Асыл тастар
блог
Асыл тастар
Баяғыда, ескііііі, көмескііі заманның бірінде, қыстың ызғарлы күнінде, жел ысқырған, ай тығылған түнінде, қисайған емен ағашының түбінде, бір қарт өмір сүріпті. Таңның атысы, күннің батысы даладан кірмейтін, қар күреп, орман тазалап шекпені кірлейтін, тынымсыз тірлік етіп шаршауды білмейтін еңбекқор екен. Қолынан келмейтіні, ісінің өнбейтіні жоқ. Барлық аң-құс, өсімдіктің тілін біліпті. Ормандағы жан-жануар осы кісіден сақ жүріпті. Қарттың талантына сөз жетпейді екен. Орман маңындағы кісілер ғайыптан пайда болған қарттың сұстылау түріне қарап өз беттерінше оған «Бежей» деп ат қойыпты. Бежейдің қайсы күні бұл маңға келгенін бірде-бір адам нақтылап айтып бере алмайды екен. Бежей қарттың орманға тигізген пайдасы орасан зор. Таңның шапағы қылаң бере, үстіне киген ескі тонын тағы бір қысыңқырап орап алып, өз ісіне кіріседі. Оның ең бірінші міндеті - орман тазалығын сақтау. Ормандағы бүкіл қоқысты тазалап, ондағы бүлдірген аңдарды ұстап алып, жазалап отырады екен. Тазалық сақтамағандарды аяқтарын аспанға қаратып таңға дейін қалдырады. Осыдан соң жануарлар орман ішінде өте таза жүретін болыпты. Қоян, қасқыр, жолбарыс, жылан, қарға, үкі, аю, тіпті бақаға дейін тәртіп бойынша жүреді екен. Бежейдің тазалық сақтаудағы бірінші себебі - маңайдағыларды ұқыптылыққа үйрету болса, ең үлкен себебі - таза болмаған жерден қарт өзіне керекті дүниелерді аңғара алмай қалуы мүмкін. Мысалы, жиек-жиекте жасырынып тұратын түрлі-түсті тастар орман таза болғанда күн көзіне шағылысып жылтырап жатады. Осылай шебер өзіне керекті заттарды оңай көреді. Дегендей, тазалық тәртібіне түлкі ғана бағына алмапты. Ағаш бұталарын таспен ұрып сындырып, оларды майдалап ойнағанды жақсы көретін түлкі қанша рет жазаланды, ең соңғы жазасы Бежей қарт оны суы тола бөшкеге салып жарты тәулік отырғызып қояды. Соған ашуланған түлкі қартқа тісін қайрап, әрі «жолдастарының» алдында күлкі болғаны үшін ренжіп кек алуды ойлайды...
***
Бежей қарттың бел шешіп, еркін тыныстайтын кезі айдың толған, қып-қызыл боп қуарған уақыты. Осындай уақытта қарт бір ай бойы өзен жағасынан, орманнан, таудың иектерінен жинаған түрлі тастарын ысқылап, үгітіп асыл бұйымдар жасайды екен. Түнгі тіршілікте көз майын тауысып, ұйқымен алысып отырып жасаған бұйымдары көрер көзге тойғысыз, жанардағы жасты алатын құдіретті екен. Бір түнде бірнеше бұйымдар жасап, арайлап таң атқанда оларды қапшыққа салып, тауға қарай аттанып кетеді. Таудың арғы бетінде, жердің екінші шетінде бүкіл адамзатқа белгісіз сұлулық сарайы бар. Ол сарайдың иелері - көркіне көз тоймайтын, көздерінде нұр ойнайтын, еріндері раушан гүлдей алқызыл, шаштары жұпар аңқитын, терілері нәп-нәзік үлбіреген, көздерінің қарашығы қараған адамды соқыр ететін отты, жамандық атаулыны білмейтін сұлулық перизаттары екен. Бірнеше қашықтықтан тұрып қапшықтың аузын айқара ашып таудың келесі бетіне шашып жіберетін қарт, сұлулардың үркіп кетпеуін қадағалап, өзін көрсетпей кетіп қалады.Асыл бұйымдарды жаны сүйетін сұлулық сарайының иелері мөлтілдеген тастарды көргенде шын шаттанып, әуендете жүре, оларды біртіндеп жинайды екен.Тауға жаңғырық салып айтқан әндері адамзаттың бүкіл қиыншылығы мен қайғысын ұмыттырып, көңілге сергектік орнатады. Жан тебірентер сырлы саз, әсем әуен, мұңсыз музыка, үмітті үн - күллі тіршілік әлемінде адамзаттың сансыз сағынышын, өмірге өкпесін, қиын қайғысын, жаралы жүрегін, лайықсыз лағнеттерін, керексіз күншілдіктерін, іріген іштарлықтарын ұмыттыратындай, емдеп жазатындай. Бір сәт естен тандырарлық күнәсіз әлемге жетелейтіндей. Қатқан шерді шыжыған майдай ерітіп, жүрекке толған қыруар қасіреттің көзін жойып, орнын сабыр мекеніне айналдыратындай құдіретті еді. Оларға мұндай қасиет, тастардың көз тоймас мөлдірлігінен туатын қуаттан келеді екен.
***
Соңынан аңдып жүріп қарттың қайда баратынын, не істейтінін біліп алған түлкі біраз уақыт перизаттардың әнін, таудың бір тасасында тыңдап жүрді. Кейінгі кезекте ойына арамдық келіп сұлу қыздардың арасында жүріп, сайран салуды ойлады. Содан түлкі бірде қарттың тастарды тастап кеткен кезін тосып тұрады да, теруге келген перизаттардың алдынан шығып, олардың сұлу жүздеріне бетпе-бет қарап сұлулықтарын тамашалағысы келді. Содан сыңғырлап қатарласып күліп келе жатқан қыздарды үркітіп, алдынан жүгіріп шығады. Қатты қорқыныштан, әрі мынандай мақұлықты өмірінде көрмеген қыздар жан-жаққа тарап ғайып болады. Сол сәттен бастап ол жердегі қыздар басқа жаққа көшіп кетіпті. Өзінің асыл тастан жасалған тағын қия алмаған перизаттардың бикесі бірнеше күн патшалығынан шықпай, аза тұтып жатып қалыпты. Содан құса болып қатты күңіренген көрінеді. Сол күңіренген үн тауда жаңғырық болып сақталып, әр ай толған кезде ащы зар болып шығады екен. Әлгі дауыстың ащылығы бүткіл адамзаттың қайғысын есіне салып, сәтсіз жайларды ойға түсіріп қынжылтады. Сол кезден бастап адамдар өткен іске өкініп, қатты қамығуды бастапты. Бұл іске ренжіген қарт Барсакелмеске аттанып кетеді. Осы күнге дейін айдың барлық беті әппәқ болып тұратын, осыдан соң жартысы қараңғыланып кетіпті. Адамзат баласы – жағдайды жүрекке жақын алуды, қимастық сезіммен қайғыруды, аза тұтуды, кек сақтауды, жігерсіздікті, тым ұсақ уайымшылдық пен нәзіктікті - сұлулық сарайының соңғы перизатынан үйреніпті. Орман да баяғы қалпынан айнып, құстар мен аңдар бөлініп кетіпті. Өсімдіктер гүлдерден бөлек суғарылып, аңдар бір-біріне әлімжеттік жасап, адамдардың еңселері түсіп жүруді шығарыпты. Кез-келген жерде күл-қоқыс жата беретін болыпты.
Баяғыда орман тазалығын күзетіп жүретін Бежей қартты ел ұмытып та кетіпті...
сурет http://poludragotsenny-e-kamni-dlya-vodoleev.praziolit.ru/