Астана қаласының көлік жүйесі ASTRA

2011 жылғы сәуірде Астана әкімдігінің қаулысымен қаланың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жанында «Астана LRT» компаниясы құрылды. Қазіргі кезде халық арасында бұл компания ASTRABUS атауымен белгілі. Көлік кәсіпорнының алдында бірнеше міндеттер қойылды, соның ішінде көлік кешенін жаңарту, жаңа технологияларды пайдалана отырып, көлік саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру және бұл инфрақұрылымды басқару. Компанияның бүгінгі күні көлік стратегияны қалыптастыратын қазіргі мен әлеуетті жобаларының саны артуда.

Электрондық ASTRA PLAT жолақы төлеу жүйесі мен үшін ең үлкен қызығушылық туғызды. Сол себепті де бұл жобаның қоғамдық көліктерде іске қосылуын тағатсыздана күтудемін. Банк картасымен қолдануды әдетке айналдырған жолаушылар үшін бұл төлеу жүйесы өте ыңғайлы әрі оңай құрал.

Қарапайым азаматтар үшін электронды ASTRA CARD картасының құны қанша тұрады екен? Жоспар бойынша ешқандай тарифсіз бос карта шамамен 400 теңгеге бағаланады. Осыған қоса, жолаушылар ASTRA CARD картасымен де, қолма-қол ақша арқылы да қоғамдық көлікте есептесе алады. Яғни, есептесудің түрі жолаушының өз еркінде.

Қоғамдық көлікке кіргенде және шыққан кезде картаны электронды құрылғы - валидатордан өткізу керек. Бұл не үшін маңызды деп ойлайтын шығарсыз? Жол ақысы жүрген қашықтыққа байланысты болып табылады. Сондай-ақ, келесі 30 минут аралығында сіз жол ақысын төлемей басқа автобусқа мініп, қалаған жеріңізге жетіп, ақшаңызды үнемдей аласыз. Мысалы, 180 теңгенің орнына 60 минут ішінде автобус ауыстыру арқылы сіздің жолға кеткен шығыныңыз небәрі 90 теңгені құрайды. ASTRA PLAT жүйесі елордамызда биыл іске қосылады.

Алдын- ала ақпарат бойынша, жолақы құны өзгермейді, бірақ әртүрлі жүйелер арқылы есептесу карталары іске қосылады, мысалы:

- Жеңілдетілген номиналды электрондық карта;
- Мектеп оқушыларына арналған электронды карта (50% жеңілдікпен);
- Толтыруға арналған карта (жеңілдіктерімен);
- Туристтерге арналған карта.

Бұл көлік компаниясының халыққа үнемді, пайдалы әрі қызықты жоспарлары өте көп. Мысалы, болашақта олар мектепке баратын оқушыларға арналған арнайы автобус жүйесі мен жеке таксилердің санын азайту мақсатында қалалық аэропорттан бағыттанатын туристерге арналған қоғамдық көліктерді іске қоспақшы. Кез келген жүргізушіге ыңғайлы болатын жүйе - ақылы көлік тұрақтарының да жаңа жобасы жоспарлануда, нәтижесінде көшедегі кептелістің азаюы күтіледі. Жаңа жоба арқылы тұрақта орналасқан ақпараттық электронды тақталардан бос орындарды көріп, уақытыңызды үнемдей аласыз. Аталған инфраструктура барлығы үшін қарапайым және ыңғайлы болуда.

Өз басым, Астананың ызғарлы қысында жаяу жүргіншілерге пана болған жылы аялдама және ASTRA мобильді жобаларына үлкен қызығушылықпен қарадым. Сондықтан болашақта да осындай халыққа пайдалы жобалар санының артуына тілектеспін.



Бөлісу: