Асылзат АРЫСТАНБЕКтің өлеңдерінен шындықты көрем

Есілді ен жайлаған ерен қала, 
Көзден ұшып барады көген дала.
Өмірде бәрі өткінші,
Өртенеді,
Өлмейтін Ақын жазған өлең ғана.

Шыны қала ішінде шекпенділер,
Ал шайырлар күлсе тек кекпен күлер.
Қаланы да жалғыздық жайлайтынын,
Жалғыздықтан мұң-нала шеккен білер.

Ығыстыр, шыны қала, құмдарыңды,
Қызды – күң, құл ет тағы ұлдарыңды.
Несіне емексітіп әурелейсің,
Ұяттан күнде өлетін сір жанымды.

Есіл де еркеліктен ада қалып,
Қала мұңға батып тұр,
Қала налып.
Ауылдан ат тондарын ала қашып,
Қайда жөңкіп барады қара халық.

Безерген бетон үйлер не біледі,
Қамалған қала соған егіледі.
Есіл жасым Есілге құя беріп,
Ернеуінен бір күні төгіледі.

Дала көркем емес пе?
Дала ғажап!
Жаным қайрақ боп кетті қала қажап.
Әйнектің арғы жағы – әдемі өмір,
Бергі жағы – боз тұман, алабажақ.

Бірді білмей өтерміз, бірді біліп,
Көкжиек жоқ қарсы алар Күнді күліп.
Момын қала едің ғой мен сияқты,
 Мінезің де барады мың құбылып. / Өлеңді жазған: Асылзат Арыстанбек
2011-03-08 /



Бөлісу: