"Асықсаң да зиян..."

«Асықсаң да зиян, кешіксең де зиян» (А.Байтұрсынов)

    Алдымызға тек оқуды мақсат тұтсақ та, ойын-сауықты қалт жібермейтін мына біз тура әдебиет жырларындағы тынымсыз да, көңілсүйгіш тиіннің кебін киіп жүргендейміз. «Өмір» атты кітабымыздағы ең қалың парақтар студенттік кезге арналса керек. Көп адамдардың заманның өзгергенін желеу етіп, өзінше құрған жаңа әлемдеріне мен теріс көзбен қарар едім. Бұған мысал ретінде, жылдар бойы архивте сақталған көне кітаптарды айтсам болады. Олардың мұқабасы мен парақтары ескіргенімен, ішіндегі жазуларды баспадан қайта жаңартып шығаруға болады. Заман тап солай. Адамдар, олардың түр-сипаттары мен тұрмысы өзгерсе де, табиғи болмысы ғасырлар кірпішінде мәңгі қаланып тұрмақ. Біздің де әупірімі көп қайталанбас студенттік жылдарымыз Әзілхан ата шығармасындағы «махаббаты мен қызығы мол» ғұмырмен ұқсас келеді. Қызға деген кіршіксіз көзқарасын байқата алмай, бар ойлағаны сүйгені болса да, ілім жолынан таянып қалмай, көзге түсіп жүрген ауыл баласының ақ ниетті аңғал көңілі, бақытқа орай, ешқандай да заманауилықты талап етпейді. Осындай өтпелі кезеңдерді өткеріп жүрген жанның бірі болғандықтан, бұл жастық дәуір көз алдымда да, парақ бетінде де жаңғыра бермек.

    Аптаның ауыр күні мазамды қашырып, сабақтан кеш шықтым. Алматының қалыпты кептелісі автобуста түрегеп тұруға шыдас бермей, ашуға бой алдырдым. Әрең дегенде жетіп, автобустан бұлданып түсіп үй ауласына қарай келе жатыр едім... Кенет, кішкентай қыз шыға келіп: «Кешіріңіз, мына сөзді апай беріп еді, авторын тауып келіңдер деп, айтып жібересіз бе?» деді де, дәптеріндегі «Отан үшін отқа түс күймейсің» деген сөзді көрсетті. Қызу үстінде келе жатқан мен, жауап бере алмай абыржып қалдым да: «Білмеймін, жаным» деп кетіп қалдым. Үйге кіргенім сол-ақ еді, есіме сарт түсіп, әлгі жауабымнан қатты ұялдым. Мектеп жасымнан жатқа білетін Бауыржан Момышұлының нақыл сөздерінің ішіндегі ең кемел сөзін, ағаның сөзі екенін ұмытып қалғаным жаныма батып кетті.

    Студент деген осы-ау... Ойымыз сан-сақта жүріп, бүгін бір нәрсе білсек, ертеңгісін естен шығарып жүреміз. Бұл жауапсыздыққа айта берсең себеп көп, ең бірінші – ғаламтор кінәлі дейміз. Дегенмен, одан арылу жолдарын қарастырып, шешімдерін табу аға-буындарды «тар жолда тайғақ кештіретіні» рас. Бізде журналистика факультетінде «БАҚ-тағы өнер және мәдениет» сабағынан дәріс беретін Рима апай осы мәселе хақында бір ой салған. Ол – қала көшелеріндегі әрбір аялдамаға дана жазушылардың, ғалымдардың, ақындардың, сонау жылдары өмір сүрген билердің, жыраулардың ұлы да өткір, жайсаң әрі жаншып алатын сөздерін іліп қою. Бұл жайында ойлансақ, қазір аялдамаларда, жарнама тақтайшаларында орыс тілінен тікелей аударылған, оқысаң көзіңе жас келетін шала қазақша жарнамалар ілініп тұрады. «Аш болсаң өзіңе ұқсамайсың» дегеннен гөрі «Ас – адамның арқауы» дегенді оқыған адам әрі астың қадірлі екенін, әрі денсаулыққа негізделіп тұрған сөз екенін ұғады. Ой-толғамы мен қимыл-әрекеті де қазақша жүзеге асады. Бір көшенің бойында 15-20, тіптен 20-25-ке дейін аялдамалар бар. Мәселен, Төле би көшесіндегі әр аялдамаға оның құнды өсиеттерін, Момышұлы көшесіндегі аялдамалардың әрқайсысына оның нақыл сөздерін іліп қойса еліміздің әдеби өркендеуіне бірден-бір септігін тигізбей ме?! Оларды кез-келген жанның жаттап, ұрандап жүрмесіне кім кепіл?! Жұмысқа, оқуға асығып немесе жайбарақат келе жатқан кісі Ахмет Байтұрсынұлы ағамыздың «Асықсаң да зиян, кешіксең де зиян» деген сөзін оқып, өзін дұрыстауға бел буады. Әрине, барлық көшелер ақын-жазушылардың есіміне берілмеген, мәселен Қаныш Сәтпаев, Желтоқсан, т.б. көшелер. Ол көшелердің аялдамаларына аталы сөз ілмесе де, қазақтың исі аңқып тұратын сөз жазса немесе ұмыт болып бара жатқан төл сөздерімізді қайта жаңғырту мақсатында мағынасымен, мысалымен жазып қоюға болады. Бас қала Астанада автобус күтіп тұрсаңыз, «Астана – мой любимый город», «Астана – әсем қала», «Асқақтай бер, Астана» сынды сөздерден көз ашпайсыз. Олардың орнына ауыз әдебиетіндегі мұра сөздер жазылып тұрса, орыстанған тұрғындардың тамағына бабалардан қалған асыл майды тамызады емес пе?! БАҚ-тағы өнер және мәдениет сабағында осындай қолданыстан шығып қалған, мес, ысқат, шүкейт, ақтабы, зауал т.б. секілді сөздердің мағыналарын аңғарамыз, білеміз, ұғынамыз. Дегенмен, оқығаның есіңде үнемі сақталу үшін көз алдында күн сайын көрінгені абзал. Келешектің кемел болуы үшін түймедей заттың өзіне шынайы көзбен қарау керек деп ойлаймын.

Сурет: automir.dp.ua



Бөлісу: