"Асығыңыз алшысынан түссін!"...

"Асығыңыз  алшысынан  түссін!"...
жеке
блог

            Таяуда      республикалық     ғылыми-танымдық, көпшілік «Гүлстан» журналы     мен «Гүлзар»     қоғамдық бірлестігінің     бастамасымен    Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Нұрым    ауылының    Нұрым   орта    мектебінде   алғаш    рет «Алтын сақа-2011»   атты   сайыс өткізілді.


            Басши ауылдық округінің   3    мектебінің     оқушыларын     бірлестіріп      ұйымдастырылған          бұл    байқаудың   басты мақсаты:  балаларды  ауызбіршілікке  шақыратын,   озаттық   қабілетке    жетелейтін    ежелден    келе  жатқан ұлттық спорт ойынын насихаттау.

           Дүбірлі доданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторы, «Гүлстан» журналының бас       редакторы     Гөзел     Құлжабаева     аталмыш байқаудың       келешекте    дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетіндігін тілге тиек ете келіп:


           Кез келген мемлекет ең әуелі ұлттық салт-дәстүрі мен ұлттық ойындарын ұлықтауы тиіс. Ата-бабамыздан бүгінгі күнге мирас болып жеткен ұлттық спорт түрлерін біз қастерлемесек, біз ойнамасақ, оны ешкім қажет қылмайды. «Кезінде «асық ойнаған-азар» дейтін еді, ал, қазіргі танда ол олай емес… Балаларымыз шетелдің шығарған қан-төгіс ойындарын ойнағанша, адамның денсаулығына зор пайдасын тигізетін асық ойынын ойнағаны артық. Ойын адамды асықтың ұшу траекториясын көзбен өлшеп, сызу арқылы математикаға баулиды.    Жеңімпаздарға   балаларымыз   табиғат жанашырлары     болғандықтан    гүл     түбектерін      және      асықтар     сыйлауды      жөн     көрдік,    сонымен     қатар, бас    жүлдеге   «Асығыңыз алшысынан түссін»   атты    ауыспалы       кубогын    ұсынбақпыз.

             Кубок алған мектеп кезекті сайысты ұйымдастырады, ал «Гүлстан» журналы демеушілік етеді. Барлықтарыңызға айтарым: «Асықтарыңыз алшысынан түссін!..» – деді.

             Байқауда    құралайды    көзге ататын     мергендер   «Асық ату», «Табан», және «Шик» жарыстарында   сақа иіріп, көн қақты.  Ойын барысында   Аралтөбе орта мектебі оқушыларының дайындықтары өте жақсы жүргізілгені бірден байқалды. Тартысқа      толы сайыс қорытындысында марапаттау       салтанаты өткізіліп, «Асығыңыз алшысынан түссін»     ауыспалы кубогы сайыста оқ бойы озық шығып, бірінші орынға ие болған    Аралтөбе     орта мектебінің    оқушыларына табысталды.

         Екінші орынды Райымбек атындағы орта мектебі оқушылары, ал үшінші орынды қонақтарға жол берген Нұрым орта мектебінің оқушылары иеленді. Сонымен қатар, жекелеген ойыншылардан Нұрымжан Ерсін топ бастаса, Айсалық Абылай жеңіс тұғырының 2-сатысына   табан тіреп,  Еркінбек   Ернұр   3-орынды жеңіп алды.

        Барлық балалар бағалы сыйлықтармен марапатталып, қоржындарын асыққа толтырып қайтты.    Сайыс соңында, Аралтөбе орта мектебі кезекті байқауды 2012 жылдың    Наурыз мейрамына         орай   ұйымдастыратын   болып   келісілді.

         Шараның екінші бөлімі «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлесітігінің арнайы жасап апарған   құс ұяларын оқушылардың орнаттыруымен жалғасты.


      Басты мақсат – мектеп оқушыларын табиғатты сүюге, аң-құстарды көздің қарашығындай сақтап, оларға қамқорлық  көрсетуге баулу.

          Балалар ұйымшылдықпен мектеп ауласындағы ағаштарға ұяларды орнатты.


         Қорытындысында    оқушылар   мен   мұғалімдер   Гөзел   апайға шексіз   алғыстарын   білдірді.


          P.S.   Асық – қазақ халқының сонау ертеден келе жатқан дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі. Ертеде қазақтың ұлы да, қызы да қызығып ойнайтын ойындарының бірі осы асық болған.Тіпті, дүниеге бала келмей жатып, жас нәрестеге арнап әже-аталарымыз асық жинаған.

          Қазіргі таңда ғылыми техникалық прогресстің қарқынды дамуы, қоршаған ортаның ластануымен қатар ұлттық дәстүрлі ойындардың ұмыт болып қалып қалу қаупін төндіруде. Еліміздің жастары бос уақыттарын теледидар мен ойын сауық орталықтарында өткізіп, шетелдің шығарған ойындарын қызық көріп, өзіміздің ұлттық ойындарымызға мән бермейтіні жасырын емес.

            Тәрбиелік мәні зор асық ойыны балаларды ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Сонымен қатар, баланың ақылдығын, ойлау қабілетін, жетілдіреді. Бірнеше адам ойнайтын асық ойыны жас баланың    топтан     бірінші болып суырылып шығуын,      топпен жұмыс істеу қабілеттілігін арттырады.

             Табиғатты, жан-жануарларды, оның ішінде, құстарды қорғау бағытындағы іс-шаралар тек бір күнмен шектеліп қалмайтыны анық.  Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде осындай игі шаралар келешекте өз жалғасын таппақ.
                  Асығыңыз, алшысынан түссін, ағайын!

                                                                                                                                                    Назира  БУРХАНОВА