Астана: Менің көзіммен
блог
Кішкентай кезімде қалада тұрғым келетін. Шалғайдағы ауылдан шықпаған бала үшін, аудан орталығына барудың өзі үлкен қуаныш еді ғой :) Кейін ата-анам «егер жақсы оқысаң, Астанаға барамыз!» деп мотивация берді. Әрине, бала кезімізде қыдырсақ болды, соған мәз болатынмын) Сабағым да, тәртібім де жақсы болды. Кейін 2006 жылы папаммен Астанаға келдік. Сабағымды жақсы оқығаным үшін емес, басқа себеппен ;) Мен алғаш көрген кездегі жас қала мен қазіргі Астананы мүлдем салыстыруға келмейді. Астана жыл сайын, тіпті ай сайын гүлденіп, зәулім ғимараттар саны күн санап артып келеді. Әлі есімде, №28 бағыттағы автобуспен Бәйтерекке барғанда, айналасында ештеңе жоқ болатын. Халқы да аз еді. Қазір, Аллаға шүкір, жүрген жердің бәрінде «кептеліс» бар :) Жас бала көрген жас қала бүгінде елдің ордасы – Астана!
Астана – мүмкіндіктер қаласы
Мектепті де осында оқып, «қалалық» болып жүргеніме де біраз болды. Негізі ауылдың қызымын. Бұл жақта жас демей, кәрі демей бәрі бірдей еңбек етеді. Тіпті, мектептегі оқушыларға да әртүрлі жұмыстар қарастырылған. Бір жағынан өзіңді айлықпен қамтамасыз етсең, екінші жағынан білім қорыңды кеңейтесің. Қалай дейсіз ғой? Астанада «Атамекен» Қазақстан картасы этно-мемориалдық кешені бар. Мұнда республикамыздың 14 обылысы және 2 негізгі қала: Астана және Алматы қалаларының макеттері кішірейтіліп орналастырылған. Әр жылдың наурыз айынан бастап оқушыларды тест арқылы қабылдайды. 2010 жылы мектептен 4 оқушы қатысып, 3 қыз бірге жұмыс істедік. Ата-анам ауылда болғандықтан, мен қалада әжемнің қолында болдым. «Экскурсавод болдым» деп сүйіншілеген кездегі ата-анамның қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Астанада бәрі қымбат болғанымен, екі қолға бір күрек табылатын қала. Яғни, жұмыс істеймін деген адамға "жұмыс" , үй іздегенге «үй» ешқандай кедергісіз табылады. Тек қана «алма піс , аузыма түс» деп жатпай, еңбектенсеңіз болғаны, далада қалмайсыз. Бір ғана мысал ретінде айтайын. Менімен қатарлас, құрдас Жадыра дейтін қыз бар. Ол Өзбекстанда туылып, 7-сыныбында Қазақтың елордасы Астанаға көшіп келген. Көп балалы отбасынан шыққан бала өзінен алдыңғы әпкелерімен бірге 7-сыныбынан бастап жеке бір кішкентай дүңгіршекте жұмыс істеген. Арадан бірнеше жыл өткеннен кейін Жадыра өз жолын кішкентай кезінен айналысқан кәсібінен тауып, бүгінде білдей бір салон иесі және студенттердің сүйікті ұстазы, білікті маман атанып отыр.
Астана - халықтар достастығының символы
Оқудан үйге келе жатқанда автобуста күн сайын шет ел азаматтарын кездестіремін. Көбісі Назарбаев университетінің студенттері. Бұл университетке әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер жиналған. Жалпы, тек Назарбаев университетінде емес, еліміздің кез-келген университетінде шет елдіктерге білім алу ыңғайлы. Айтпағым, Қазақстан ешқандай елді «сен мынандайсың!» деп, көкірегінен итерген емес. Ұдайы достастықта, ізгі ниетпен өзіне келген студентті қабылдап, ақ батамен шығарып сала алады. Оған өзім оқитын университеттегі шет елдік студенттер куә ;)
Астана – чемпиондар қаласы
Әлемдегі ең жас астаналардың қатарына кіретін Астанамызда талай рет рекордтар жаңартылды (қысқы спорт түрінен), Азияда алауын жағып, байрағымызды биікке көтердік. Кеше ғана осы "Алау" мұз айдынында коньки тебуден Әлем чемпионаты өтті. Өкінішке орай, бұл жолы Қазақстан 4-ші орынды алып қалды. Бұл - соңғы сәтсіздік деп ойлаймын.
Еліміздегі матчтардың басым бөлігі қаламыздағы «Астана-Арена» стадионында өтеді. Себебі, оның ауқымы кең,әрі жас, көрермендер мен футболистерге ыңғайлы. Қазақстанның кезекті суперкубогы да осы "Астана-Аренада" өтті. Бәріңізге белгілі, бұл мачта "Астана" жеңіске жетіп, кубогқа ие болған болатын.
Астана — болашақтың қаласы
Қазір Астана десе ЭКСПО, ЭКСПО десе Астана еске түседі. 2 жылдан бері екеуі егіз ұғым іспетті. Қазақстан «ЭКСПО – 2017» көрмесін жеңіп алғалы, Астанада тынымсыз дайындықтар жүріп жатыр. Мамандар бұл көрмеге босқа шығындалып жатырмыз деу бекер дейді. Көрме өтіп болғаннан соң, шығынды еселеп қайтарып алатынымызға көздері жетіп отыр.
Өзім Астананы ЭКСПО-сыз-ақ гүлдене береді дегенге сенемін. Себебі, жас қала әрі қарай дамуы керек. Бірақ, оң жағалау мен сол жағалауға бірдей назар аударылса өте керемет болушы еді! Болашақта Астананың туристер қаласына айналуына еш шүбәм жоқ. Қазірдің өзінде жаз мезгілінде шет елден туристер ағылып жатады. Бұл – жастар қаласы. Жоғарыда айтқанымдай, жастарға барлық жағынан жағдай жасалған. Әркімге өз туған жері, өскен өлкесі ыстық. Маған да бұл мекен, бұл орда өте ыстық. Себебі, Астана – болашағымның қаласы!