Астана көктемі

Астана көктемі
жеке
блог

Таңертең поезден түсе сала шын айтсам аязды ауа-райын күттім. Алайда, салқын жел болмаса Астана жылы шыраймен қарсы алды. Бірден басқа қаланың атмосферасы сезілді. Әлде санам басқа қалаға келдің дегеннен бе екен, жан-жағыма қарайлап, қаланы көзбен зерттеуге кірістім.

Астана бізді осындай күңгір, бірақ жылы күнмен қарсы алды

Жалпы Астанада мен бұнымен үшінші рет болдым. Осыған дейін 2002 жылдары 1 ай тұрғаным бар. Ол кезде әлі сол жағалау салынбаған болатын. Республика даңғылы бас көше болып тұрған кез. Ал 2007 жылғы сапарымда бас құрылыстардың бірі Байтерек, Ақ Орда, Пирамида сияқты сарайларды көру бақытына ие болғанмын.

Бұл жолы мені таң қалдырғаны таксистердің көп сұрайтындығы. Мына тұрған жерге 500-800, кейде 1000 тг сұрауы... не слишком жирно-еу? Бұлай болса Астанада таксист болып жақсы-ақ өмір сүруге болады екен ))

Екінші айта кететіні, қызмет көрсетушілердің түнеріп жүруі. Қайда бармасаң да, ешкім жымиып жауап бермейді. Бәрі өзінше, бәріне сол сату, қызмет көрсету міндет сияқты.

Ал, былайынша қала бұрынғыға қарағанда біраз "тірілген". 

Алматыдағыдай сияқты бұл жаққа да Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген адамдар. 5 күн наурызға демалысты ауылдарына тарап кеткен болар, көшелерде адамдар өте сирек.

Астананың түні тыныш өтеді екен. Алайда түнгі қала өте әдемі. Жарқ-жұрқ еткен зәулім үйлер тіптен өзгеше күйге еніп, шетелде жүргендей әсерде қаласың. Былайша айтқанда көздің жауын алады.

Астананың сәні - әлбетте Байтерек емес пе? Символ ойлап табу қиын емес, бірақ оның өміршең болуы кемде-кем. Байтерек - көптеген қазақстандықтар үшін ортақ, ыстық дүние сияқты. Қанша скептикалық көзқараспен қараса да Байтерек осы күнгі Астананың символы болып қала бермек. Мен де көтерілмей, арманымды ойламай, қолымды қоймай кете алмадым.

Орталықтан кетіп бара жатқанымда Астананың күні күлімдеп тұрды. Менің көңілімде де күн күлімдеп, Астанаға жартылай ғашық болып бара жаттым. Бәлкім, мен бұл қаламен ешқашан қауышпаспын, бірақ көптеген жастарға мүмкіндік беріп, кеудесін айқара ашқан қалаға іштей риза болдым.

Әрбір қазаққа салынып жатқан, салынып болған зәулім үйлердің есігі айқара ашылсын демекпін.

Пы.Сы. Блогқұрылтай жайлы ойларымды ертең жазармын.