жасауға тырысады. Ағаш секілді жемісін де, жапырағын да, бұтағын да, жанын да, тәнін де береді. «Түн ұйқысын төрт бөліп» деген даналық бар қазақта. Бар айтпақ ойымыз осы сөздердің астарында тұр.

Ал бұл жақсылықтары үшін әке-шеше баладан еш ақы сұрап жатқан жоқ. Ата-ана қадірін оның ең басты бір ғана әрекетінен-ақ түсініп, сыйлауға болады ғой. Олар саған басқа ешкім бере алмаған нәрсені берді. Саған өмір берді. Ол өмірді саған дос та, махаббат та, ұстаз да, ғұлама да бере алмас еді. Алғаш басқан қаз-қадамымыз, былдырлап шыққан алғашқы бала тіліміз, қолыңа шоқ гүл алып, мектепке барған сәтіміз, алтын ұядан түлеп ұшқан кезіміз, осы сияқты әр алуан өмір тынысында ата-анамыз қашанда жанымызда. Олардың орнын басар адам жоқ және болуы да мүмкін емес.

Өмір – сын. Адам баласы болған соң қиындыққа тап болып, тығырыққа тірелер күндер болады. Осындайда жаныңнан ана мен әкеден басқа табылар жан кемде-кем.

отбасы

                   Ана керек, адамдар, ана керек адамға,

                   Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

                   Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

                   Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!?!

                                               (Төлеген Айбергенов)

Өлеңде тек «ана» деген сөз айтылса да, дәл қазіргі менің ата-ананы сыйлау туралы ойымды шынайы түрде ашып тұр. Ана мен әкенің орны екі бөлек болса да, перзент үшін екеуі теңдей ұлылық.

Қанша байлығы тасып, атақ-даңқы жер жарып, бүкіл елге сыйлы болса да, ата-анасына деген мейірім-махаббатын, сый-құрметін көрсете білмеген адам – адам емес.

«Үш арқалап барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген дана қазақ.

Әкеміз бен анамызға пана болып, жылы-жылы сөздермен қуанту, әрдайым жандарынан табылу – күнделікті өмірдегі басты қағидамыз десем, қателеспеспін.

Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ. Тауы үгіліп, сағынан сынған, бұлағы тартылып, тамыры үзілген қаншама. Тек соларға ғана қарап, бой түземей, жанымыздағы бақытпен дәл қазір шаттану керекпіз.  

фэмили