АСТАНАЛЫҚ ЖАСТАР ОТЫРАР ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ
жеке
блог
блог
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің белсенді студенттері Отырар ауданында болып, тарихи жерлермен танысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Менің елім» тарихи өлке танымдық жобасы бойынша «Қазыналы Оңтүстік» сапарын Түркістан қаласынан бастаған жастарды аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рыскелді Әліш бастаған ауданның белсенді жастар тобы Арыстанбаб кесенесінен күтіп алып, студенттерді киелі Отырар жерінің тарихымен таныстырды.
Республикамыздағы ЖОО-дағы білім алушылар арасында еліміздің көрікті жерлерін, тарихи мұрасын дәріптей отырып патриоттық тәрбиесін нығайту мақсатында ұйымдастырлған саяхатта белсенді жастар Арыстанбаб кесенесіне зиярат жасап, «Отырартөбеде» орналасқан ашық аспан астындағы мұражайды тамашалады.
Рухани ақпаратпен сусындаған студенттер «Руханият-Әбу-Нәсір Әл-Фараби» музейінде аудан тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлермен де танысты. Отырар ауданының тарихына қаныққан жастар алған әсерлерімен бөліссе, университет түлегі, айтыскер ақын Нұрқанат Берікұлы аудан басшылығына жыр шашуымен алғыс білдірді. Естелікке суретке түскен студенттер Отырар-Шымкент бағыты бойынша Шымкент қаласына жолға шықты. Белсенді жастардың айтуынша, алдағы уақытта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері еліміздің барлық өңірлерін аралап, тарихи жерлерін тамашалап, эстафетаны басқа ЖОО тапсырмақ.