Сабақтары аяқталған соң балаларды мектептен алып келдік. Машинадан түсіп бара жатып Рамазан менің қолыма бүктелген бір қағазды ұстата салды да өзі тез үйге кіріп кетті. Мен бөлмеме келіп жаңағы қағазды ашып оқыдымда жолдасыма көрсеттім. Ол қағазда: " Мама папа бұл Рамазан. Раxмет сіздерге. Мен сіздерді жақсы көремін" деп жазылыпты. Қатты толқыдық. Он жасар баланың бос қалған маxаббатының орнын толтыру, оның сенімін қайта тудыру біз үшін үлкен бақыт осы еді.
Алғашқыда машинадан бір- бірін итермелеп, не машинаның есігін, не қақпаны жаппастан өз жөндерімен жүре беретін балалар енді "мен ашам", "мен жабам" деп таласа жүгіретін болды. Жұмыстармен сыртқа шығып кетіп, үйге келген кезде алдымыздан папалап, мамалап, қолымыздағы заттарды алып, құшақтай бастады.
Жаңа мектепке барған баларды өзіміз апарып, алып келіп жүрген болатынбыз. Мектептен алып келуге енді барайық деп, қақпадан шыға бергенде есік алдында Рамазан: " мен үйді өзім тауып келдім" деп мәз болып тұр.
-Онда Еркін қайда?
-Еркін мектепте қалды. Адасып кетем деп.
Мектепке келсек, сол күні сабақ ерте аяқталып, балалар тарқап кетіпті.
Еркін жоқ еш жерде. Іздемеген жеріміз жоқ. Мектептегі сыныптар, көшелер, жан жақтағы үйлер- барлық жақтан оқушылар мен мұғалімдермен бірге іздеп таппадық. Бала бағу оңай болып па? Стресс деген осы шығар...
Бір жарым сағатта қандай ойлар келмеді десеңізші.
Не бетімізді айтамыз енді...деп тұрғанда Еркініміз асықпай келе жатыр астыңғы аялдама жақтан. Сөйтсек жоғарғы мен төменгі көпірді шатастырып алыпты. Қойшы сонымен, баламыздың аман - есен табылғанына қуанып, үйге келдік.
Кешкісін бәрін отырғызып қойып, бүгінгі болған оқиғаны айтып, олардың дос екенін, енді дос қана емес олар бір -біріне бауыр болатынын, ал дос пен бауырды ешқашан жалғыз қалдырып кетпеу керек екендігін, не жағдай болса да бірге көру керек екендігін, олай болмаса бұл сатқындық деп аталатынын саналарына құйып, үйретумен болдық.
Міне, адам болмысының негізгі түбегі- достық, бауырмалдық, жанашырлық- жетім балаларда жетіспеушілікте. Бұл қасиеттер тіпті ағайынды баларда да жоқтың қасы. Жоғарыда айтып өткен үш ағайынды- Тимур, Карина және Керім бірін бірі минут сайын жамандап тұрады. " Ананы қалаңызшы Тимур ұйды, Керім ойыншық сындиды", " ананы қалаңызшы Карина бәйін бұзды". Бұларға үздіксіз "ол сенің ағаң, ол сенің әпкең, ол сенің інің, бауырың" ," артынан барып қарап тұр, көмектес, сұрағанын алып бер, оған тиме... " т.б. т. б. деп бауырмашылдық екпесін егумен келеміз. Бұлар тек балалар үйінен алған тәрбиесі емес, басында өздері туылған үйден алынған тәлімді кішкентай кездері болсада сіңіріп алғандығы. Мысалы: үйдің бәрін ақтарып жүру, дәретxананы дұрыс пайдаланбау, мұрын боқтарын жатқан жерлеріне жаға салу (сейсеп, кілем, диван, палас, орамал) біреудің затын сұрап алу, ұрлап алу, өтірік айту т.б. қылықтары жетерлік. Осындай жаман әдеттерінен тек бастан сипап арылта салу мүмкін еместігі белгілі. "Әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа болмаса тәрбиенің бәрі бекер кетері сөзсіз.