Ауылда туылсам бір сәрі, қалада туғаныммен қоймай «ауылшылмын»... Айдаладағы ауылға әкеліп тастаған әкеме қарыздар шығармын осы... Көкесі мен апасының алдына түсіп тымпылдағанмен, көбіне айтқанын орындатқызатын қыңыр қыздың ондағы бар арманы қалаға кету, әкесінің мойнына асылып, қатулы жүзіне күлкі сыйлау болатын...Онан бертін сан қаланы көрсем де, осы аядай ауылды көргендегідей жүрегімнің дүрсілін сезбедім...
Шелек-шелек су көтертіп, қап-қап мақта арқалатқан ауылдың жалғыз міні мені нәзіктігімнен айыра алмағаны ғана. Сонда да басқалардай қыста шанамен қоса қырдан төңкеріліп, жазда арықтағы суға тұншығып, күз бен көктемде малмандай су болып, батпаққа батып қайтатын кездерімде көрші үйдің баласына ұрысатынымды ойласам... Құдды бір өзім мұнтаздай тап-таза болып келе жатқанымдай... Құдды бір өзім моп-момақан жан сынды...Әйтеуір, ақсаңдаудан қолы босамайтын сол досымның қасында ілмиіп өне бойы бірге жүруші ем...
Екеуіміз тым қу болатынбыз... Біздің үйге ұрланып кіреміз де, тығылып тапсырманы теңдей бөліп орындап, әп-әдемі етіп көшіріп аламыз... Екі сыныпта оқығандықтан «5»-ке қол жеткізу бізге түк қиын болмайтын... Ол ауылдың қара қызына ғашық еді... Онда ауылдың балалары «қаланың қызын» менсініңкіремейтін... Әрине, алты жасынан ыдыс жуып, үй жиып, ас әзірлейтін оларға жету, екінші қабатта тұрып жерге аяғыңды созғанмен пара-пар сынды көрінуші еді.Олар сызылғанда, менің сыпайыгершілігім сыртта қалып қоятын...
Қазан-ошақтың басындағы алғашқы жұмысымды жеңгеме өлең оқып беруден бастағамын... Ал қазір өзім тұп-тура солардың жасына жетіппін... Әлі оларға еркелеуден қолым босамай жүргенін ойласам, ұялып кетемін... Мен де ауылдың тіршілігіне қанығып, тірлігін меңгеріп алдым...
Мектепте алдыңғы партада отыратын баланың кітабынан өзімнің атымды көріп, әбден мазақтағаным есімде...Ақымақ басым, ұялудың орнына ұялтуға құмартқаны несі?! Ол да сыныптың үздігі есесін жібермеді... Сонан бастап «сары қыз» дегенді ести қалсам, сол бала есіме түсіп, зығырданым қайнайтын. Өмір де «ал, көріңдер!»-деді ме, есейгендегі жақын сырласыма айналдырып жіберді...
Әйтеуір, алты хатты бір күнде құшақтағанымды ойласам еріксіз езу тартамын... Мен оларды «аға»,-деп қана сыйлап жүрсем, мұндағылар мені қарындасы қылғысы келмейді екен-ау деп кейіп алғанмын... Ішіндегі әкем реңдес баланың хатына айрықша қуанып, сақтап қойғанмын... Апам көріп қойып, оңдырмай сыбағамды берді...Менің не жазығым барын әлі күнге дейін ұға алмай келемін...
Байқау мен мүшәйра деп талай жерді кезсем де, ең ақырғы сыныптастарыммен қоштасқанда ғана отырысқа барыппын... Онда да ұстаздарымыз біліп қойып, тығылып, «сұмырай келсе су құриды» болған... Олар мені айтқан шығар, мен... мен сол бір жандарға жаба салғамын...
Кейбіреулер үшін өріске мал айдап шығатын жігіттердің әрекеті күлкілілеу көрінетін шығар, ол менде де болған... Басқа түссе қашып құтылу қайда, жазық даланы кезіп сіңілім екеуіміз күн ұзақ мал жаюшы едік... Қалағанымша айғайлап, кең даланы басыма көтеретін кездерімді ойласам сағынып кетемін...
Көз ұшында тұрған алқаптың о шеті мен бұ шеті ұшы-қиыры жоқ шексіздік... Сол шетсіздіктің ортасында кеппен арқалап, ән салып, би билеп, онан қала берді бауырыммен басына жеткенше ренжісіп, табысып үлгеруші ем... Ол да сағыныш...
Мұның бәрін неге шұбыртып отыр деп ойлап отырған шығарсыз... Кеше ауылдан қайттым... Сазайымды беретін апам түгіл, көрші үйдің ақсақ баласын да таба алмадым... Бәз-баяғы асты-үстіме түсетін көкем көк кеппені мен аппақ көңілін әлі жоғалтпапты... Еркелеп барып, маңдайынан сүйіп, құшағыма сыймайтын алып денесін қаусыра құшақтаймын... Мына ауылдағы бар бақытты маған үйіп бере салған осы бір жан ғана сияқтанып кетеді... Кең көрінетін көшелерім мен көз ұшындағы алқаптың ұзақтығы шамалы-ақ... Бәрін де үлкейтіп көрсететін балалығымның алыстап бара жатқанын аңдадым. Апыр-ай соншалықты тірлікті игерген мен бе деймін ішімнен өз-өзіме сеніңкіремей...
Өлі тыныштық... Ауыл көшесінде тірі жан жоқ...Бұрын доп қуып, резеңке секіріп, онан қала берді бір-бірімізді өкпеміз өшкенше қуатын жер осы ма өзі?! Қараша ауыл, саған қаланың бір қызы жетіспей жүрген сыңайлы...Мен сенің асыранды қызың болғаныма өкінбеймін... Кейде өзім туған қала маған саған қарағанда өгейлеу көрініп кетеді...
Мен саған жүрегімді арқалап келіп тұрам... Сен мені кеудемнен итермесіңді сеземін...